Вакцинациялаудың маңызы сөз болды
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен коронавирус індетінің алдын алуға байланысты штаб отырысы өтті. Штаб отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдер мен тиісті мекеме басшыларымен бірге «Зум» бағдарламасы арқылы кент, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастағанымен, қауіпсіздік шараларын естен шығармау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жұқпалы індеттен құтылудың бірден-бір жолы вакцинациялаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.
Штаб отырысында Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақыткүл Әлішева мен Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Айгүл Құлмағанбетова аудандағы вакцинациялау жұмыстары жөнінде хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.
Басқосуда Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеу, Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров, Бірлік ауылдық округінің әкімі Өміртай Өтеп-Әлі, аудандық білім бөлімінің әдіскері Болат Айымқұлов, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов жұқпалы індеттің алдын алу, вакциянациялау жұмыстары туралы айтып берді.
Әрбір сала басшылары мен әкімдерді мұқият тыңдаған аудан басшысы Мұхтар Оразбаев тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын көбейту қажеттігін қатаң ескертті. Әсіресе, жұқпалы індетті жеңу үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет екендігін түсіндірді.
– Халықтың арасындағы алып-қашпа әңгімелерді болдырмау үшін тиісті сала мамандары түсіндірме жұмыстарын күшейту қажет. Адам көп жиналатын жерлерде дыбыс күшейткіш құралы арқылы, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жұқпалы індеттен зияны, одан қорғану жолдары, вакцинациялаудың маңызы жөнінде ақпараттарды көбейту қажет, – деді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат