Ковидке қырағылық қажет
Қазалы ауданында эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, жұқпалы індетті жұқтырғандардың қатары күннен күнге көбейіп барады. Қазіргі таңда 3 тұрғын Қазалы ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде ем қабылдауда.
Бейсенбі күні аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатындағы жедел штаб отырысы өтті. Басқосуға штаб мүшелерімен қатар, аудан прокурорының көмекшісі Айдар Адилов, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш қатысты.
– Қазіргі таңда ауданда «Ковид» инфекциясын жұқтырғандардың саны 47-ге жетті. Соңғы тәулікте 10 жағдай тіркелді. Бұл аудандар арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Әрине жағдай мәз емес. Сондықтан сақтық шараларын қатаңдатуымыз қажет, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Штаб отырысында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабит Сарқұлов, Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева аудандағы эпидемиологиялық ахуал және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мұнан соң ауданда коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында құрылған мониторингтік топтардың жұмысы сөз болды. Отбасылық жиын-тойлардың алдын алу туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дәурен Тілеумбетов, кәсіпкерлік нысандардағы карантин талаптарының сақталуын анықтау жөніндегі жұмыстары туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов, қоғамдық көліктердегі карантин талаптарының сақталуы барысы жайында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша айтып берді.
Хабарламашыларды мұқият тыңдаған аудан басшысы Мұрат Ергешбаев бұл шараларды алдағы уақытта күшейту керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ жұқпалы індеттің адам өміріне төндіретін қаупі туралы мамандар түсіндіру қажеттігін атап өтті.
– Сала мамандары халыққа бұл вирустың қалай жұғатынын, оның алдын алу үшін не істеу керектігін түсіндіру қажет. Себебі көптеген адамдар әлі күнге дейін жайбарақат жүр. Маска тақпайды, әлеуметтік арақашықтықты сақтамайды. Ауырмау үшін дәріханаларда қолжетімді бағадағы дәрі-дәрмектерді сатып алып, иммунитетті нығайту керек. Соның бәрін түсіндіру қажет, – деді.
Сонымен қатар, вирус жұқтырғандардың ішінде мұғалім мен оқушылардың және балабақша қызметкері мен тәрбиеленушілері бары алаңдататынын жеткізді.
– Біз қалай болғанда мектептерді онлайн оқытып, балабақшаларды уақытша жабуымыз қажет. Өйткені бізге өскелең ұрпақтың дені сау болғаны керек. Қазір мектептердің көбісі онлайнға көшкен. Енді балабақшалардың жағдайын тезірек шешуіміз қажет. Бұлай қол қусырып қарап отыруға болмайды, – деді аудан басшысы.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат