Тегіс жерде сүрінген кім?

Алдымен бұл мәселенің неден туындағаны жайына тоқтала кетейін. Бұл былай басталған.
Қызылорда қаласы, Қарауылтөбе ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер С.Байымбетовке «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Агрокредиттік корпорация» АҚ арқылы 2017 жылы 4 миллион теңге жеңілдетілген шағын несие берілген. Алынған қаржыға кәсібін бастау үшін кәсіпкер 16 бас мал, жем-шөп пен құрал-жабдықтар алған. Сөйтіп, 2017 жылдың І және ІІ жартыжылдықтарына Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына тапсырған салық есептілігіндегі табысын 600 мың теңге көрсеткішпен тапсырған.
Бұдан соң кірістер басқармасы 2018 жылдың 10 тамызында кәсіпкерге «Сіз 4 миллион теңге несие алғансыз, Сіздің табысыңыз 600 мың теңге, айналым сомасы 3 миллион 400 мың теңгеге айырма беріп отырғандықтан түсініктеме беруді және Салық кодексінің талаптарын сақтап, бюджетке төленетін төлемдерді уақытылы төлеу қажет» деп ескертпе хат жолдайды.
Өз кезегінде кәсіпкер бұл әрекетке күмәнмен қарап, Қызылорда қалалық кәсіпкерлер палатасына шағымданады. Мәселені ушықтырмау үшін кәсіпкерлер палатасының заңгері ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен түсіндірме беруін сұрап, арнайы хат жолдайды. Комитеттен «Кәсіпкердің қайтарымды несие соммалары жылдық жиынтық табысқа (совокупной годовой доход) жатпайды, осыған сәйкес аталған соммадан салық төленбейді» деген жауап келеді.
Мұнан соң Қызылорда қалалық кірістер басқармасы кәсіпкерге бұрынғы салық төлейсің деп жолдаған түсіндірмесін орындаусыз қалдыруын сұрап, 2018 жылдың 3 қарасында екінші рет хат жолдауға мәжбүр болады.
Осы орайда «Сонда ай мен күнінің аманында тегіс жерде сүрінген кімдер?» деген сұрақ туындайды.
Негізінде жоғарыдағы уәж емес жұмыстың үлкен деңгейдегі талқылауға түсуінің басты себебі сауаттың төмендігінен деп ойлаймын. Біріншіден, кәсіпкер Салық кодексінің 36-шы бабы бойынша (салық салу обьектісі) кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірісі пайда болған жағдайда, немесе несие алып, оны кәсіпкерлік қызметке пайдалану арқылы табыс тапқан жағдайда ғана салық төлеуге тиістігін, сондай-ақ түрлі себептермен табыс түсірмесе, тиісінше салық міндеттемесі туындамайтынын, салық есептілігінде табысын нольдік көрсеткішпен тапсыру керектіген ескермеген.
«Бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» демекші, өзі білімінің таяздығы мен бүкіл кірістер органының абыройына дақ түсірген қызметкердің сауатының төмендігі де көңілге кірбің ұялатады.
Сонымен қатар «кәсіп ашып, табыс табамын» деп бизнес жоспар жасап, соның негізінде мемлекеттік бағдарламалар аясында жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жеңілдетілген проценттік мөлшерлемемен алынған несиенің мақсатты жұмсалуы несие шартының ең басты қағидасы. Егер кәсіптің жоспарланған деңгейде жүзеге асырылмауы салдарынан табыс жоқ болса, тиісінше несиелендіру шарты бойынша мемлекет тарапынан берілген жеңілдік те қайтарылуы тиіс емес пе?!
Бір жағынан, салық органы тарапынан тек түсіндірме хат жолданып ғана қоймай, бұл бағыттағы насихат жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет. Себебі, бұл түгендеу жұмыстары мемлекет қаржысының мақсатты пайдаланылуы мен көлеңкелі экономикамен күрес жолындағы қадам болып табылады.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Елбасы тапсырмасы аясында жүргізілген түгендеу нәтижесінде 2016-2017 жылдары «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында несиелендірілген бірқатар жеке тұлғалар кәсіпкерлік субъектілері ретінде Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдарында тіркелмей, несие қаражаты негізінде қызметін жүргізіп отырғандығы анықталып, олардың тіркелуін қамтамасыз ету үшін барлық облыс әкімдеріне нұсқама берілген.
Мұндай келеңсіз жағдайлардың туындау себебі – несие беруші мекеме мен Мемлекеттік кірістер басқармасы арасындағы мәлімет алмасу жүйесі жолға қойылмағаннан деп ойлаймын.
Аталмыш тапсырма негізінде Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан несие алған тұлғалар туралы мәлімет алып, ауданның 29 жеке тұлғасына 81 миллион теңге несие берілгендігі, одан 17 тұлғаның кәсіпкер ретінде есепке қойылмағандығын анықтаған (бүгінгі күнге 17 тұлғаның 10-ы тіркелген). Бұл өз кезегінде Мемлекет тарапынан бөлінген жеңілдетілген (Үкіметтен 14 процентпен несие алса, соның 7 %-і Мемлекет тарапынан субсидияланады) несие түрлерін мақсатсыз пайдалану мен салық міндетінен жалтаруға әкеліп соғатыны белгілі.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы, салық саласының ардагері