Несиеден де салық төлеу керек пе?
Кей мемлекеттік органдардың орынсыз сұранысы кейде кәсіпкерлердің уақытын текке алып, жұмысына кедергі келтіреді, тіпті өзге де кәсіпкерлердің қобалжуын тудыруы мүмкін.
Осындай жайттың бірі жақында Қызылордада орын алды. Кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер Баймбетов Сәкен кірістер органдарының қызметіне қатысты шағымданып келді. Ол 2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 4 млн.теңге несие алып, кәсібін бастайды. Аталмыш қаржыға 16 бас мал, жем-шөбін алып, нәтижесін көрсем ба деп жүргенде күтпеген мәселеге жолығады.
Осы жылдың басында 2017 жылдың ІІ жартыжылдығында жүргізген жұмысының есебін беріп, 600 мың теңге табысы болғанын көрсетіп, тиісті салығын төлейді. Алайда тамыз айында кәсіпкерге Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасынан хат келеді. Хатта мемлекеттік орган Сәкенге «2017-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 2017 жылы 4 млн.теңге шағын несие берілгендігі анықталды», - дей келе – «2017 жылы тапқан табысыңыз 600 мың емес. 3 млн.400 мың теңге айырма шығып тұр. Салық Кодексінің талаптарын сақтап, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді толық, дұрыс және уақытылы төлеу керек», - деп, шығып тұрған айырмаға түсініктеме беруін сұрайды.
Өз кезегінде кәсіпкер кірістер органына бұл айырманың 4 млн.теңге несие алғаннан туындап тұрғанын жеткізіп, мемлекеттік органның талабы қаншалықты заңды екендігін сұрап Палатаға өтінішпен келді.
Кәсіпкердің қауіпі орынды да. Өңірде бұрын-соңды мұндай жайт орын алған емес, яғни кәсіпкерлік мақсатта алынған несиеге салық төлеу деген бизнес өкілдерінің бірінші рет кездесіп отырған мәселесі. Бұл жайтқа өзге кәсіпкерлер де алаңдаушылығын білдірді.
Мәселені ушықтырмау үшін Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен түсіндірме беруін сұратып, арнайы хат жолдады. Бұл жөнінде Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов: «Комитеттен кәсіпкердің қайтарымды несие соммалары жылдық жиынтық табысына (совокупный годовой доход) жатпайтындығы, осыған сәйкес аталған соммадан салық төленбейтіндігі туралы жауап алдық. Комитет біздің өңірдегі кірістер басқармасының кәсіпкердің атына жазған хатын қайта қайтарғандығын да хабарлады. Өз кезегінде, кәсіпкерлер назарына аталған мәселені сала отырып, салық органдары тарапынан осы сынды талаптар қойылған жағдайда Палатаға жүгінуге болатындығын жеткіземін. Өз құқығыңызды біле жүріңіз», - деп пікір білдірді.
Айта кету керек, биылғы жылдың өзінде кәсіпкерлерден Палатаға құқығын қорғауды сұраған 145 өтініш түсіп, оның 73-і (50,3%) оң шешілді. Нәтижесінде, шағын және орта бизнес өкілдерінің 995,8 млн.теңгеге қаржысы сақталды. Сондай-ақ, Палатаның сарапшылары бизнес өкілдері атынан 52 сот отырысына қатысып, қорытындысымен 41 сот отырысында жеңіп шықты. Палатаның бастамасымен кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келітіріп, бизнес өкілдерінің құқығын бұзған мемлекеттік органның 16 лауазымдық тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айтпақшы, кәсіпкер Сәкен Баймбетовтің жұмысына кедергі келтірген кірістер органының лауазымдық тұлғасының қызметіне баға беруді сұрап Палата Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің облыс бойынша департаментімен сұрау салды. Хабарын күтуде.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі