Жарық жүректі жылытады, газ көңілді...
Ескіні еске алмай, жаңа жадыңа түспейді. Әлі есімде, бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын аналарымыз, жеңгелеріміз ауызсуды теміржол вокзалы маңынан белдері майысып, иығын ауыртып иінағашқа су толы екі қауғаны үйге әрең жеткізетін.
Электр энергиясы тапшы болатын. Кенттің батыс жағында орналасқан «Энергопоезд» деп аталатын бірнеше вагоннан ток шығарылып, аудан орталығына таратылатын. Аталмыш «Энергопоезд» кейін халықтың сұранасын қанағаттандыра алмай әр көшедегі үйлерге кезекпен жарық беретін болды. Сол тұстары кезекші монтерлардың бағы жанды. Үй иесінің «бергенін» азсынған жағдайда жарықты өшіріп тастайтыны да жадымыздан шыға қойған жоқ.
«Адамдардың көбі бақытты, бірақ бұл жайлы біле бермейді» депті бір данагөй. Еліміз соңғы жылдары жаһандану бағытымен өсіп-өркендеу, жаңғырып-жаңару кезеңдерін бастан өткізуде. Әлемге әйгілі елдердің қатарынан орнықты орын алу мақсатында ұтымды ұмтылыстар жасалуда. Мемлекет басшысының салиқалы саясатын басшылыққа ала отырып, облыс, аудан басшылығы игілікті істерді атқарып жатқанын көріп, біліп отырмыз.
1993 жылы аудан өмірінде естен кетпес үлкен жаңалық болды. «Таза су» бағдарламасы бойынша облыс, аудан басшыларының табандылығы арқасында «Қосаман-Бердікөл» жерасты суы Қазалыға жеткізілді. Ескі аралық 270 шақырымды құрайды. Су құбырының ішкі монтаждау жұмыстарын Самұрат Имандосовтың басшылығымен «РЗА» акционерлік қоғамы жүргізген болатын. Қазір ауызсу мәселесі өңірімізде толығымен шешімін тауып, алыс елді мекендерге дейін рақатымызға пайдаланып отырмыз.
«Арал-Сарбұлақ» тораптық су құбырын пайдаланушы Қазалы филиалының директоры Әділхан Ахметовтың айтуы бойынша, барлығы 14284 абонент су жүйесіне қосылып, тұрақты пайдаланып отыр. Оның ішінде Әйтеке би кентінде 9003, Қазалы қаласында 1523, ауылдарда 3758 тұтынушы бар.
Су тәулік бойы үздіксіз ағып, керегімізше жаратудамыз. Жерасты суының бір текше метрінің өзіндік құны 525 теңге болса, тұтынушылар пайдаланған әр текше метр ауызсуға 30 теңге мөлшерінде есептесіп отыр. Ал қалған 495 теңгесі мемлекеттік субсидия арқылы өтелуде. Облыс бойынша бұл мақсатқа республика бюджетінен 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Абоненттермен есептесу жақсы жолға қойылған. Ол жұмыстарды кентте 9, Қазалы қаласында 2 бақылаушы ауылдарда дәнекерлеуші «слесарлар» өз дәрежесінде атқарып жатыр.
Қазалы аудандық электр торабының басшысы Ерболат Мұқашпен сұқбаттасқанымда аудан бойынша 15966 абонент электр энергиясын пайдаланып отырғанын айтты. Абоненттермен 15 бақылаушы тығыз байланыс орнатқан. Олар электр энергиясын пайдаланушының есептегіштегі соңғы көрсеткішін ай сайын алып «Даулет Энерго» ЖШС төлем орталығына беріп отыр.
Айта кету керек, рақат дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Үйдегі көп жұмыстар қазір электр энергиясының көмегімен атқарылады. Қаламыздың да, даламыздың да көшелеріне жарықшамдар қойылып, адамдарға жақсы жағдай жасалуда.
1919 жылы кенттегі жарықшамдарға 72 миллион теңге болса, 2020 жылы 74 миллион теңге жұмсалған. Өткен жыл ішінде кенттің үлкен үш көшесіне жарықшамдар орнатылып, тұрғындарға қуаныш сыйлады.
Айта берсек атқарылып жатқан игілікті істер жетерлік. Соның бірі – облыс әкімдігі мен «КазТранс Газ аймақ» АҚ арасындағы миморандумға сәйкес 2015 жылдың қазанынан бастап Әйтеке би кентінің тұрғындары көгілдір отын қызметін пайдалана бастады. Баяғыдай тезек басатын, отын шабатын, көмір жағып, күл шығаратын кез келмеске кетті. Ел игілігі үшін жасалып жатқан істің қазіргі жай-күйін білу мақсатында «КазТрансГаз аймақ» АҚ-ның Әйтеке би кенті газ шаруашылығының директоры Нұрлан Бозғұловпен әңгімелесіп екі жағдайға тап келдім. Бірі – қуанарлық, екіншісі – көңілге қаяу саларлық.
Қуанарлығы, бүгінгі күні кентте 24 өндірістік мекеме, 186 коммерциялық нысан және 7149 тұрғын үй табиғи газды тұрмыста пайдалануда. 2020 жыл ішінде 655 үй газ желісіне қосылған. Мұратбаев ауылындағы үйлер газ желісіне біртіндеп қосыла бастады. Сонымен қатар қазынадан тиісті қаржы бөлініп, тарихы тереңнен сыр шертетін Қазалы қаласын да газдандыру жұмыстары басталып кетіпті. Газ құбырының жалпы ұзындығы 58,9 шақырымды құрайды. Келешекте Жалаңтөс батыр, Пірімов одан кейін Басықара ауылдарын да газ желісіне қосу межеде бар көрінеді.
Көңілге қаяу түсергені – 1841 жеке тұлға рақатына пайдаланған игілігі үшін 11 миллион теңгеден астам қарызын төлемей отырғаны. Байқағаным аталмыш мекеменің жұмыс ауқымы көбейіп келе жатқанына қарамастан штат кестесі бастапқы қалпында қалып қойған.
Құдай сақтасын, апаттық жағдайда қалпына келтіру қызметі құрылмаған. Осыдан 5 жыл бұрын берілген 2 дәнекерлеуші қолынан келгенше жұмыстарын атқарып келеді.
Жоғарыдағы көлемді қарыздың жинақталуы борышкерлерді анықтайтын бақылаушылардың аздығынан деуге де болады. Үйлерді аралап үлгермейді.
Осы сұхбат барысында мекеме менеджерімен есептесуге келген бір топ адамға кезігіп қалдым. Айтуларынша, қазір газ бақылаушыларының көбіне үйлерді аралап газ есептегіштегі соңғы көрсеткіш туралы мәлімет жинауы сиреген. Соның салдарынан есептесу барысында бірінің төлегені артық, бірінің төлегені кем шығып жатқан көрінеді.
Меніңше, аталмыш мекеме ескірген тәсілмен жұмыс атқаруда. Тұтынушымен екі ортаға интернет байланыс орнату қажет. Ол үшін газ тұтынушы тұлға мекеме сайтына газ есептегіштегі соңғы көрсеткіш туралы мәліметті ай сайын беру керек. Өз кезегінде газ тарату мекемесі тұтынушының сайтына немесе ұялы телефонына қарызы туралы хабарлама жіберу керек.
Сөз соңында айтарым, игілігімізге пайдаланып отырған су, жарық, газ, тағы басқа қызметтермен уақытылы есептесіп отырайық, ағайын!
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы-салық саласының ардагері