Цифрландыру жетістікке жеткізер
Естеріңізде болса, 2017 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – орта мерзімді перспективада цифрлық технологияларды пайдалану арқылы республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанда болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму жолына көшіру үшін жағдай жасауды көздейді.
Бағдарлама 2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылады деп жоспарланған. Елдің флагмандық салаларын технологиялық жаңғыртуға қосымша серпін береді. Еңбек өнімділігінің ауқымды және ұзақ мерзімді өсуіне жағдай жасайды. Осы ретте «Зерде» холдингінің қызметіндегі басым бағыт осы бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыру болып табылады. цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Сондай-ақ орталық мемлекеттік және атқарушы органдарда цифрландыру кеңселері ашылды.
Айта кетейік, жақында Үкіметтің онлайн отырысында «АӨК және жер қатынастарын цифрландыру» тақырыбы қаралды. «Nur Otan партиясының сайлауалды жаңа бағдарламасына сәйкес агроөнеркәсіптің еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіріп, экспортын 2 есе ұлғайту міндеті тұр. Экспортталатын өнімнің 70%-і өңделген болуы керек», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Оның айтуынша, елдің агроөнеркәсіп кешенін толық цифрландыру алға қойылған міндеттерге қол жеткізеді. Өнімдерді өндіруге жұмсалатын шығындарды азайтып, сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 100 миллион гектардан астам жер 5 жыл ішінде цифрландырылудан өткізіледі. Оған мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 50 миллиард теңге инвестиция қажет. Қазірдің өзінде бұл саланы цифрландыру нәтижесінде тиімді тәжірибе жинақталуда.
Асқар Мамин атағандай, өсімдік пен мал шаруашылығындағы цифрландыру жиналатын астықты 20%-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал фермерлердің шығыны 15%-ке қысқарады.
Алдағы уақытта ел бойынша цифрландыру есебінен астық жинау жылына 25 миллион тоннаға дейін көбейеді екен. Әне-міне дегенше «цифрлы Қазақстан» атауына толықтай өту үшін берілген мерзім де желдей есіп өте шығады. Бағдарлама қабылданған кезден бері 2 жыл өтті, біршама жұмыс атқарылды. Бұған орай Қазалы ауданы заман ағымынан қалыспай, көшпен қатар келеді. Ауыз толтырып айтар болсақ, қуатты техникалық және өндірістік материалдық базасы бар маңызды кәсіпорынның бірі – «РЗА» акционерлік қоғамы цифрландыру ісін алғашқы болып бастаған.
– Бізде барлық техника автоматтандырылған. Сондықтан қажет кезде қағаздарды ақтарып іздемей, керек ақпаратты лезде арнайы базадан табамыз. Енгізілген цифрлық бағдарламамен жұмыс істегенімізге де біраз болды. Әрбір туылған бұзауға жеке ат қойылып, электронды базаға енгізіледі. Қандай екпе жасалды, салмағы қанша бәрі тіркеледі. Сондай-ақ сиырлардың қай кезде ұрықтандырылғаны, төлін туған уақыты, қанша литр сүт беретіні компьютерге салынады. Мұнан бөлек ішкі жүйесі толықтай автоматтандырылған «Джон Дир» тракторлары мен комбайндардың смартфон арқылы қанша жанар-жағармай жаққанын бақылап отыруға болады. Бұл жұмыстың жүйелі атқарылуына септігі мол, – дейді «РЗА» АҚ-ның бас зоотехнигі, «РЗА-Асыл-Түлік» ЖШС директоры Жеңіс Қарабалаев.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай аграрлық саланы цифрландыру – агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда үлкен маңызға ие екенін айтады. Десе де оның айтуынша, оны салаға енгізу үшін аса ауқымды жұмыстар мен шығындар талап етіледі. Оған біршама уақыт кететіні белгілі. Ол үшін салада спутниктік және компьютерлік технологиялардың (GPS навигаторлар, тағы басқа да қондырғылар) ақпараттары арқылы жұмыс істейтін жүйені қолданысқа енгізіп, машина-трактор паркі заманауи техникалармен толығуы тиіс. Оның көмегімен комбайн не трактордың егістіктің қай алқабында, қандай жылдамдықта, не жұмыс жасап жүргенін бақылау мүмкіндігі мол. Яғни қанша жанар-жағармай жұмсағанын, қанша өнім жинағанын көруге, егіс пен астықтың сапасын және техникадағы ақауларды анықтауға болады.
Сондай-ақ егіннің жайын біліп, тиісті бақылау жүргізе алады. Бұл өз кезегінде астық тұқымының біркелкі егілуін қадағалап, өсімдіктің бір уақытта өнім беруін жүзеге асырады. Егін егу мен жинау жұмыстарының артық шығынсыз жүргізуге, қол еңбегін қысқартып, еңбек өнімділігі мен сапасын арттыруға септігін тигізеді. Өнімдерді сату және тұтынушыларға қосымша шығынсыз жеткізуде де пайдасы зор.
Атап айтқанда, мал басын бақылап, олардың жайылымның қай жерінде, қанша шақырым қашықтықта екенін көріп, жануардың жағдайын, денсаулығын және бойындағы өзгерістер жайында ақпарат алынады. Осындай техникалар көмегімен цифрландыру процесі жүзеге асады.
– Дегенмен саладағы бірқатар өзекті мәселені шешу аса маңызды. Мәселен, шаруашылықтар сапалы заманауи жаңа техникамен толықтырылып, егін егуде нөлдік технологияларды пайдалану қажет.
Бүгінде бұл бағытта ауданда атқарылған жұмыстар бойынша шаруашылықтардың машина-трактор паркі соңғы үлгідегі шетелдің 73 техникасымен толықтырылған. Оның ішінде 14 доңғалақты трактор, 10 жатка, 12 комбайн және 37 дана әртүрлі ауыл шаруашылығы құралдары: соқа, дәнсепкіш, лазерлі жертегістегіш, тыңайтқыш шашқыш, тағы басқалары қолданыста бар. Тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар мен мемлекеттік қызметтерді алуға цифрлық бағдарламалар арқылы қол жеткізіледі. Электрондық сауданы дамытуға да мүмкіндік мол, – деді Нұрлан Аманбай.
Қорыта айтқанда, салада цифрландыруды енгізе отырып жаңа инновациялық технологияларды пайдалану арқылы өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, өз кезегінде жалпы ішкі өнім өндіруде саланың үлесін арттырып, соның арқасында экономикалық тиімділікті жоғарылатамыз. Мамандар сайып келгенде қол еңбегінің және шығын көлемінің азаятындығы белгілі екенін айтып отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА