Баспана салу – басты назарда
Қазіргі таңда Қазалы ауданында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында бірқатар тындырымды тірлік атқарылды. Әсіресе пандемияның бүкіл өндірісті бір мезетте тоқтатып, кәсіпкерлер мен құрылыс жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтіргеніне қарамастан жыл алды жоспарланған жұмыстар өз уақытымен мәресіне жетуде. Соның арқасында аудан экономикасы тұрақты даму үстінде. Биылғы 8 айда аудан бюджеті 42 миллиард 183 миллионнан асып, ауданның өзіндік кірісі 1,5 миллиард теңгеге жеткен. Өйткені аталған уақытта өнеркәсіп кәсіпорындарында 10 миллиард 44 миллион теңгенің өнімі өндірілді. 500-ге жуық жаңа кәсіпкер тіркеліп, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4550-ге жеткен. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Қазалыда кәсіпкерлікті қолдау бұрыннан мықтап қолға алынған. Соның арқасында орталықтың сәні кіріп, аудан экономикасының тамырына қан жүгіруде. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып, өткен жылмен салыстырғанда 105 процентті құраған. Қаңтар айынан бері аудан кәсіпкерлерінің 381 жобасы бойынша жалпы көлемі 1 миллиард 335,6 миллион теңге несие, гранттар бөлінген. Елдегі туризм саласына сүбелі үлес қосып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойынан «Арзан Сити» және «Мирас» кешендері іске қосылып, 2 жанар-жағар май бекеті пайдалануға берілді. Биыл да халықаралық жолдың бойынан жеке кәсіпкер Б.Ерхатов көп салалы қызмет көрсету кешенін салып жатыр. Жоба толық жүзеге асырылған кезде «Қашқан су» көлінің жағасында демалыс орны ашылмақ. Бұл жобаға кәсіпкер 350 миллион теңге қаржы салған.
Республика бойынша ауылшаруашылық саласын дамыту күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналғаны белгілі. Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы осы тұста ауданды ауыл шаруашылығына бейімдеу бағытында кешенді шаралар атқарылғанын тілге тиек етті.
– 8 айда салаға тартылған негізгі инвестиция көлемі 831,5 миллион теңгені құрады. Есепті кезеңде 6 миллиард 383,4 миллион теңгенің өнімі жиналып, 718,6 миллион теңге субсидия төленді. Сондай-ақ биыл 17 675 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары себілді. Оны орналастыру барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән берілді. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда аталған дақылдар көлемі 452 гектарға артты, – деді аудан басшысы. Сонымен бірге Қазалыда төрт түліктің саны артып, экспорттық саясаттың назардан тыс қалмағанын айта кетті.
– Мал басында да өсім бар. Оның басым бөлігі, яғни 68,3 проценті жеке тұлғалар меншігінде. Ал 29 проценті ауылшаруашылық кәсіпорындарында болса, қалғаны шаруа қожалықтарының үлесінде.
Айта кету керек ауданда 34757 жылқы, 10985 түйе, 441221 мүйізді ірі қара және 115894 бас уақ мал тіркелген. Мал санын одан әрі арттыру бағытында «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында 230 миллион теңге несиеге 2 мыңға жуық мал сатып алынды. Жылға жетпейтін уақыт ішінде 1740 тонна ақ күріш пен күріш жармасы, 893,6 тонна балық өнімі экспортталды, – деді М.Нәлхожаұлы.
Аудан орталығындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің бірі екені даусыз. Себебі тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға артып келеді. Аталған қиындықты одан әрі күрделендіріп алмау үшін ауданда 6 қоныстану аймағы игеріліп жатыр. Мұнымен қоса Қазалы қаласындағы 261, Әйтеке би кентіндегі 460 гектар жер учаскелеріне электрмен жабдықтау, ауыз сумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жасалуда. Соның нәтижесінде жақын аралықта 2000-нан астам жер учаскесі ашылып, жеке секторлардың инфрақұрылым тартылған аумаққа тұрғын үй салуға мүмкіндіктері болады.
Ауданда түйіткілді мәселе жоқ деуден аулақпыз. Өйткені бүгінде тұрғын үйге мұқтаж 1000-нан астам адам кезекте тұр. Бірақ әкімдік құрылым осы олқылықты шешуге білек сыбана кіріскен. Содан да болар 19,3 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы салынып, жоспар дәл осы сәтте 121,5 процентке орындалып тұр. Мұнымен шектелмей, жыл соңына дейін 51 мың шаршы метр тұрғын үйді қазалылықтар игілігіне беру жоспарлануда. Осы тұста 2017 жылы Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 90 отбасы қамтылды. Биыл да 18 отбасы баспаналы болды. Тағы 40 отбасыға кенттегі 1 қабатты 4 пәтерлі 10 үйдің құрылысы аяқталған бойда кілті табысталады.
Сонымен қатар Қазалыда 2 қабатты 12 пәтерлік 12 жалдамалы тұрғын үй құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп қойған. Құны 2 миллиард теңгені құрайтын жобаның құжаттары тиісті ведомствоға тапсырылған. Бұл аз десеңіз Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығынан және Қазалы қаласынан 1 қабатты 20 үй салу үшін тиісті қадамдар жасалды.
Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешу керек. Аудандағы барлық ауылға таза ауызсу барып тұрса да, 3 ауылға сервистік желі тартылмаған. Дегенмен бұл да ұмыт болатын күн алыс емес. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында жалпы құны 845,8 мың теңгені құрайтын 17 жоба жүзеге асырылса, соның ішінде ауылға сервистік ауызсу желісін тарту жұмыстары да қаралған. Базынасы Бекарыстан би ауылымен бірдей Жанқожа батыр және Майдакөл ауылдарында құрылыс жұмыстарын бастау үшін жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары мәресіне жеткені күтілуде.
Ауласына ауызсу барған ағайынның көгілдір отыннан да дәмелі екеніне талас жоқ. Биыл Ғ.Мұратбаев ауылында басталған газ құрылысы басқа ауылдармен қатар Қазалы қаласы тұрғындарының да қызығушылығын арттырғаны анық. Осы сәтте кенттегі тұрғын үйлердің 85 проценті газ желісіне қосылғандықтан ендігі кезек ауылдар мен қалаға келіп тіреледі. Осы тұста Қазалы қаласын газдандыру жұмыстарын бастауға аудандық бюджеттен 3,7 миллион теңге бөлініп, сатып алу процедуралары жүріп жатқанын қуана хабарлаймыз. Сонымен қатар Жалаңтөс батыр мен Қашақбай Пірімов ауылдарын газдандыру үшін жоба жасауға 16 миллион теңге бөлініп, жеңімпаз мекеме анықталды. Қазір жоба әзірленуде.
Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, биыл көптен бері шешімін таппай келе жатқан Әйтеке би кентіндегі емхана құрылысын қаржыландыруға қол жетті. Араға көп уақыт салмай ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы басталып кетті. Оған облыстық бюджет 505 миллион теңге бөлген. Одан бөлек, «Жол картасы» бағдарламасы аясында 71,5 миллион теңгеге аудандық емхана мен ауруханаға қарасты жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына жөндеу жұмыстары жасалуда. Бұған қоса 6 дәрігерлік амбулатория мен 7 медициналық пунктке ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде. Өйткені биылға ауыр тиген сырқат медицина қызметкерлерінің дайындығын күшейтіп, ғимарат пен техникалық мүмкіншілікті арттыру керек екенін ұғындырып кетті.
Өткен жылы жұмыссыздық деңгейі ауданда 4,9 процентті құрады. Биыл да жұмыс іздеуші ретінде 2 мыңға жуық тұрғын хабарласып, оның жартысы дерлік жұмысқа орналасты. Ақылы қоғамдық жұмысқа 962, әлеуметтік жұмыс орнына 98, жастар тәжірибесіне 46 адам жіберілді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмаған. 2020 жылдың 8 айында 42 мүгедек жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, он алтысының сұранысы қанағаттандырылған.
Елімізде қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасы қабылданды. Бұл құжат әлеуметтік маңызға ие, халықты еңбекпен қамтуға, жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған. Ауданда «Жол картасы» бойынша 42 жобаны жүзеге асыруға 3 миллиард 11 миллион теңге қаралды. Одан 860 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, бүгінгі күнге дейін жоспар артығымен орындалғаны қуантады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ