Депутаттар ел аралап жүр
Жылдағы дәстүрге сай Парламент Мәжілісінің депутаттары ел аралауды бастап кетті. Бүгін өңірдегі қуаңшылыққа байланысты тұрғындардың жағдайымен танысу үшін ауданымызға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Балайым Кесебаева, Ғалым Әміреев, Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских, Берік Дүйсенбиев жұмыс сапарымен арнайы келді.
Негізгі мақсат – алдағы мал қыстату науқанына дайындық барысын пысықтап, жем-шөп қорын дайындау мәселелерін талқылау, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау.
Халық қалаулылары осы мақсатта алдымен Басықара ауылына ат басын бұрып, су тапшылығына байланысты жиын өткізді. Кездесуге егін және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.
Кездесуде Сырдария өзеніндегі су тапшылығымен қатар, еліміздің бірқатар аймақтарында, оның ішінде біздің өңірімізде де қуаңшылық орын алып отырғаны сөз болды. Бұл негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып табылатын шаруалар үшін үлкен мәселе екені айтылды.
Сонымен қатар, «Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев Сырдария өзеніндегі судың аздығы, «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Қасқырбай Әлімбай ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидия, «Рза – Агро» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Имандосов құрғақшылық уақытында су тарифінің қымбаттаған тілге тиек етті.
Мұнан соң Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов шалғайдағы Шәкен ауылы тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдау үшін жолға шықты.
Аудан орталығынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендегі кездесу ауылдық клубта өтті. Басқосуды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, кездесудің негізгі мақсатын түсіндірді. Сондай-ақ, ауылға арнайы келген депутаттар мен сала басшыларын таныстырды.
Басқосуда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзілхан Үмбетов сөз сөйлеп, елдегі ағайынның өзекті мәселелерін тілге тиек етті. Биылғы қуаңшылыққа байланысты мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға жем-шөп сатып алуға көмек көрсетуді сұрады. Ауылға келіп тұрған жем-шөптің бағасы тым қымбат екенін де айтуды ұмытпады. Дәл осындай сауалдарды басқа да ауыл тұрғындары көтерді.
Тұрғындардың сауалдарына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Балайым Кесебаева мен Берік Дүйсенбинов жауап беріп, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Ол үшін ауылдың белсенді азаматтары шаруаларға қажетті жем-шөп мөлшерін нақтылап, ауызбіршілікпен жұмыс жасалуы қажет. Сонымен қатар, кездесуде айтылған әрбір ұсыныс-пікір назардан тыс қалмайтынын да білдірді.
Ал, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев күріш егумен айналысатын кәсіпкерлер атыз басындағы пішенді тегін орып алуға келісім беріп отырғандығын жеткізді. Тек ауызбіршілік танытып, шөп орып алуға деген ниет болса жеткілікті.
Шалғайдағы елді мекенге Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов арнайы келіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Үкімет тарапынан тек қана жем-шөп әкелген автокөліктің шығыны, тасымалы, жанар-жағармайына субсидия төленетінін тілге тиек етті.
Мәжіліс депутаттарының Шәкен ауылына сапары кезінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков бірге жүрді.
"ҚАЗАЛЫ"ақпарат