Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Келер жылдан не күтеміз?

Келер жылдан не күтеміз?

Қазақта: «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген мағынасы шүкіршілікті аңғартатын тәмсіл бар. Дегенмен 2020 жыл бірнеше онжылдықтағы ауыр күндерге толы кезең болғанына ешкім ­дауласа қоймас. Басқа дамыған елдермен салыстырғанда, адам шығынының минималды көрсеткішімен індетті еңсерген ел үшін бұл да бір жетістік. Қалай болғанда да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайды еңсеруге бағытталған тәсілдерінің арқасында қиындықты еңсеріп, әлемдік дағдарысқа қарамастан экономиканы тұрақтандыру бағытындағы жобаларды іске асыру сәтті жүзеге асырылды. Бұған Ғ.Мұратбаев ауылында мәресіне жетіп, Қазалы қаласында қолға алынған көгілдір отын құрылысын, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың бой көтеруін мысалға алсақ болады. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың сөзіне сенсек, келер жылы да лентасы қиылуы тиіс шаруа бастан асады. Амандық болса, ең алдымен құрылысы ­басталып кеткен жобаларды сәтті аяқтауға күш салынады.
Жер бетінің қайсыбір дамушы ел болмасын алдымен білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау саласының тамырына қан жүгіртуге айрықша күш салады. Өйткені бұқара халық үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастырмай дамудың даңғыл жолына түсу мүмкін емес. Мұны жүзеге асыру бір бөлек те, аталған салаларды дамыту, ғимараттары мен кәсіби құрал-жабдықтарын заманға сай жаңартып, жетілдіріп отыру бөлек шаруа. Бұл тұрғыда тәуелсіздік алғанына енді ғана 30 жыл толатын жас мемлекеттің бүгінге дейін жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Осы мақсаттың ұшқынымен Қазалы ауданында да ауқымды жобалар жасалады. Жыл өткен сайын мұндағы құрылыс қарқыны да, салаларды модернизациялау ісі алға өрлеп келеді. Ал жақында аудан атқамінерлері мен халық қалаулыларының арқасында сиыр жылына 23 құрылыс жобаларын жүзеге асыру үшін 7 млрд 167 млн теңге бөлінгенін естіп, қазалылықтарға қуанышты хабарды жеткізуге асыққанымыз рас. Алайда коронавирус індетінің кесірінен тышқан жылы талай құрылыс қарқын жоғалтқанын еске алсақ, елдің амандығын алдымен тілейтінімізді айтпай кетуге болмас. Ендеше 2021 жылы қомақты қаржыға қандай жұмыстар жүргізілетініне жеке тоқталып өтсек...
Толық аяқталмаған істі аяқтау келер жылдың еншісіндегі тірлік екенін айттық. Енді осы бағытта қазынадан бөлінген қаржының 4 миллардқа жуығы жұмсалады. Өйткені о баста жаңа нысандардың халыққа пайдалануға берілетін уақыты 2021 жылдың бұйырысына жазылған. Мәселен, аудан тұрғындары үшін өзекті мәселе айналған кезек машақатын еңсеру үшін басталған Әйтеке би кентінде ауысымына 250 келушіні бір мезетте қабылдай алатын емхана құрылысының өзіне 1 млрд 945 миллионнан аса ақша бағытталған.
Биыл қалалықтар үшін жыл жағымды жаңалықпен аяқталғанын білесіздер. Былтыр көгілдір отын кереметі алдымен ауылдықтарға бұйырғанда, әлеуметтік желі қолданушылары қаланың тасада қалғанына реніш білдірген. Бірер апта бұрын алғашқы құбырлары жер астына жайғастырылған жоба көп ұзамай аяқталатынына сенім мол. Қаланы газбен толық жабдықтауды аяқтауға 482 миллиондай қаражат жұмсалады. Қазынадан бөлінген қаржының бір ұшы Майдакөл мен Жанқожа батыр елді мекендеріндегі тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу желілерінің құрылысына жетуі тиіс.
Жұрт әңгіме еткен ерекше құрылыс арасында су жаңа Мәдениет үйінің шоқтығы биік. Біраз уақыт бұрын «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев әлеуметтік желіде мәдениетке байланысты жариялаған жазбасында қалдырылған аудан тұрғындарының пікірінен-ақ жұрттың құрылыс аяқталуын қалай күтіп жүргенін аңғаруға болады. Өйткені жаңа мәдениет ошағында есігін айқара ашып, келушілерін күтетін көрермендер залынан бөлек, үстел ойындарына арналған бөлме, мерекелік және салт-дәстүрді насихаттау залы, хор бөлмесі, бейнелеу өнері, кітапхана және оқырман бөлмелері қарастырылғанынан құлағдар бола жүріңіз. Бір қарағанда құрылысы аяқталғандай көрінген нысанға қазынадан бөлінгеннен 100 миллионға жуық қаржы салынса, жан-жақта шашыраған мәдениетпен айналысатын мекемелердің ісі алға баспақ.
Былтыр Әйтеке би кентіндегі көлік жүргізушілерінің жүйкесін жұқартқан жамауға жарымаған жолдардың біразы жаңартылып, қос қабатты асфальт төселді. Бұған қалаған жеріне қара жаяу баратын адамдар өз бөркін аспанға лақтыра қуанған еді. Аудан әкімі жұрт кеуілінде жүрген жол мәселесін шешіп беруге жең түре кіріскенін келер жылғы жоспардан да байқауға болады. Мәселен, қала мен кент арасындағы автомобиль жолын реконструкциялауға жұмысшылар нақты кіріседі. Өйткені тұтас 1 млрд 117,5 млн теңге тек төрт жолақты жолдың жұмысын жандандыруға жұмсалмақ. Мұнымен қоса, жөндеу көруі керек көшеден көші кейін қалған аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Әйтеке би» бағытындағы автомагистраль мен Р.Бағланова көшесінің біраз бөлігін қайта жаңғыртуға да көңіл бөлінген. Енді қазалылықтар Ұлы жолдағы сапарға сәтімен шығатын болады.
Ең бастысы, осыдан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолының кешенді жобасы мәресіне жетпек. Енді тек цивилизацияға жақын аумақтағы ауыл тұрғындары ғана емес, сонау шалғайдағы кәукейлік ағайындар да асфальт жолмен жүйткіп, сүт пісірім уақытта аудан орталығына жете алады. Ол аз десеңіз, әкім «Қарлаң» мен Қожабақы елді мекені, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жолдарды да жөндеп бітіруге уәде берді. Келесі жылдың бюджетінен көпір құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткізуге 80,3 млн теңге қаржы бөлініп қойған. Құжат дайын болса, көп ұзамай көрікті, ең бастысы сапалы көпір бой көтереді.
Басықара мен Абай елді мекеніне апаратын 20 км жолды жөндеуді тәмамдауға облыстық бюджеттен 305 миллионнан аса теңге қаралған. Мұнымен бірге 2021 жылы Қазалы қаласындағы 10 көше қайта жаңғыртудан өтеді. Ашығын айтсақ, көшелер кеңейтіліп, көркі артады. Бұны жауапты мекемелер республикалық бюджет арқылы шешкен.
Айта кету керек, жақсылығымен мерейі тасыған ауданға Мұрат Нәлхожаұлы келгелі түйіткілді мәселелердің түйіні тарқауда. Бұған дейін Қазалыда жұмыссыздар мен баспанаға мұқтаж жандардың қарасы қалың еді. Биылдың өзінде кенттен 4 пәтерлі 10 тұрғын үй жаңадан бой көтерді.
2021 жылы баспана мәселесін шешу үшін жалға берілетін үйлерді сатып алуға 294 миллион теңге қаржы қаралған. Бұған қоса, әкімдік көлемі 60 шаршы метрден кем болмайтын 35 тұрғын үй сатып алуды жоспарлап отыр. Осының арқасында жүзге жуық тұрғын шаңырақты болады.
Келер жылдың еншісіне «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» шеңберінде құны 1 млрд 10,8 млн теңгені құрайтын 4 жобаның қаржысы шешілгенін сүйіншілемеуге болмайды. Неге десеңіз, кенттегі бұрынғы №170 мектептің орнына 250 орындық білім ошағы мен орман шаруашылығы әкімшілігінің ғимараты салынады. Осыдан қалған ақшаға аудандық полиция бөлімінің ғимараты мен Басықара ауылына кіреберіс жердегі темір бетон көпірін қайта жаңғырту көзделіп отыр.
Келер жылы да кент келбетін көріктендіру ісі кемелденеді. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы үшін қазынадан 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұған биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназиясына спорт зал мен «Аймақаш» мөлтек ауданындағы жаңа кварталдарға жол салынады. Қуаныштысы, сол оқушылар үшін керемет сергіту сәтімен тең болған дене шынықтыру пәнін бұрынғыдай сыныпта шахмат пен тоғызқұмалақ тақтасында емес, дене жаттығуларына арналған кең залда өткізетін күн жақын қалды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
31 желтоқсан 2020 ж. 2 332 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930