Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көрпеге қарай көсілейік

Көрпеге қарай көсілейік

Ескіні еске алмай жаңа жадыңа түспейді. Әлі есімде, бұдан жарты ғасырдай бұрын теміржол вокзалы алдындағы Әйтеке би ескерткіші тұрған стадион жақтағы және аудандық оқушылар үйі алдындағы алаңдар саялы ағашқа толып тұратын. Стадион мен оның жолындағы жіңішке көшені жұрт "Махаббат" көшесі деп атаушы еді. Теміржолдың арғы және бергі бетіндегі мекеме кеңселерінің жанындағы талдар көкке бой созып, су бұрқақтары атқылайтын. Ал қазіргі жағдайды шыны керек, сол кезбен мүлдем салыстыруға келмейді. Көптеген ағаш қурап, солғын тартқан. Айналамыз неге мұндай жағдайға жетті? Оның себебі су тапшылығы десек қателеспейміз. Жақында Сыр бойы газетінде жарық көрген "Сырдария өзені – өлкенің өзегі" атты мақаланы оқып, жүрегім ауырды.
Кеңес үкіметі тараған кезден бастап, мемлекетаралық су көздері, қыста тасып, елді мекендерге қауіп төндірсе, нағыз егінге қажет кезеңде судың жетіспеуі шаруаға әбден қиындық туғызуда. Сырдария – мемлекетаралық транс-шекаралық өзен бастауын өзге елдерден алады. Мәселен, Қырғызстандағы ең ірі су қоймасы Тақтағұлдың сыйымдылығы 19,5 миллиард текше метр.
Одан кейін төменгі ағыстағы Тәжікстандағы Қарақұм су қоймасы 3,8 миллиард текше метр суды ұстап тұр. Өзбекстанның келесі ірі су қоймасы – Әндіжан мен Шарбақта 1,8 миллиард текше метр су жиналады. Ал Қазақстандағы екі облысты қамтамасыз ететін ірі Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5,7 миллиард текше метрді құрайды. Көксарай су реттегіші 1,7 миллиард текше метр көлемінде су жинайды. Көксарайдың атқаратын қызметі жаз айларында Қызылорданың егінін қосымша сумен қамтамасыз ету еді. Ол екі облыс аралығында орналасқандықтан Түркістан облысы да осы суды көкөніс-бақша шаруашылығын дамыту, суармалы егіс көлемін арттыру мақсатында пайдаланып отыр. Алайда өзеннің ең төменгі ағысындағы Қазалы ауданына жіберілу мөлшерінің кемуі су тапшылығын тудырып келеді. Осы мақаланы дайындау барысында бірсыпыра күріш егумен айналысатын шаруашылық басшыларымен хабарласқанымда 2020 жылы көпшілігі судың тапшылығынан күріш алқабы ұшықтанып, межелі нәтижеге жете алмағандықтарын айтты. Сонымен қатар бақша өнімдері де өз дәрежесінде болмаған.
Сарапшылардың мәліметіне жүгінсек, соңғы 60 жылда жер шарында ауызсуды пайдалану 8 есеге өскен. Экологтардың пікірінше, үстіміздегі ғасырдың ортасына қарай жер бетіндегі көптеген ел суды сырттан сатып алатын болады.
"Арал-Сарбұлақ" тораптық су құбырын пайдаланушы Қазалы филиалының директоры Әділхан Ахметовтың, 1993 жылдан "Қосаман-Бердікөл" жерасты суын пайдаланып отырғанымызды жеткізді. Ауданда сыйымдылығы 20 мың текше метрлік су қоймасы бар. Оған қыс айларында тәулігіне 3 мың, ал жазда 11 мың текше метр көлемінде су қабылданады. Жерасты суының бір текше метрінің өзіндік құны 525 теңге болса, жеке тұтынушылар пайдаланған әр текше метр ауызсуға 30 теңге мөлшерінде есептесіп отыр. Қалған 495 теңгесі мемлекеттік субсидия арқылы өтелуде.
Елбасы Н.Назарбаевтың "Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім реформалар, даму" атты Жолдауында: "Мемлекеттік шығындар мен субвенциялар жүйесін қайта қараған жөн. Бүгінде бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде. "Көрпеге қарай көсілу" бұл әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі", – деген болатын. Демек бюджет тайқазанына ожауды салып, жантайып жатып іше беретін уақыт артта қалмақ.
"Судың да сұрауы бар" демекші, қазір тіршілік көзін үнемсіз пайдаланамыз. Аудан орталығындағы мекемелер, тұрғындар, алыстағы ауылдағылар да ауладағы азын-аулақ бақшалық жер мен ағаштарды ауызсумен суаратыны жасырын емес.
Жолым түсіп, Ақтөбе облысының Шалқар ауданында болдым. Байқағаным – көшелерінде аяқсу жүретін арық қазылмаған. Сонда да алаңдардағы ағаштар мен гүлзарды, тұрғындар аулаларындағы бақшасын арнаулы құбырлар арқылы суғарады.
"Түйесі жоқ ауылға, тайлақ атан көрінер" деген бар. Қызыға мұның сырын сұрастырдым. Сөйтсем, жерасты суы "Борсық құмы" деген жерден жеткізіліп, оны шалқарлықтар тек ішуге ғана пайдаланады екен. Жазда көркейту көгалдандыру мақсатына Шалқар көлінен жердің бетімен пластикалық құбырлар арқылы сорғыш насостың көмегімен сүзгіден өткізілген аяқсу таратылады. Тұтынушылар екі түрлі тарифпен есептеседі. Сырттан келген қонақтардың қай-қайсысы да аудан жөніндегі алғашқы пікірін теміржол вокзалы жанындағы көріністен қалыптастырады. Әйтеке би алаңына жылда жас шыбықтар отырғызылып, гүл егіліп оларға автокөлікпен жүздеген тонна су тасылады. Дегенмен түпкі нәтиже көңіл көншітпейді.
Айтпағым – біздің Шалқардағыдай көліміз болмаса да каналдарымыз бен арықтарымыз жетерлік. Сондықтан кезең-кезеңмен пластикалық құбырларды жүргізу қолға алынса, жоғарыдағы аталған орындар қайтадан гүлденері сөзсіз. Бастысы талап пен ниет болса, бітпейтін шаруа жоқ. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша "Қазалы жолаушы" ЖШС басшысы Бекқали Бекбауыловтан үлгі алуға болады. Ол басқарып отырған "Нұршуақ" автобекетінің маңы жаз мезгілінде жасыл желекке малынып, төңірекке тамаша көрініс сыйлайды. Бұл жерге аяқсу арығы жүргізілмеген. Ауызсуды да пайдаланбайтын көрінеді. Бекқали замандасымнан бұның жолын білген едім. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылордадан мамандар шақырып, құны небәрі 150 мың теңгеге бұрғылатып жерасты суын шығарған. Оның бірі 15,5 метрден, екіншісі 17 метр тереңдіктен шыққан екен. Аталмыш тәсілді бірінше кезекте бюджеттік мекемелерде, мектептерде, балабақшаларда енгізген тиімді деп ойлаймын. Себебі нысандардың көбі көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ауызсуды қолданып миллиондаған бюджет қаржысын жұмсап отырғаны белгілі. Қысқасы, ертең сан соғып қалмайтындай әрекетті бүгіннен ойластырмасақ болмайды. Экологиялық апат аймағында өмір сүріп отырған біз үшін атамекенімізді аздырмай, қоршаған ортамызды сауықтыру кезек күттірмейтін міндет.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы-салық саласының ардагері
23 қаңтар 2021 ж. 2 490 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031