Еріктілік қоғамды өркениетке бастайды
Пандемия уақытында бірліктің үлгісін көрсете білген волонтерлар мен азаматтық қоғам өкілдері облыстық «Жастар ресурстық орталығында» бас қосты. Ауқымды шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысып, Президент пәрмен берген «Волонтер жылының» ерекшелігіне тоқталды.
– Өзгеге қол ұшын созу, жолаушыны құдайы қонақ деп қабылдап, асарлату – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрі ол қоғамды өркениетке бастайтын ниеті оң, жүрегі кең адамдардың жұмысы. Бұл бүгінде заманның көшіне еріп, талапқа сай түрленіп, волонтерлік деген атауға ие болды. Президент те биыл оған ерекше мән берді. Еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды бастамалар іске асырылды. Жыл басынан бері Сыр волонтерларының көмегімен өңірімізде 8451 мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсетіліп, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 4870 отбасының мектеп жасындағы балаларына қажетті оқу құралдары табысталды. Шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданғаннан бері өңірде «Сыр волонтерлары» орталығы құрылып, жұмылудың жарқын үлгісін көрсеткенін айту керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанындағы «Волонтерлардың фронт-офисі» де жүйелі жалғастырып келеді. Пандемия өршіген тұста олар басты қажеттілікке айналған – дәрі-дәрмек, бетперде, мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестіру, жоғалған азаматтарды іздеу ісінде де белсенділік танытты. Дәрігер нұсқамасы негізінде 210 қала тұрғыны дәрі-дәрмекпен 255 медицина қызметкерінің отбасы азық-түлік өнімдерімен, ауруханаларда үздіксіз еңбек еткен 1700 медицина қызметкері ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Көмек ретінде 72 оттегі баллоны ауруханаларға жеткізілді, – деді С.Ахмет.
Облыс әкімінің орынбасары Сыр волонтерлары пандемия кезеңінде көмек беруге, су тасқынынан зардап шеккен Мақтарал тұрғындарына 89 тонна азық-түлік, 6 тонна киім-кешек, тұрмыстық заттар мен 1 млн теңге қаражат жинауға атсалысқанын айтты. Ізгілік шарасына шығармашылық өкілдері, бастамашыл жас кәсіпкерлер, ассамблея хатшылығы мүшелері, «Nur Otan» партиясы, «Жас Отан» жастар қанаты филиалы да үлес қосқан. Жас кәсіпкерлер де игі бастамалардың жанынан табылуда. Бірі онлайн оқыту кезінде мұқтаж отбасылардан шыққан оқушыларға қажетті смартфондарды сыйға тартса, енді бірі халыққа тегін бетперде үлестіруге септігін тигізіп келеді. Республикада алғаш болып автоволонтер қызметін ұсынған Сыр жастарының еңбегі елеулі. Олардың қатарында қала тұрғыны Темірлан Жұбан бар. Бос уақытын игі іске арнаған ол бұл еңбегі үшін Алғыс хатқа ие болды.
Шарада Серік Әбжәліұлы әлемді дүрбелеңге салған індет ешкімді бейжай қалдырмағанын, осы тұста халық игілігіне қызмет еткен жастарға ерекше ризашылығын білдірді. Ринат Рыс, блогер Әділет Әшірбекті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен, өзге де волонтерларды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
– Елдің қамын басты орынға қоятын азаматтардың арқасында біз індетті бірлесе еңсерудеміз. Президент те қайырымдылығын аямаған, қиын кезеңде бірліктің нағыз үлгісін көрсете білген барша азаматқа, азаматтық қоғам белсенділеріне, соның ішінде волонтерларға ерекше алғысын білдіріп, «Халық алғысы» медалін табыстауда. Мұның барлығы – еткен еңбектің, төккен тердің жемісі. Министрлік те сіздердің қоғамдық негіздегі бастамаларыңызбен қолға алынған өңірлік фронт-кеңсенің жұмысын өз алдына дербес құрылым ретінде құруды ұсынуда. Бұл мәселе алдағы уақытта зерделеніп, тиісті шешім қабылданатын болады. Баршаңызға алғыс білдіреміз! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Еркін форматта өткен жиын ашық пікір алмасу алаңына айналды. Волонтерлар «Бұл қызмет – өз еркіңмен баратын жүректің жұмысы. Ал, жүректің жұмысы жанданса, қоғам өркениетке өздігінен қадам басады» деген ойын білдірді. олар үшін бастысы марапат емес, маңыздысы ел амандығы мен елдің ықыласы екенін айтты. Шарада жастар өз ұсыныстарын ортаға салуға да мүмкіндік алды.
syrboyi.kz