2017 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында қызылордалықтар 947 млн. теңге алды
Елбасы биылғы дәстүрлі Жолдауында «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек», - деп басымдық берді. Бұл мәселе әрине нәтижесін беруде. Былтыр елімізде басталған «Бастау Бизнес» жобасы Қызылорда облысында пилоттық режимде 5 ауданда: Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында өткен болатын. Жыл көлемінде 937 ауыл азаматы оқытылып, 358 азаматтың жобасы қаржыландырылды. Жоба аймақ азаматтарын жаппай кәсіпкерлікке тартуға, жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Осы жоба аясында несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қатарында кәсіпкер Ерлан Жұмабаев та бар.
Баймұрат батыр ауылының тұрғыны Жұмабаев Ерлан өз кәсібін осыдан 4 жыл бұрын бастаған. Облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, несие алады. Алған қаражатына азын аулақ ірі қара алып, мал шаруашылығымен айналысады. Кәсібі өрлеп, алған несиесін төлеп болған соң, тағы да палата көмегіне жүгініп, бизнесін дамыту үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн. тг несие алады.
Бүгінде жиырмадан астам ірі қара малын бағып, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа, алдағы уақытта мал бордақылап, сүт өндіруді жоспарлап отыр. Одан бөлек, мал қорасын кеңейту де ойда бар. Айта кетейік, кәсіпкер Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы үйін кепілге қойып алған қарызын 6,5 жылда 6 пайызбен қайтарады. Бұл шаруа бастаймын деген адам үшін ең тиімді несие екендігін айтады.
«2017 жылдың кәсіпкерлік саласындағы үздік жобасы ретінде «Нәтижелі жұмыспен қамту 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясындағы «Бастау Бизнес» жобасын айтуға болады. Жоба біздің азаматтарымызды жаппай кәсіпкерлікке тартуға айтарлықтай сеп болды. Ерекшелігі – кәсіпке икемі бар азаматтарды тест арқылы іріктеп алып, 1 ай оқыттық, содан кейін бизнес-тренерлерімен бірге бизнес-жоспарлары әзірленді. Дайын жобаларды жергілікті және облыстық комиссия алдында қорғап, сертификаттарын алады. Әрі қарай бұл жобалар қаржыландыру үшін қаржы институттарына жолданады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жобаларды қаржы институттары: «Қызылорда» инвестициялық орталығы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалы қаржыландырды», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Биыл да бұл жоба өңірде жалғасатын болды. Жоспар бойынша жобаға жоғарыда аталған 5 ауданнан өзге Жалағаш және Сырдария ауданының тұрғындары да қатыса алады. Кәсіпкерлер палатасы жыл ішінде 1600-ден астам қызылордалықты оқытуды көздеп отыр.