Қызылорда облысында 16 адамның ажалы судан келді
Қызылорда облысында жыл басынан бері суға кеткендер саны 16 адамды құрап отыр. Судан құтқарушылар қызметі мамандары 14 адамды тілсіз жаудан арашалап қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Суға кеткендер арасында 4 бала бар. Жергілікті тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді. Суға түсуге белгіленбеген орындарда шомылады. Соның салдарынан төтенше оқиғалар орын алып жатады», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің маманы Айгүл Нұрманова. Суға кету оқиғалары Қызылордада басым болып отыр. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін қала бойынша билбордтар ілініп, парақшалар таратылды. Дегенмен суға кеткен азаматтар осындай қауіпсіздік шараларын ескермегендіктен қайғылы жағдайларға ұрынып отыр. Атап айтқанда, 22 шілдеде Қызылорда қаласы іргесіндегі Шіркейлі каналында 1986 жылғы азамат суға кетті. Дәл осы күні 2004 жылғы жасөспірім де тілсіз жаудың құрбаны болған. «Жыл басынан бері облыс орталығында суда қаза болғандар саны 9 адамға жеткен. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 1 адамға артық. Оның ішінде 2 жасөспірім бар», - дейді Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ербол Әлішеров. Қызылордада ұйымдастырылған рейдтер барысында қауіпті су айдындарынан 500-ден астам азаматқа ескерту жасалып, олар үйлеріне қайтарылды. Ал қалада судан құтқарушылар суға батып бара жатқан 2 адамның өмірін сақтап қалды.
inform.kz