Қытайдағы қандасымыз аштықтан әлем рекордын орнатпақшы (видео)
Қытайдағы қандасымыз тамақ жемей, тек суды қорек етіп 5000 шаршы шақырымды жаяу жүріп өту үшін жолға шығыпты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Қытайдан келген журналист, ақын Ерлан Төлеубай фейсбук парақшасында жазды.
Жазбаға сүйенсек, Қытайдың Іле Қазақ автономиялы облысы, Қорғас ауданы, Тұнық су қалашығы, Шичязы қыстағында 1980 жылы дүниеге келген Серік Зейнелұлы есімді қандасымыз биылғы жылдың 31 наурызынан бастап тек суды қорек етіп, тамақ ішпеген. Сөйтіп, тамақ ішпей 39 күн өз-өзіне сынақ жасаған. 39 күн бойы Шихуың тауларына шығып, әртүрлі жаттығулар жасап, денесін шынықтырған.
Екі ай бойы өзін физикалық, рухани тұрғыда дайындаған Серік мамыр айының алтысынан бастап аштықтан дүниежүзілік рекорд жасаймын деп жариялаған. Сөйтіп, Тарбағатай аймағы Шиху қаласынан туған-туыс, үлкендердің ақ батасын алып, шығыстағы Шаңхайға қарай бет алған.
Мамыр айының 8 күні Шихудан аттанып 18 күн жол жүріп, мамырдың 25 күні Шихудан қазіргі Мори қазақ Автономиялы ауданы Шоқпартас қалашығына дейін 700 шаршы шақырым жолды жаяу жүріп өткен.
Тамақ жемей, тек суды қорек етіп жүргеніне алпыс күндей болған Серік Зейнелұлы көздеген межесі Шанхайға дейін әлі шамамен 4000 шаршы шақырым жол бар.
Мұндай сапарға аттанғанының екі себебін айтып өткен. "Біріншіден, адамзат тарихында болмаған рекорд жасағым келеді, екіншіден, Абай атам айтпақшы, "мықты болсаң, өзіңді жең" деген сөзді ұран етіп, өзімді жеңу үшін де осы сапарға аттандым" - дейді Серік Зейнелұлы.