Жем-шөп дайындауда ағайынның ауызбіршілігі аса қажет
Қуаңшылықтың әсерінен жем-шөп дайындауда қиындыққа тап болған елді мекендердің бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойында орналасқан Ақсуат ауылы.
Осыған орай Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов Ақсуат ауылының тұрғындарымен де кездесіп, Үкімет пен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілетін көмектер туралы сөз қозғады.
Басқосуда қиын кезеңде шаруаларға Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектер мен субсидиялау туралы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов айтып беріп, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен сұрақтарға жауап берді.
Басқосу барысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы ауданында жем-шөп дайындау жұмыстары туралы жоспарларымен бөлісті.
– Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес биыл аудан бойынша мал қыстату науқанына 192 000 тонна шөп және 52 700 тонна жем қажеттілігі анықталды. Ауданымызға қажетті шөптің 70,4 пайызын, ал жемнің 10 пайызын ғана өзіміз қамтамасыз ете аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жем-шөптің жетіспейтін бөлігін өзге аудандар және солтүстік өңірлерден жеткізу жұмыстары ұйымдастырылатын болады, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Аудан басшысы сонымен қатар, ақсуаттық ағайындарға кейбір қожалықтардың жерінен тегін шөп орып алуға болатынын жеткізді. Мүмкіндігі болса ауылдың ерікті жастарынан арнайы топ дайындап, қысқа қажетті шөп орып алу қажеттігін айтты.
Ауыл ақсақалдары мұндай мүмкіндікті тұрғындар қалт жібермеу керектігін айтып, ауызбіршілікпен жұмыс жасауға шақырды.
Сондай-ақ, өздерін толғандырған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовке сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Ақсуат ауылының тұрғындарын жем-шөп мәселесінен бөлек, ауылды газдандыру, ветеринария саласының қызметкерлеріне қолдау көрсету, пластик құтыларды өңдеу, отын тапшылығы және Сырдария өзенінің ауыл тұсына қалқымалы көпір салу жөнінде ұсыныс көтерді.
Ауыл тұрғындары халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін елді мекенге арнайы келген депутаттарға алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мәжіліс депутаттарының Ақсуат ауылына сапары кезінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков бірге жүрді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат