Еріктілер еншісіндегі жыл
Мамыр айында өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында Вера Ким алдыңғы жылды Еріктілер еншісіне беруді ұсынды. Сонымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 2020 – Еріктілер жылы болып жарияланды. Жастар жылын қорытындылай отырып, бар назарды қоғам еріктілеріне аудару құптарлық іс. Келер жыл кейіпкерлерінің елде қаншалықты ұйымдаса жұмыс атқара алатынын жұртшылық біле бермейді. Алайда еріктілер қатарының 90 процентін жастар құрайтыны белгілі.
Волонтерлік қызмет немесе еріктілік – бұл өзара көмек пен ресми қызмет көрсету және басқа да азаматтық қатысу нысандарын қоса алғанда, жұртшылықтың игілігі үшін ақшалай сыйақыға сүйенбейтін, ерікті жүзеге асатын жұмыс ауқымындағы азаматтардың еңбегі.
Қайырымдылық ұйымдарының қызметі көптеген адамның қолдауын қажет етеді. Мұндай игілікті іс-шара үшін бір жағынан бос орындар жарияланса, екінші жағынан мұқтаждар үшін тегін еңбекке қатысуға келісетін қайырымдылық қызметіне қатысушылардың корпусы және демеушілердің шеңбері қалыптасады.
Еріктілер өз ішінде қызмет ету аясына, саласына байланысты бірнеше топқа бөлінеді. Әлеуметтік, спорттық, экологиялық, медициналық және тағы басқа бағытта қызмет атқарады.
Ерікті-менеджер – бұл топ қоғаммен жұмыс істеуде, еріктілердің басын қосып, арнайы орындарға жинаумен айналысады.
Ерікті-көмекшілер тобы өз мойынына көптеген міндет алады. Көмек қажет жандарға үнемі болмаса да аптасына бір рет қол ұшын созады. Тіркеуші, хатшы, оператор, күзетші, үй жинаушы болып кез келген қол жұмысқа білек сыбана кіріседі.
Бұларға қоса тек бір адамға көмек көрсететін тікелей еріктілер тобы да бар. Олар арнайы ұйымға тіркелмей-ақ, күнделікті тіршілікпен астастырып, еріктілікпен айналысады.
Олардың еңбегіне ақы төленбейді. Бірақ көп жағдайда жұмысты ұйымдастырушы тарап волонтердің жолақысын, тұрғын үйін, тамақтануын өтей алады.
Жастар жағы тәжірбие үшін, арнайы дағды мен білім алуға еңбектенеді. Түрлі мамандықты меңгере отырып, икемінің қай салаға қарымды екенін аңғаруға да көмектеседі.
Қазақстанда волонтерлік қызмет жастардың және өзге де әлеуметтік топтардың елдің экономикалық және әлеуметтік, мәдени өміріне қатысуының тиімді тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады.
Бұл идея елде БҰҰ Еріктілер бағдарламасы пайда болған 1993 жылдан бастап дами бастады. Оның жыл сайын ауқымы кеңейіп келеді. 2020 жылды толықтай волонтерлерге арнау, осы шараның басы-қасында жүрген жастарға тың серпіліс беріп, қатарының толығуына көп көмегін тигізуі тиіс. Қазірдің өзінде дербес ерікті бастамалар мен топтар, сондай-ақ өз ынтасымен шетелдік тәжірибе алған жастар жұмыс істеп жүр. Әрбір 8-ші қазақстандық Ұлттық волонтерлер желісінің дерегі бойынша ерікті қызметке қатысқан.
2006 жылы 25 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «2006-2011 жыл Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасына» қол қойды. Тұжырымдама халықты ерікті-әлеуметтік белсенді қызметке тартуды көздейтін үкіметтік емес ұйымды қоса алғанда, коммерциялық емес ұйымдардың әртүрлі түрін ашу арқылы азаматтық қоғамды қалыптастыруды қолдайды.
2010 жылы республика азаматтары мен заңды тұлғалардың ерікті бірлестігі Ұлттық волонтерлік желі құрылды. Азаматтық қоғам институттары, бизнес секторлары және мемлекетік құрылымдар арасында волонтерлік бастамаларды және мәдениетін қалыптастыру, қолдау һәм дамыту мақсатында құрылған ұйым жақсы жұмыс атқарды.
Ұйым жұмыс істеген кезеңінде волонтерлерді оқыту бойынша үлкен рөлі болды. Құрылған жылы ЭСКАТО елдері конференциясының волонтерлері үшін тренингтер өткізілді. 2011 жылы 200-ден астам еріктілерді оқытып, сондай-ақ ЕҚЫҰ форумы үшін жастар дайындалды. Ұлттық волонтерлік желі – 56 ұйым мен бастамашыл топтардан тұрды.
Желі мүшелері 2015 жылдың басында қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы заңға ұсыныстар әзірлеу және енгізу жөніндегі жұмыс топтарында сарапшы ретінде сөз сөйледі. Осы жолы Қазақстанда алғаш рет заңнамалық негізде «ерікті» ұғымын анықтау көзделді.
Қазалы ауданында да еріктілер белсенділігі жақсы деңгейде. Жастар топтасып, түрлі әлеуметтік көмек көрсетуді қалыпқа айналдырған. 2020 жылдың Еріктілер жыл болып жариялануы жайлы Мейірхан Қанатбек:
– Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған еріктілер қатарындамын. Ерікті жас болғанымды мақтан тұтамын. Биыл орталықпен біріге отырып, біршама жұмыс атқардық. Көп балалы аналар, ардагерлер, жағдайы төмен отбасылардың шаруасына қолғабыс жасап, көмек беруден аянбадық. Бізде жастарды қолдап, оларға еркіндік беру басты назарда. «Достар алаңы», «25 жас 25 игі бастама», «Jas Otan», «Жасыл ел» сынды ұйымдар жастардың қоғамға қажеттілігін сездіріп, кәсіби, тұлғалық қасиетін дамытуға көп көмегін тигізетіні анық. Алдағы уақытта еріктілердің жұмысына нақты басымдық берілген жылда біршама жоспарлы жұмыстарды қолға алуға тырысамыз. Қазалы ауданы жастарын еріктілер қатарына қосылуға шақырамын, – деген ойын ортаға салды.
Жыл сайын, 5 желтоқсан күні – волонтерлік еңбекті тану, әртүрлі әлеуметтік және жас топтарға адам тарту, сондай-ақ халықты азаматтық қоғамды құрудағы ерікті рөлі туралы ақпарттандыру мақсатында халықаралық волонтрелер күні аталып өтеді
Еріктілердің ерік күшін ел игілігіне бағыттау қоғамның оң бағытта жылжуына әсер етері сөзсіз. Президенттің өзі нық тапсырма беріп, назарға алған игі бастама халық арасында да қолдау тауып, еріктілер санының еселенеріне сенеміз.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ