Қауесет қапы қалдырмасын
Аудан халқы індетпен арпалысып, енді ғана ес жия бергенде түрлі оқиғалар орын алып, тұрғындар үрейін одан әрі өршітіп жіберді. Соның бірі – өткен жолғы мектеп жасындағы баланың жоғалуы.
Жұртшылық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, күні-түні үздіксіз іздеді. 80-ге жуық ерікті, білім бөлімі, №165 мектеп ұжымы, кент әкімшілігі мен ішкі істер қызметкерлері атсалысып, дер кезінде білек сыбана кірісіп кетті. Одан бөлек аудандағы «Mersedes Bens» көлігін тізгіндегендердің клубынан 30-дан аса көлік шығып, қол ұшын созды. Абырой болғанда оқушы таңғы сағат 5 тен 45 кеткенде дін-аман табылды. Мұның өзі бір-бірін бауырдан артық жақсы көретін аудан тұрғындарын үлкен сарсаңға салды.
Арада бірнеше күн өткен соң «Whatsapp» әлеуметтік желісінде әйел адам жөнінде ақпарат тарады. Вокзалдан пойызға мінген ол бірнеше күн бойы үйге оралмаған. Мұның соңы не болғаны да бізге беймәлім. Әйтеуір ел дүрлігіп, алаңдап қалды. Міне, осындай оқиғалардың жалғасы болмағанын тілеп бақтық. Алайда бірнеше күн бұрын «Instagram» әлеуметтік желісіндегі аудан туралы жедел ақпарат таратып отыратын «Kazaly_365» парақшасында тағы бір жаңалық пайда болды.
Нақтыласақ, аудандағы көпбалалы, мұқтаж аналарға белгісіз біреу қоңырау шалыпты. Сосын «Орталық мешіттен тізімдеріңізді алдық. Үйлеріңізде 14 пен 18 жас аралығындағы қыздарыңыз болса, кешкі сағат 18:00-де теміржол вокзалына жіберіңіз тегін шаш қию, макияж, тігін курстарын оқытамыз. Тіпті кейбіріне 21:00-де келсін» деп айтыпты. Ол аз десеңіз, қасына ешкім еріп келмеуін де ескерткен. Мұнан үрейленген ата-аналар қыздарын жібермесе керек. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сенсек, хабарласқан ер адам. Оның үстіне сөйлеу мәнері де бөлек. Бұдан мешіттегілер мүлдем бейхабар. Осы болған жағдайды естіген соң анық-қанығына көз жеткізу үшін аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменовпен байланыс құрдық. Ол өз сөзінде мұның мешітке ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ мұны «Facebook»-ке де жариялап үлгерді.
– Бірнеше күннен бері «Whatsapp» әлеуметтік желісі арқылы тарап жатқан аудиожазбада айтылған хабарламалар көпбалалы аналар арасында тараған. Осыған сәйкес Қазалы аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешіті және ауданға қарасты барлық мешіттерден ешқандай тізім алынбаған. Олар мешіт атын жамылып, жалған ақпарат таратты, – деді ол.
Мұны не үшін қозғап отырмыз. Халықты алдап, одан әрі жағдайды ушықтырғысы келетіндердің ісіне бейжай қарап отыра алмадық. Сол үшін қолдан келгенше зерттеп бақтық. «Kazaly_365» парақшасында жарияланған хабардың астындағы тұрғындардың сөзіне зер салсақ Аманғали есімді азамат осы мәселеге қатысты мынадай пікір білдіріпті.
– Бүгінгідей COVID-19 індеті кең тараған уақытта қай жақтан көмек келер екен деп отырған күнкөрісі төмен отбасылар кездеседі. Қате қадам жасамаңыздар! Қазірде кез келген адамның толық ақпарат алуы қиын емес. Соны білген азаматтардың ісі бұл. Оның үстіне мешіттен десе халық сене қояды. Демек бұл жағын да пайдаланып тұр. Мұндайда ішкі істер қызметкерлерінің көмегіне жүгінген жөн, – дейді тұрғын.
Соңғы уақытта ел арасында түсініксіз жағдайлар көбейіп кетті. Бала жоғалып, жалған ақпараттар тарап, жантүршігерлік жол-көлік оқиғалары болуда. Мұның барлығына қарапайым халық куә. Біздің тілек ел іші тыныш, халық аман болсын!
А.МЫРЗАЛЫ