Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжілісмендер мән беретін шаруа көп

Мәжілісмендер мән беретін шаруа көп

Жыл сайын көгілдір экраннан халық қалаулыларының демалысқа жіберілгені хабарланады. Сондайда ауылдағы ағайындар күрмеуі қиын жергілікті мәселелерді талқылап, сұрақтар тізімін жасақтайды. Өйткені бірер күннен кейін сол депутаттар жұртпен жүздесуге келетінін біледі. Биыл да көп күттірмей қалаулылар Қазалыға келіп табан тіреді.
Демалыстарын ел арасында өткізгісі келген депутаттар жұмысын әдеттегідей аудан тынысымен танысудан бастады. Меймандар арасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Балайым Кесебаева, Қазақстан ­Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ Жол» партиясы фракциясының мүшесі Берік Дүйсенбинов, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев болды. Шаруа қожалықтары мен диқаншылар көптеп саналатындықтан Қазалыдағы әуелгі жүздесу Ә.Тыныбаев атындағы Басықара су торабында басталды. Биыл Арал мен Қазалы шаруаларының салын суға кетірген су тапшылығы мен қуаңшылық жайы талқыланды. «РЗА», «Сыр маржаны», «Жалаңтөс» серіктестігінің басшылары аталған қиындықтан туындаған шығындарға баса тоқталып, ең болмағанда Үкімет шаруа адамдарына су тарифтерінен жеңілдік қарастырса деген тілегін білдірді. Жылдар бойы ауылшаруашылық саласында жемісті еңбек етіп келген Қасқырбай Әлімбай дәл осы сәтте егіншілікпен айналысатын еңбек адамдарының басына түскен базынасын жеткізді.
– Үкімет 10 процент субсидия береді деген сеніммен бар мал-мүлкін кепілге қойып, жаңа техника қажеттілігіне байланысты несие алған кісілердің өкініштен өртеніп, тапқан табысы тек несие төлеуге кетіп отыр. Өйткені берілетін субсидия көлемі техника бағасының аталған мөлшеріне жетпей төленген. Яғни үкімет белгілейтін техника бағасы бөлек те, нарықтағы құны тіптен жоғары, – деп тиісті министрлік өкіліне сауал жолдады. Сондай-ақ су тарифіне байланысты қиындықтарды ортаға салып, мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұловтың аталған мәселелерді шешуге білек сыбана атсалысатынына сенім білдірді.
Бұдан соң «Сыр маржаны» серіктестігінің басшысы Мінәжадин Өтеев мал шаруашылығы төңірегінде орын алған олқылықтар жайынан хабар берді. Мұнда да мемлекет тағайындайтын субсидия алуда айтарлықтай кедергі бар.
– Мал азықтық дақылдарын дайындайтын шаруаларға судың 80 проценті судсидиялануы тиіс. Алайда 30 проценттің айналысында төленіп жатыр. Осындайда сөз бен істің алшақтығы жиі көрініп қалатынын несіне жасырайық?! Зиянын ­шаруалар көріп отыр. Су мәселесі де көңілге күп болып тұр. Қуаңшылық салдарынан ет бағасы қымбаттап кетті. Бұл мәселені шешу үшін Қарақұм беткейдегі төрт-түлікті Отгон жаққа апарып, күтіп-баптап көрейік. Жаппай қырылып қалмасы анық. Есесіне ет бағасы арзандайды, малшылар шығынға батпайды. Осындай мәселелерді шешуге шындап кірісуіміз керек. Сіздер жоғары жаққа қиындықтың қалай қояланып кеткенін, шешу жолдарын жеткізуге тиіссіздер. Бұл менің ғана емес, дала еңбеккерлерінің, халықтың сөзі деп біліңіздер, – деді ол.
Ал министрлік өкілдері мұның мәңгілік емес екенін, бір- екі жылдан кейін жағдай қалыпқа келетінін айтып сендірді. Бірақ көпшіліктің көңілінде оты кеткен дала мен қынадай қырылған қора сыртындағы мал қылаң бергені жасырын емес. Десек те ҚР Экология, геология және табиғи ­ресурстар министрлігі су ­ресурстар комитетінің басқарма басшысы Арсен Жақанбаевтың сөзі сенімдірек естілді.
– Қазір өңірге келіп құйылған судың көлемі өткен жылдағыдан сәл ғана аз. Алайда бұл қуаңшылыққа тоқтау болып отырған жоқ. Өздеріңізге белгілі, жақында көрші мемлекеттерден қосымша су қорын алу мәселесі шешілді. Осы тұста Қазақстан келісімшарт бойынша белгіленген мөлшерден екі есеге дейін көп мөлшерде су алып келетінін еске сала кетейін. Тек осы жылы ғана нормаға сәйкес қабылдадық. Негізі Сырдан су алатын төрт мемлекеттің екеуі энергия өндіретіні белгілі. Олар тіршілік нәрін жаз мезгіліне қарағанда қыста көп мөлшерде жібереді. Соны ұстап қалу мәселесін шешу Үкіметтің басты мақсаты болып отыр. Бұл үшін су арналарын бетондау керек екені түсінікті. Өйткені келген судың біраз бөлігі жерастына сіңіп кетеді. Министрлік осы мәселеге шындап кіріскенімен, жоба 7-8 жылсыз бітпейді. Қазір сәл сабыр сақтасаңыздар екен. Себебі биыл шөп болмаса, келер жылы жер несібесі еселенеді. Бұл табиғи цикл, – деп жауап берді.
Бұдан соң шаруалар сұрағына нақты жауап берілмегенін айыптап Парламент мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев қатқыл сөйледі. Жақын арада су болады ма, әлде жоқ па, соны нақты айтуды сұрады.
– Айналайын, бүгежектемей турасын айт! Су бола ма, болмай ма?! Сегіз жыл осы облыста жұмыс істедік қой. Бекер жүргеніміз жоқ. Бұрын шаруадан шу шықса, құзырлылар сол арада тікұшақпен ұшып келетін. Мәселені келесі күні-ақ шешіп тастайтын. Мынадан кейін басқару жүйесінде бір нәрсе дұрыс емес деп ойлаймын. Осы жерге келіп, судың бөлінуін шешпесеңіздер оны кім шешеді? Су қосымша болмайды деп нақты айту керек. Онда шаруалар да биылға басқаша қамданар еді, – деп қатуланды.
Қызу әңгімені аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бөлді. Ол осындай қысылтаяң сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, министрліктен келген өкілдермен ауылдарға сапар аяқталғаннан кейін кездесуді ұсынды. Сол жерде халық қалаулылары, серіктестік иелер мен ұтымды ұсыныстары тізбектеледі. Кейін өңірге шын мәнінде келіп құйылған су мөлшерін өлшеп, тиісті құзырлыларға қосымша су беру мәселесін ұсынады. Басықара су торабы маңынан жиылған жұрт осыған тоқтап, аудандағы басқа да өзекті нысанды аралауға аттанды. Қонақтың бір бөлігі Шәкен, Майлыбас ауылдық округтеріне жол тартса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл, Ғалым Әміреев, Геннадий Шиповских қала мен кент аралығындағы «Рәміздер алаңында» алдағы уақытта салынатын құрылыс нысандарымен танысты.
Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай депутаттарды алдағы уақытта Жалаңтөс батырдың 445 жылдығына орай бой көтеретін еңселі ескерткіш жобасымен таныстырды. Бүгінде рәміздер алаңынан кейін орналасатын рухани орынның айналасы қоршалып, құрылысы басталғалы тұр.
Сондай-ақ, қазіргі таңда 2 қабатты 12 пәтерлі 12 арендалық тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттарының мерзімі аяқталатынын айтып, тез арада қаржы бөлуге ықпал етуді сұрады. Құрылыстың іргетасын қалау үшін алдымен 2,2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінуі тиіс.
Мәжіліс депутаттары Әйтеке би кентінде құрылысы қарқынды жүріп жатқан ­емханаға да барды. Нысан 250 келушіге арналған. Құрылыс жұмыстарын «SCS Инжиниринг» ЖШС жүргізіп жатыр. Серіктестіктің жауапты қызметкерлері емхана құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді.
Бүгінде қос аралықта автомобиль жолын кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба барысында 7 шақырым автомобиль жолын 4 жолаққа дейін кеңейту, 2 темірбетон көпір, 2 су өткізгіш құбырды қайта жаңғырту жүргізілетін болады. Сонымен қатар, әрбір жүру жолағы 3,5 метр және автобус аялдамасына арналған алаң, жол қиылыстарын салу қарастырылған.
Бүгінгі күні заң шығрауға атсалысып, ел жағдайын жақсартуды ойлайтын абыройлы міндетке депутаттар қалай қол жеткізгенін біледі. Содан да болар Қазалы қаласы, Қожабақы, Бозкөл ауылдарына арнайы барып, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады.
Мәселен, Қазалы қаласындағы «Өрімтал» балабақшасын қайта салу қажеттілігі туындап отыр. Көне ғимарат 2012 жылы апаттық жағдайда деп танылған. Қазіргі таңда балабақшаның жоба-сметалық құжаттары әзірленген.
Кездесуде тұрғындар қуаңшылық, жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру, төрт түлік малға қажетті жем-шөп мәселесі қиындық тудырып отырғандығын айтты. Сонымен қатар, екі ауылға жаңа балабақша қажет екендігін жеткізді.
Қожабақы ауылына баратын жолда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қарлаң» қалқымалы көпіріне аяңдады. Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай көктем және қыс мезгілінде халықтың көпірден өтуі қиындап кететінін, сондықтан осы аралықтан тез арада көпір тұрғызу керектігін айтты. Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі «Қарлаң» темір бетон көпірінің жоба-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізілген.
Мұнан кейін депутаттар Әйтеке би кентіндегі көкөніс сақтау қоймасының жағдайымен танысты. «АгроОптСервис» ЖШС-нің сыйымдылығы 500 тонналық көкөніс сақтау қоймасында жеміс сақтайтын екі бөлме тоңазытқышпен қамтылған.
Серіктестік директоры Бекболат Бибалаевтың айтуынша, картоп пен көкөніс өнімдері Ресейден, жеміс-жидектер Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан және Түркия мен Польшадан тасымалданады. Алдағы уақытта азық-түлік тауарларының түрлері көбейтілмек.
Қуаңшылықтың әсерінен жем-шөп дайындауда қиындыққа тап болған елді мекендердің бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойында орналасқан Ақсуат ауылы.
Осыған орай Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева мен Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов Ақсуат ауылының тұрғындарымен кездесіп, Үкімет пен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілетін көмектер туралы сөз қозғады.
Басқосуда қиын кезеңде шаруаларға Үкімет тарапынан көрсетілетін көмек пен субсидиялау туралы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан ­Ахметов айтып берді.
Басқосу барысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы ауданындағы жем-шөп дайындау жұмыстары туралы жоспарларымен бөлісті.
– Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес биыл аудан бойынша мал қыстату науқанына 192 000 тонна шөп және 52 700 тонна жем қажеттілігі анықталды. Ауданға қажетті шөптің 70,4%, ал жемнің 10% ғана өзіміз қамтамасыз ете аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жем-шөптің жетіспейтін бөлігін өзге аудандар және солтүстік өңірлерден алдыруды жоспарлап отырмыз, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Аудан басшысы ақсуаттық ағайындарға кейбір қожалықтардың жерінен тегін шөп орып алуға болатынын жеткізді. Мүмкіндігі болса ауылдың ерікті жастары арнайы топ дайындап, қысқа қажетті шөп орып алса мақұл. Ауыл ақсақалдары мұндай мүмкіндікті тұрғындар қалт жібермеу керектігін айтып, ауызбіршілікпен жұмыс жасауға шақырды.
Сондай-ақ, өздерін толғандырған мәселелер бойынша Балайым Кесебаева мен Берік Дүйсенбинов, Еркебұлан Ахметовке сауал жолданды.
Ақсуат ауылының тұрғындарын жем-шөп мәселесінен бөлек, ауылды газдандыру, ветеринария саласының қызметкерлеріне қолдау көрсету, пластик құтыларды өңдеу, отын тапшылығы және Сырдария өзенінің ауыл тұсына қалқымалы көпір салу жөнінде ұсыныс көтерді.
Сапар соңында мәжілісмендер Қазалы ауданындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелерінің үйіне арнайы барып, жағдайларын біліп қайтты. Айта кетейік, бұған дейін депутаттардың демеушілігімен бірнеше отбасыға азық-түлік жеткізіліп берілген.

Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
10 шілде 2021 ж. 721 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031