Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қойдың құны – көптің мұңы

Қойдың құны – көптің мұңы

Қазақтың ақ дастарқанында ас атасы наннан кейін қадірлісі ет десек, қателеспейміз. Сыйлы қонағына бас тартып, табақ-табақ ет аспаса асқазаны жұбанбайтын жұрт бүгінгі күні үнемдеуге көшті. Олай етпей ше, дүкен сөрелеріндегі сиыр, жылқыдан уақ мал деп жүрген қой етінің бағасы кем емес. Құны ыршыған сайын күн көруді қиындата түскен ет бағасын кім бақылайды? Жұрт көңіліне жайсыздық әкелген жайды сараптап көрейік.

Шопанның шаруасы шалқымай тұр
Қой етін көп жейтін елдер рейтингінде 2017 жылы Қазақстан Республикасы бір адамның орташа тұтынуы бойынша 7,9 килограмм көрсеткішімен Австралиядан кейін екінші орынға жайғасқан.
БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда бір жылда нарықтағы баға 40 процентке артқан. Бұл – әлем бойынша рекордтық көрсеткіш. Соңғы айдағы бағаны бағамдасақ, батыс өңірінен бір қойды орташа есеппен 100 мың, оңтүстікте 80 мың теңгеге сатып алуға болады. Қазалы базарын аралап едік, ірі қараның етінен басқасын таппадық. Сатушылар: «Қазір еш жерде қой еті жоқ. Іздемей-ақ қой», – деп шығарып салды. Енді бірі көптен бері қой келмегенін, бір ай бұрын келісін 4000 теңгеге сатқанын айтты. Өйткені бордақыланбаған күйінде алынатын түліктің бағасы өзін ақтамайды-мыс. Мал ақысының бұлай көз көріп, құлақ естімеген деңгейде шарықтауы Мөңке бидің болашақ туралы «Жылқы жұлдыз болады, қой құндыз болады» деген болжамының шындыққа айналуы іспетті.
Түліктің 2 есеге дейін қымбаттауының себебін шаруаның жайын білетіндерден сұраған едік. Қазалыдағы жеке кәсіпкер, «Сәт» мал базарының иесі Шалғынбек Наурызбаев: «Бұрын мұнда күніне 30-40 бас қой әкелінетін. Карантин басталғалы бәрі үйінен, жеке сататын болды. Бағаны да біз қоймаймыз.
Бірақ мұның негізгі екі себебі бар. Алғашқысы – мал өсіруге жайылымдық жердің, судың жетіспеушілігі, жем-шөптің қымбатшылығы. Екіншіден, қазір қой бағатындар аз. Ауылда тұратын ағайынның біразы қиналып, малмен айналысқысы келмейді. Дегенмен, қазір мал бағу түгілі жан бағу да қиындап барады ғой», – дейді.
Ал қызып тұрған қой саудасында жекелеген мал иелері марқа қозыны 35 мың, былтырғы тоқтыны 40-45 мың, ісек қойды 70 мыңға бағалап тұр. Қалтаны қаққан қымбатшылық тұрғындардың шымбайына шын батып отыр. Әрине, өзі мал ұстайтын адам мәселенің мәнін ұғып, бағаның көтерілуін ретсіз деп санамауы мүмкін. Қайткенмен ұсақ малды ауылдан жеткізу мен оны сатылғанша баптаудың шығыны тағы бар.
Мал асырауға қиналған жұрт жапа тармағай малын сатуға асығып жатыр. Бірлік ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының иесі Боранбай Әбдір: «Бұрын қой санын 400 басқа дейін жеткізіп едім. Алайда жем-шөптің қымбатшылығы мен баптап, қарайтын шопан табылмауына байланысты түгел сатып жібердім. Қазір тек ірі қараны көбейтудемін. Өйткені, қойға бөлек күтім керек, қиындығы да көп. Әрі айлық төлеп, келісімшарт жасаймыз десем де, бір шопан табылмады», – дейді.
Сарапшылар жанар-жағармай мен жем-шөптің бағасы арзандамай, малдың да бағасы түспейді деп отыр. Қазалыдағы жем бағасы осы жылы 1500 теңгеден басталып, кейін 1600, 1750, ақырында 1800 теңгеге көтерілген.
Сонымен қатар, соңғы 3-4 жылда өзен-көлдердің тартылуы да малдың берекесін қашырған. Оның ішінде Сырдарияның суы не егінге, не малға бұйырмай отыр. Жердің оты болмай, қар мен жаңбырға жарымаған жұртқа қысқы азықты дайындаудың өзі мұң.

Ет экспорты елге зиян
Мал бағатын адамның жоқтығынан, бәлкім, қой басы азайған шығар деген ой келуі мүмкін. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі бір мәлімдемесінде: «Мал санында кему жоқ, жылдан-жылға ақырын өсіп келеді. Негізі Қазақстандағы жалпы төрт түліктің санын екі есеге өсіруге мүмкіндік бар, біз соны дұрыс пайдалана алмай келе жатырмыз. Мәселен, 2018 жылы ірі қара үш жүз мың басқа көбейіпті. Жылқы 2,5 млн, ұсақ мал (қой-ешкі) 18,7 миллионды құраған», – деген болатын. Жауапты сала мамандарының мәліметінше, бүгінгі күні мемлекетте 8 миллион ірі қара, 2 миллион жылқы және 20 миллион қой бар. Статистика жыл сайын 8 процентке өсіп отыратынын ескерсек, төрт түлік көбейіп келеді. Мал басының артып келе жатқаны – жақсы жаңалық. Дегенмен, санның артқаны бағаны төмендетпейді немесе шаруашылықты шалқытып жібермейді. «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев қымбатшылыққа тірі мал экспортын түрткі санайды.
– Оңтүстіктегі қойдың Өзбекстанға қайта сатыла бастауы – баға өсуінің бір ғана себебі. Қазақстандағы жалпы инфляция тағы бар. Қазір ақшаның құны түсіп, кез келген зат қымбаттап жатыр. Кейінгі уақытта бензиннің де бағасы өсе түсті. Бұл тасымалмен жеткізілетін еттің де құнына әсер етіп отыр, – деді сарапшы.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы министрлігі 2021 жылғы 26 наурызда күшіне енген заң бойынша ұрғашы ірі қара мен уақ мал экспортына алты айға тыйым салған еді. Жалпы Қазақстаннан ет алатындар тізімінде Ресей, Армения, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Украина мен Қырғызстан бар. Ал Қазақстанға ет сататын мемлекеттер арасында Ресей, Украина, Беларусь және Уругвай аталады.
2019 жылы 10 қазанда “Ауыл” партиясының төрағасы Әли Бектаев бір жыл ішінде сыртқа сатылатын ірі қара саны 2 есе, ал уақ мал саны 7 есе өскенін айтқан. Ал оның 80 пайызын Өзбекстан сатып алған. “Олар Қазақстанның шекара аумағында орналасқан Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалы бөлігін іріктеп алып жатыр”, – деген еді сенатор.
Сонымен, 2019 жылы республика бойынша шетелге 53 мың тонна таза ет экспортталған. Бірақ бұл ет импорты жоқ деген сөз емес. ҚР-ның етті қажет ететін кей өңіріне келесі бір аймақтан тасымалдағанша, оны көршілес жатқан елден әкелу арзан түседі екен. Өндірілген ет те жақын елдерге жіберіледі. Бірақ бүтін бір халықтың қажеттілігін өтей алмаса, экспорттаудың не керегі бар? Екі ортадағы теңдік сақталмағандықтан баға өсімі бас көтереді.

Баға бақыланса...
Бағаның қымбаттауы бұлай жалғаса берсе, ет тіске ғана емес, түске де кіруі ғажап емес. Ал ел тұрғындары жақын күндері ет жеуден қалатын шығармыз деп жүр. Өйткені елде азық-түлік пен ет бағасына байланысты тұтынушының азайғаны белгілі. Құрбан айтқа қарай құны көкке өрлеп бара жатқан қойдың бағасына кім жауапты? Бағаны бақылауға алатын ешкім жоқ па?
Ауыл шаруашылығы министрлігі тікелей жауапты болғанымен, етке бағаны өздері қоймайтынын айтып өтті.
– Біз бағаны ұстап тұра алмаймыз. Шаруашылықтардың бағаны көтеруіне екі себеп бар. Алдымен, жанар-жағармайдың құны жоғарылап кетті. Ал екіншіден, жұмысшылардың жалақысы мардымсыз.
Экс-министр Асылжан Мамытбеков бір сұқбатында: «Желге қарсы түкіре алмайсың ғой. Сол секілді нарықтағы бағаны админстративті түрде реттеу мүмкін емес. Бұл – үкімет тарапынан уақытша, бір-екі айға ғана іске асатын шара. Сұраныс пен ұсыныс тоғысқанда бәрібір баға өз орнына келеді. Кеңес кезіндегідей мемлекеттік жоспарға өтсек қана бағаны үкімет белгілеп бере алады. Бірақ оның да өз минустары бар. Таразының бір жағында тауарлар халыққа қолжетімді болғанымен, екінші жағынан, кәсіпкерлік дамымайды», – дейді.
Маңғыстау мен Қызылорда облысындағы қуаңшылық орын алып тұрғаны белгілі. Сумен қатар келген шөптің жоқтығы, малдың қырылуы жұт белгісін білдіргендей. Арал маңында 95 процент жайылым тақырға айналған. Сөзі мен ісінің арасы бірнеше шақырымды құрайтын халықпыз ғой. Облыс бойынша төтенше жағдай жариялануы мүмкін деген сөз сөз күйінде келіп, кеше ғана іске асырылды.
Осындай жағдайдан кейін ел жаппай малын сатуға, тіпті, ауылынан көшуге кірісті. Енді, малдың күн санап қырылуы ет бағасына қалай әсер етпейді? Әлде, биліктегілер бағаның әбден шарықтағанын күтіп, кейіннен төтенше жағдай жариялануы мүмкін деп отырмақ па?
Жақында Үкімет шешімімен жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген несие ретінде сауда жүйелеріне бағаны ұстап тұру үшін 33 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатты 50 миллиардқа көтеру тапсырылды. Бірақ тапсырманың қой етіне қатысы жоқ сынды. Жекелеген адамдардың мал бағасын шарықтатуымен жалпы халықтың жағдайы нашарлап кетпесе деген уайым бар. Жоғарыдағылардың ойынша Қазақстандағы орташа жалақы мөлшері 200 мыңнан асады. Бірақ төрт түлігі қоқыстан қағаз теріп жеп, қырылып жатқан, бір айлық жалақысын азық-түлікке жұмсайтын тұрғындардың ет алуға шамасы жетпейтіні анық. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманда қой таппай қалмасақ болғаны...

Дина БӨКЕБАЙ
26 маусым 2021 ж. 909 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031