Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еріктілердің еңбегі елеусіз емес

Еріктілердің еңбегі елеусіз емес

Қайырымдылық, қол ұшын созу – кез келгенді құдайы қонақ деп қабылдайтын, асарлатып текемет басатын, үй тұрғызатын қазақтың қанына сіңген қасиет. Бұл бүгінде заманның көшіне еріп, талабына сай түрленіп, волонтерлік деген атауға ие болды. Ал волонтер сөзі әлемде алғаш рет 1600 жылы қолданылыпты. Соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды солай атаған көрінеді. Кейін келе барлық салаға өз бетімен, ешбір қайтарым күтпей жұмыс істеуді қалайтындарға осы теңеу таңылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, адамдарға шын ниетімен көмектесіп, оны науқанға айналдырмау қажетін айтқан болатын. Ерікті болу – бүгінгі қоғамға адал қызмет атқара жүріп, ата-бабадан аманат болған адамгершілік қасиеттің адам болмысынан ажырамауына жастар тарапынан көп жұмыс атқарылуы. Олардың бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ықыластандыру тиіс. Қазірде біз осыған күн сайын куә болып келеміз.
Жасыратыны жоқ, аудан халқы індетпен арпалысып, енді ғана айналасына анық қараған сәтте келеңсіз оқиғалар жалғасын тауып, ел назарын елең еткізді. Соның бірі – жуырда болған мектеп оқушысының жоғалуы. «Көп түкірсе көл» деп дер кезінде жұртшылық жұмыла кетіп, баланы күн-түні кірпік қақпай үздіксіз іздеумен болды. Абырой болғанда оқушы таңғы сағат 5 тен 45 минут кеткенде дін-аман табылды. Мұның өзі еріктілер жылында өз еркімен шаруаға кірісе кеткен тұрғындардың еріктілігі емей немене?!
Енді мәселенің байыбына барып көрелік. Бала жоғалғанын естігендердің бірі – аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев. Кешкілік жұмысынан қайтқан азамат ауқаттануға шаңырағына кірер-кірместен қалта телефонына қоңырау түседі. Сондағы естігені мектеп оқушының ізім-қайым жоғалып кеткені. Абдырап қалған ол дереу айналасына қол ұшын созудан шет қалмайтындарға қоңырау шалып, жұмылуға шақырады. Оның айтуынша, ең бірінші алғысты кент әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа айту керек. Өйткені кент басшысы мұны естіген бойда дереу келеңсіз жайтқа бір топ жандарды жіберген.
– Шыны керек, бұл жағдайды естіген бойда, төбемнен біреу салқын су құйғандай болды. Жас жеткіншектің амандығын тілеп, оқыс оқиғаның куәсі болмағанын қаладым. Мен де ұл-қыз өсіріп отырғандықтан оның ата-анасының қандай күй кешіп жүргенін түсініп бақтым. Дереу аудандағы алыс-жақын жұртшылыққа телефон шалып, тез арада іздеуге шақырдым. Оған 80-ге жуық ерікті, білім бөлімі, №165 мектеп, кент әкімшілігі біркісідей атсалысып, уақытылы білек сыбана кірісіп кетті. Одан бөлек аудандағы «Mersedes Bens» көлігін тізгіндегендердің еңбегін ерекше айта кеткен жөн. Аталған көлікті жүргізушілерден құралған клубта 30-дан аса көлік болса, барлығы дерлік темір тұлпарға қонып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарды, – дейді Асылхан Жұмабекұлы.
Елестетіп көріңізші, сағат таңғы төрт болды. Жоғалған оқушы сол күйі жоқ. Іздеуге шыққан жандардың барлығы кірпік қақпай іздестіруде. Ауданда аралап бармаған жер қалмады. Мұнан әрі олардың да шыдамы таусылды. Барлығында бір ғана ой «Бәз біреулер баланы басқа жаққа алып кетті». Артынша топтасқан іздеушілер Қ.Ерімбет көшесінің соңына жиналып, үйлеріне қайтуға бекінеді. Осылайша 10 минуттың ішінде тұрғындар жан-жаққа жүреді. Осы ретте жас-жеткіншекті табуға үлкен үлесін қосқан азаматшаны баса айту керек. Ол – Қазалы АПб-нің ЮПт-ның инспекторы полиция капитаны Мархаббат Бегалиева.
Өз баласынан айырылған анадай шырылдап, дамыл таппай іздеген ол тек өз жұмыс үшін ғана емес, ана жүгін арқалағанмен тең күй кешті десек артық болмас. Міне, осы бір азаматша көлікке мінген соң жанындағыларды көндіріп, теміржол ауруханасының айналасын тағы бір қарап шығуды өтінеді. Нәтижесінде сол маңдағы үйлердің жанынан оқушы табылады. Қуаныштан жанарына еріксіз жас алған Мархаббат Төлепбергенқызы кішкентай баланы құшағына алып, жағдайын сұрап, денесін жылытумен болған.
Жақында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қиын жағдайда халық жанынан табылып, әрдайым қол ұшын беруге әзір тұратын аудандық ерікті жастармен еркін кездесу өткізді.
Аудан басшысы ең алдымен жоғалған баланың оқиғасын сөз етіп, оған қатты алаңдағанын жеткізді. Қоғамда еріктілердің орны ерекше екендігін, олардың жасаған еңбектеріне елдің зор құрметпен қарайтынын, сол үшін алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айта келіп, кездесуге қатысушыларды Алғыс хатпен марапаттады. Сол қатарда аталған жағдайдың басы-қасында болғандардың барлығы болды.
Сіз үшін ерікті деген кім? Заманауи жеткізсек, ертедегі асардың жаңарған түрі. Яғни көпшілік басқосып, бір ­шаруаға атсалысып біржақты ету. Рас, аяқасты жоғалған баланың табылғаны көңілге жылылық ұялатты. Оны іздеуге өз еркімен кіріскендердің еңбегі елеусіз емес.

А.БАҚЫТҰЛЫ
14 қараша 2020 ж. 520 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031