Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен жылдың өткір жаңалықтары

Өткен жылдың өткір жаңалықтары

Өткен жыл әлем елдері үшін қиындық пен күреске толы жыл болды десек қателеспейміз. Өйткені жыл басынан бері небір келеңсіз оқиғалар орын алды. Бір ғана коронавирустың таралуы миллиондаған өмірді қыршыннан қиды. Бұдан бөлек бауырлас Әзірбайжан елінде күтпеген жерден соғыс оты тұтанып, мыңдаған адам ажал құшты. Бұған дейін болған оқиғаларды да үздіксіз тізбектеп айта беруге болады. Дегенмен осындай дағдарыста елде, оның ішінде Қазалы ауданында келелі істер кемеліне жетті. Бүгін жыл басынан бері орын алған оқиғалар легіне кезек береміз.

Наурыздағы нәубет
Аудан әкімдігінде Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің арасын қосу бағытында бірнеше жылдан бері жиын өтіп, нақты жобалар жасалуда. Соның алғышарты ретінде жыл басында Жанқожа баба кесенесінен бергі аумаққа инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу басталып кеткен еді. Сонымен бірге жол бойына әлеуметтік маңызды нысандар тұрғызу да жоспарда болған. Соның алғашқысы болып, аудан әкімдігінің қызметкерлері жаңа жылды жаңа ғимаратта бастады. Елге келген қонақтар әлі күнге дейін жаңа мекеме үйі басқа ауданда жоқ екенін таңырқай айтып жүр.
Наурыз айының орта тұсына таман Covid-19-дың әлемдегі ахуалы күрделене түсті. «Қазалы» газетінің 14 наурыз күнгі санында Алматы қаласына Германиядан ұшып келген бірнеше жерлестің коронавирус жұқтырып келгенін жазған едік. Бұл елдегі мыңдаған адамның қазасымен аяқталғанын әлі де ұмыта қойған жоқпыз.
Әрине індет Қазалы ауданын да айналып өтпеді. Алматыда індет жұқтырғандар анықталған күні-ақ аудандағы дәріханаларда медициналық маска тапшылығы байқалады. Келер жұмада жергілікті дәріханаларда бетперде мүлде болмады. Тіпті фармацептердің өзі кезекті тауардың қашан келетінін дөп басып айта алмайтын жағдайда еді. Бұл індет жұқтырып үлгермеген қазалылықтардың көңілін қалай құлазытқаны әлі есімізде. Дегенмен аудан жастары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып наурыздың аяғына таман қолдан медициналық маска тігуге кірісті. Біреуінің бағасы 300-400 теңгеге дейін көтерілді. Бұл әдетте бетпердені тиынға сатып алып жүрген тұрғындардың наразылығын тудырғаны рас. Бірақ шеберлер бағаның қымбаттығын бетперденің бірнеше мәрте пайдалануға жарайтындығымен түсіндірді.

Карантин кезінде...
Төтенше жағдай кезінде жығылғанға жұдырық болған қиындықтардың бірі жалған ақпарат тарату болды. Бұл онсыз да үрей үстінде жүрген жұртты дүкен мен дәріханаларды аралатып жіберді. Сәуірдің соңына таман әлеуметтік мессенджерде «Жанқожа батыр ауылына коронавирус жұқтырған азамат келіп, жұрт үдере көшуде» деген ақпарат тарап, кейін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері негізсіз ақпарат таратқан адамды тауып, жазаға тартты. Сондай-ақ блок-бекеттер орнатылып, оны заңсыз айналып өтпек болғандар да жауапкершілік арқалағаны көптің есінде.
Ал ай ортасында аудандық білім бөлімінің басшысы 6 сәуір мен 22 мамыр аралығында мектеп оқушылары қашықтан оқытуға көшкенін хабарлады. Бұл өзгешелік әлі күнге дейін сақталып келе жатқанын айта кетейік.
Аталған айда мекеме басшылары мен кәсіпкерлер және белсенді жастардан құрылған еріктілер инфекциялық бөлімде жұмыс істеп жүрген ақхалаттылар мен індет кезінде нәпақасынан айырылғандарға көмек қолын созды. Олар медициналық ұйымдарға 29 жатын төсегін, 15 дана қорғаныш комбинизонын табыстады. Бұл аз десеңіз тұрмысы төмен 55 отбасыға азық-түлік үлестіріп, 500 тегін бетперде таратты.

Бойын тіктеген тіршілік
Маусым айында мектеп бітіруші түлектерді аттестациялау, Ұлттық бірыңғай тест өткізу мәселесіне көбірек мән берілді. Өйткені бұл науқан былтырғыдан өзгеше еді. Соған қарамастан ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының Әйтеке би кентіндегі филиал басшысы Бейбіткүл Бердіқалық 527 талапкер тестілеуге қатысатынын мәлімдеді. Бірақ оқушылардың білім деңгейі былтырғы көрсеткіштен төмен болғанын елемеуге болмайды.
Карантин режимі енгізілген уақытта ел Үкіметі қаржы үнемдеу мақсатында көптеген бюджеттік жобаларды кейінге қалдырғанын білеміз. Солай бола тұра тұрғындар үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру, экономиканы дағдарыс жағдайында дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мұндай үрдіс жыл жаңалығына татитын Ғ.Мұратбаев ауылындағы газ құрылысы жұмысының басталуымен жалғасын тапты. Туған жерге туын тіккен қазалылық кәсіпкер Жылқайдар Тәңірбергенов ауылды газдандырудың жоба-сметалық құжатын тегін жасатып, жерлестерінің алғысына бөленген еді. Оны жеңіп алған мердігер маусым айының басында жерге алғаш рет күрек салды. Олар бас-аяғы бес айда жұмыс аяқталатынын айтқанымен олай болмады. Есесіне аудан әкімі М.Нәлхожаұлы әлеуметтік желіде хабарлағандай «Жұмыспен қамтудың 2020-2021» жылдарға арналған Жол картасы аясында 42 жобаны іске асыру қатар басталды. Осының аясында жастардың жалынды жетекшісі есіміндегі ауылда 7 көше асфалтталып, «Ақарық» арнасы тазаланды.
Осы кездері жұртшылықты таңғалдырған, көптеген ер жігіттің бетін қызартқан қайырымдылық жасалды. Қазалылық жас ару кәсіпкерлер Мархаббат Асанова мен Мерей Айекешова төрт балалы жалғызбасты әкеге су жаңа үй салып берді. Әрине мұнда қайырымдылыққа жаны жақын жерлестердің жиған қаржысы үлкен сеп болды. Бірақ көптің қолынан келе бермейтін бастаманы нәзік жандылар соңына дейін жеткізіп, тіпті үй жиһазын алып беруге уәде етті. Бұл ақпарат қазақстандық белді интернет ­ресурстарында көпшіліктің ризашылығын тудырған болатын.

Қатарласа келген қиындық
Маусым айының соңғы бейсенбісінде қазалылықтар тәңсәріден орталық көше жақтан будақтаған қара түтінді көріп жағаларын ұстады. Аудандағы ең ірі базарлардың өртенуі бәрінен бұрын сонда сауда-саттықпен айналысып, нәпақасынан айрылған кәсіпкерлер үшін орны толмас қасіреттей көрінген-ді. Құдай сақтап, адам шығыны болған жоқ. Сөйте тұра өртті айнала қоршаған шарасыз кәсіп иелерінің көз жасына ерік бергеніне жайбарақат қарап тұру мүмкін болмады. Ертесіне аудан басшысы базар адамдарымен кездесті, жағдайды реттеуге күш салатынын айтқан. Нәпақадан айрылған 130 азамат бұдан кейін жазда ыстыққа, қыста салқынға төзіп, күн көруге тура келді. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін тратуар жиегінде кәсібін жүргізіп отыр. Тағы бір жартысы ғимараттар қалпына келтірілген соң бұрынғы орындарынан басқа кәсіп иелерін көріп, әділдік іздеп жүргенін де айту керек. Оқиғаның орын алғанына бес айға жуық уақыт өтсе де өрт салдарын реттеу жұмысы әлі күнге аяқталған жоқ.
Шілденің шіліңгірінде де ­коронавируспен ауырғандар саны айтарлықтай азаймады. Жергілікті билік той-жиын мен марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне індеттің таралуын тоқтату мақсатында тыйым салғанымен, бұған бағынбағандар саны көп болды. Тіпті жаңалықтардан: «Коронавирустан айыққан мұғалім аман-сау қалғаны үшін көршілерін жинап, құдажолы жасаған», – деген репортаждардың да куәсі болдық. Мұны тоқтату үшін аудандық полиция бөлімі 1,5 миллионға, кейбір ауқымды шараларда 5 миллионға дейін айыппұл салуға болатынын алға тартып, үгіт-насихат жүргізгенімен тойды толықтай тоқтата алмады. Бірақ бұрынғыдай 200-300 мейманға дейін қонақ шақырушылар азайғаны көңілге медеу бергені рас.
20 шілдедегі ресми мәліметтерге сәйкес Қазалы ауданында 80-ге жуық адам коронавирус жұқтырған. Бұл орайда өңірдегі расталған жағдай 2230 науқасқа жеткен. Ахуалды қалыпқа келтіруге баса күш салған аудан әкімі жағдай шиленіскен тұста баспана кезегінде тұрған қазалылықтардың мәселесін шешумен де қатар айналысып жатқан болатын. Көп ұзамай Әйтеке би кентіндегі 5 кварталда 4 пәтерлі 10 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталғанын қуана хабарладық.
Тамыз айының басында редакциядан ауданаралық ауруханаға қарасты жұқпалы аурулар бөлімінде репортаж жасаған түсірілім тобы індеттің бірінші кезеңінде стационарға 223 науқас келіп түскенін анықтады. Сондай-ақ 17 ақ халатты пневмонияға шалдығып, екі дәрігер кәсіби міндетін атқару барысында көз жұмған. Бұған дейін 12 адам пневмониядан, 3 науқас коронавирустан ажал құшқаны белгілі болған.
Бұл сәтте жергілікті ауылшаруашылық саласы да бірқатар кедергілерге тап болды. Коронавирустың кең таралуы жұмыс күшінің тапшылығына әсер етіп, кәсіпорын қызметкерлерінің қысқаруына алып келді. Дегенмен ең үлкен қиындық өңірдегі егін алқаптарын суғару мәселесінде қоюлана түсті. Осы жағдай жергілікті диқаншыларға маза бермейтін. Мәселе үлкен деңгейге көтерілгеннен кейін облыс әкімінің орынбасары ауданға келіп, «Картонкомбинат» тоспасындағы суды төменге тастау арқылы шешуге болатынын айтқан. Бұдан кейін аталған қиындық шешілгендей көрінді.

Күн жаманы кетті
Бірер аптадан кейін Ақсуат ауылдық округінде 90 орындық «Балауса» бөбекжай-балабақшасы ашылды. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Мұрат Ергешбаев биыл құрылыстың қарқын алғанын тілге тиек етті.
– Өздеріңізге белгілі, соңғы екі жылдың ішінде көптеген әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Олардың ең ірісі Әлсейіт көпірі екені әмбеге аян. Бұған дейін Ақсуатта екі бірдей маңызды нысан құрылысы басталған. Бүгін соның бірі мәресіне жетіп, іске қосқалы отырмыз, – деген еді. Әкім тілге тиек еткен екінші нысан – ауылдық клуб құрылысы да өткен аптада пайдалануға берілгенін айта кетейік.
Тамыз айының аяғында әлемдегі індеттің таралуы бәсеңдемегенімен, аудандағы ауруханалар босай бастады. Осы сәтте ауданаралық аурухана меңгерушісі Бақыткүл Әлішовамен сұқбаттасудың сәті түсті. Оның сөзіне сенсек, мемлекет уәде еткен үстемеақыға жұқпалы аурулар бөлімінде қызмет еткен барлық ақхалаттылар қол жеткізген. Бұл жалпы мекемеге қарасты барлық ақхалаттылардың 20-30 процентін құрайды. Ал «Қазалы» газетінің 26 тамыздағы санында провизорлық стационар жабылғандығы хабарланған.
Қыркүйек айының ортасына таман жергілікті диқаншылар егінге орақ сала бастады. Бұған дейін елде аласапыран басталған тұста аудан бойынша 17675 гектар аумаққа дақыл егілді. Мұның 7616 гектары дәнді дақылдарға арналған. Тағы осындай көлемді жерге мал азықтық дақылы себілген. Бұл жылы да негізгі басымдылық күрішке бұйырған. Қазалының қара топырағына 6500 гектарға жуық күріш орналастырылды. Диқандар еңбектің зейнетін көретін сәт осы уақытпен тұспа-тұс келді.
Осындағы мал және егін шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі – «РЗА-Агро» серіктестігінің Ү.Түктібаев ауылындағы егін алқабында күрішке алғаш орақ салу рәсімі өтті. Кем-кетіктері жөнделген ­техникалар мен мемлекет берген қолжетімді жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілуінің арқасында диқандар 10-қазанға дейін өнімді жинап алды. Әлемдік пандемия шаруашылықтарға тұсау салғанын ескерсек, биылғы өнім деңгейі мақтауға тұрарлық.
Індет кезінде ірілік көрсеткендердің орны бір бөлек. Әсіресе блок-бекеттерде, аудан ішінде сақтық шарасының орындалуына белсене атсалысқан кәсіби мамандар мен азаматтарға айтар алғыс шексіз. Мұны аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы да ескеріп, ел амандығы үшін індетпен алдыңғы шепте айқасқан белсенділерге ризашылығын білдірді. Әкіммен кездесуден шыққан Аралбай Мәмбетжанов пен Амангелді Мешітбай төсбелгі тағып, еңбектері еленгеніне қуанғандарын жасырмады. Сол сияқты төтенше жағдай кезінде міндеттерін адал орындаған сарбаздар да абырой биігінен көрінді.

Озаттар ортасында
Егін жинау науқаны жобаласқан уақытта аудан әкімі облыстан «Үздік аудан» номинациясын алып қайтты. Оны өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова табыстаған. Өйткені аудан бюджеті де, ішкі кірістер де, тіпті жиналған өнім де басқа аудандарға қарағанда әлдеқайда жоғары шыққан. Егер Сыр ананың сағасындағы су көлемі кемемегенде алар асу бұдан да биік болар ма еді деген ой келетіні рас.
Қайбір кездері Арал мен Қазалыға, кейде өңір тұрғындарына жайлы демалыс сыйлап келген Қамыстыбас көлінің суы қашқаны туралы мақаланы көз шалған еді. Бұл жылдар бойы қомақты қаржы құйылып келген демалыс орнының аяқалысы тамаша жағажайдың келешегіне күмәнмен қаратқаны рас. Карантин мезгілінде шомылуға тыйым салынғандықтан, мұндағы дағдарыс одан әрі күшейді. Бірақ келер жазда көлге қарай ағылған адаммен қатар судың да оралуынан үміттіміз. Ал олай болмаған жағдайда қазалылықтар «Милиция көл» атанып кеткен, ресми «Қашқан су» көліне шомылып, ыстық күннен рақат ала алады. Себебі жеке кәсіпкер Б.Ерхатов жергілікті жұртқа көпсалалы қызмет көрсету үшін 350 миллион теңгеге демалыс орынын тұрғызған. Бұл да болса «Қамбаштан» басқа жанға жайлы жерге барғысы келетін ағайынның қызығушылығын тудырып отыр.
Қарашадағы кезекті қуанышты жаңалықтың бірі – көкөніс пен жеміс-жидек сақтайтын ірі қойманың ашылуы. Осы айда толықтай іске қосылды. «АгроОптСервис» серіктестігінің директоры Бекболат Бибалаев бір сөзінде қойма бар мүмкіндігін пайдаланып жұмыс істеген уақытта тұтынушыларға базар нарқынан 10-15 процентке төмен бағада сатылатынын жеткізді. Негізінен жеміс пен көкөніс сақтау орны 500 тоннаға есептелген. Қойма мамандары Ресей, Түркия, Польша сияқты мемлекеттерден алғашында 200 тонна өнім әкелуді көздеген. Бірақ нысанның максималды мүмкіндігі аудан сұранысын толықтай қанағаттандыра алатыны белгілі.

Жыл аяғындағы жаңалықтар
Қарашаның 15-індегі жексенбі жайсыз басталды. Жыл ішінде екінші мәрте шағын кәсіпкерлердің күнелтіп отырған базарынан өрт шықты. Нақтырақ айтсақ, «Ару-Илья» базарынан өрт тұтанып, айналасындағы адамдарды біраз алаңдатқан. Сауда орталығындағы ет дүкенінде токтың қысқа тұйықталуынан пайда болған тілсіз жауды өрт сөндірушілер жарты сағатқа жетпейтін уақытта ауыздықтады. Абырой болғанда қаза тапқандар мен жараланғандар тіркелмеді.
Желтоқсанның бірінші жартысы жедел-жәрдем жайындағы даумен есте қалды. Әлеуметтік желіде бастау алып, газет пен теларналарда көрсетілген оқиға жергілікті және жоғарғы лауазым тарапынан жауапсыз қалғанын білеміз. Десек те жедел жәрдем станциясының басшысына жаза қолданылды ма, жоқ па, оқырман қауымға белгісіз күйі қалды.
Дәл осы уақытта ауданда «көгілдір отын сапасы төмендеп кетті» деген шу көтерілді. Себебі бұрындары аз қысымда тұрса да, үйді жаздай қылатын пеш биыл қауқарсыз екен. Бұған жауапты мекеменің аудандағы өкілі жауап беріп, брифинг жасады. Сөзіне сенсек, үйдің жылымауы терезенің себебінен екен. Ал газға ауа қосып жөнелтсе, жарылыс болуы бек мүмкін. Осылайша «ҚазТрансГаз»-дың мұндай тәуекелге бармайтынын дәлелдегендей болды.
Кезекті даудың кеңесі біткен тұста 5 айда аяқталуы тиіс Ғ.Мұратбаев ауылындағы көгілдір отын құрылысы мәресіне жетті. Бірақ діттеген уақытта емес. Жағымды жаңалықпен ауыл тұрғындарын құттықтау үшін өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова да келді. Осылайша 300-ге жуық тұрғын үй көмір машақатынан құтылды.
Биыл құжат жүзінде ғана айтылып келген әңгімелердің біршамасы іске асқан жыл болды. Әсіресе қала мен кент аралығын біріктіру бағатында маңызды рөл атқаратын инфрақұрылым, нақтырақ жол салу жұмысы басталғаны қуантады. Біршама уақыттан кейін көлік жүргізушілері аралықтағы 7 шақырымға созылған 4 жолақты жолда емін-еркін жүре алады. Ал жүру жолағы 3,5 метрге созылған.
2020 жылды қорытындылаған жағымды жаңалықтың бірі – Қазалы қаласына көгілдір отын жеткізу жұмысының басталуы. Енді келер жылы қалалықтар табиғи газдың игілігін көре бастайды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
29 желтоқсан 2020 ж. 2 385 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031