Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аружан Саин: Елбасы менің үш тілегімді орындады

Аружан Саин: Елбасы менің үш тілегімді орындады

27 қарашада Астанада өткен Nur Otan Talks шарасында «Милосердие» ерікті қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин аталған қордың құрылғанына 12 жыл болғанын айтты. Осы уақыт аралығында Қазақстан халқы Елбасымен бірігіп қаражат жинап, 1 700 баланы ажалдан арашалап қалған.

«12 жылда 1 700 балаға өмір сыйланды»

- Қор құрылған 2006 жылдары әлеуметтік желілер қазіргідей емес еді. Интернет-форумдарда еріктілер жиналып, балалар денсаулығына қатысты әртүрлі мәселелерді талқылайтынбыз, бірақ мұның - үлкен жолдың басы ғана екенін сезген де жоқпыз, - дейді ол.

«Балаларға өмір сыйла» акциясы аясында бүгінгі күнге дейін 3 млрд 50 млн теңге жиналып, 1 700 балаға 2 500 ота жасалған.
- Кейбір балаларға бір емес, бірнеше ота жасалды. Бұл ақшаны қарапайым халық жинап берді. Бірі SMS хабарлама арқылы 250 теңге аударса, енді бірі онлайн төлем арқылы 500-1000 теңге садақа береді. Кейбір компаниялар қомақты қаражатпен көмектессе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев $300 000 аударды. Кез келген мемлекет пен мемлекет басшысы көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық қоры арқылы көмектесе бермейді, - дейді Аружан.

«Айқын мақсатың болса, ниеттес адамдар көбейе бастайды»
Аружан Саин қазіргі күнгі жетістікке жету жолы кішкентай қадамдардан басталғанын айтты.

- Қайырымдылық жасау қалыпты нәрсеге айналуы керек. Бүгін Сіз біреуге көмектессеңіз, қажет жағдайда басқа адам Сізге көмектеседі. Тәртіп бұзбай, салықты уақытымен төлеп тұрудан да артық нәрсе жасай алсаңыз жақсы емес пе? Мысалы, 2006-2007 жылдары ота жасалған балалар қазіргі уақытта жоғарғы оқу орындарында оқиды. Кім біледі, мүмкін олар күндердің бір күнінде бір кездері өзіне 200, 500 теңгесін қиып, қайырымдылық жасаған адамның өмірін құтқарып қалатын дәрігер болатын шығар? Алдыңа айқын мақсат қойған кезде айналаңда ниеттес, армандас адамдар көбейе бастайды. Сөйтіп адам сенгісіз ғажайып жағдайлар болады, - дейді ол.

Аружан басына қайғы бұлты үйірілген отбасылармен көп қарым-қатынаста болатындарын айтты.

- Біз мүмкіндігі шектеулі балалармен де, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен де, шұғыл түрде емделу керек балалармен де тығыз байланыстамыз. Қайғылы жағдай болса, оның шешу жолдары да бар. Шешу жолдарын іздеп, өзгеріс жасауға ұмтылуымыз керек. Бір балаға ғана көмектесуді емес, көмектесетін келесі балаларды да ойдан шығармауың керек, - дейді ол.

«Қойыңызшы! Мүмкін емес!»

Аружан қайырымдылық жасау ниетіне орай болған ғажайып жағдайлардың бірі туралы айтты.

- Қайырымдылық қоры құрылған жылдары бізге көмек сұрап келетін балалардың 80% туа бітті жүрек ақауы бар балалар еді. Ол кезде жүрекке ота жасай алатын жалғыз дәрігер Юрий Пя ғана болды. Өкінішке қарай, сол кездері тіпті ота жасайтын арнайы орын да, медициналық құрылғылар да болмаған. Сол кезде Қазақстанға кардиохирургиялық орталық аса қажет екенін түсіндік. Екінші мәселе, 2006 жылы 19 800-ге жуық бала Қазақстандағы жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатты. Ол кезде жетімдер үйі мен бала асырап алғысы келетін отбасылар арасында биік қамал тұрғандай еді. Балаларды асырап алғысы келетін ата-аналар көп болса да, мүмкіндік болмайтын. Үшінші мәселе, Қазақстанда емі жоқ диагнозы бар балаларға шетелде ота жасату үшін квота бөлінбейтін. Кімнен көмек сұрап, қай есікті қақсақ та, көмектесетін жан таппадық, - дейді Аружан.

«Милосердие» қайырымдылық қорының директоры қандай жағдайға тап болсаң да армандай білу керек екенін және оның орындалатынына сену керектігін айтты.
- Тығырыққа тіреліп жүрген күндердің бірінде үйге қайтып бара жатып «Шіркін-ай, сондай бір шара болса, ол шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келсе, мен оған қолымдағы папканы беріп, ішінде жазылған мәселелер туралы тізіп айтып берсем ғой» деп армандадым. Арада бірнеше күн өткен соң бейтаныс адам хабарласып, Президент әкімшілігінен екенін және Елбасы мені 8 наурыз мерекесіне арналған «Көктем шуағы» шарасына шақырғанын айтты. Өз құлағыма өзім сенбеген мен «Қойыңызшы! Бұлай болуы мүмкін емес!» дедім де, телефон тұтқасын қоя салдым. Көп ұзамай ол адам қайта хабарласып «Неге тұтқаны қоя саласыз? Сізді Елбасы мерекелік шараға шақырды және бұл әзіл емес» деді. Қуанып кеткен мен «Менің Елбасыға айтарым бар еді. Оған ұсыныстарымды айтсам бола ма?» деп едім, «Жоқ, ол мерекелік шара. Ол жерде әңгімелесудің сәті түспейді» деді. Мұндай мүмкіндік екінің біріне бұйыра бермейтінін түсініп, мерекелік шарадан бір күн бұрын сол кездегі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтің қабылдауында болдым. Ол менен Елбасымен қандай мәселені талқылағым келетінін сұрады. Мен кардиохирургия, жетімдер үйі және ота жасауға квота бөлу туралы үш мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткім келетінін айттым. Сонда Мәулен Әшімбаев «Ертең Сізге сөз сөйлеу үшін 3 емес, 7 минут береміз. Бұл мәселені тыңдаған Елбасы кейін бізге нақты тапсырма беретіндей етіп, дұрыстап жеткізіңіз. Сонда біз Сізге қолдан келгенше көмектесеміз. Егер Мемлекет басшысы өзіңізге сұрақ қойса, онда кетіп жатқан уақытты есептемей, емін-еркін әңгімелесе беріңіз» деді. Сөйтіп, Елбасымен кездесу сәті де келіп жетті, - дейді мемлекет қайраткері.

«Елбасымен кездесуден кейін үш өзгеріс болды»

Аружан Саин мерекелік кездесуде Елбасыға өзін мазалап жүрген өзекті мәселелерді жіпке тізгендей етіп айтып берген.
- Біріншіден, мерекелік шарадағы кездесуден кейін Кардиохирургия орталығы ашылып, дәрігер Юрий Пя басшысы болып тағайындалды. Содан бері біздің қайырымдылық қорымызға жүрек ауруы мәселесімен келетін балалар қатары азайды, тіпті жоқтың қасы десе болады. Жүрегінде ақауы бар балаларға ота Қазақстанда жасалатын болды. Тіпті, қазіргі уақытта шетелдік балалар біздің елге арнайы келіп, ота жасатады. Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдар қатары көбейді. Жетім балалар туралы деректер банкі құрылды. Басқа қала немесе шалғайдағы ауыл-аймақтағы бала асырап алғысы келетін отбасы сол жерден тұрып-ақ жетімдер үйіндегі балалар туралы мәлімет алуға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде елімізде жетімдер саны айтарлықтай азайды. Қазіргі уақытта еліміздегі жетім балалардың саны 5 000-ға да жетпейді. Үшіншіден, шетелде ота жасататын адамдар үшін мемлекеттік бюджеттен квота бөлінетін болды. Қазіргі уақытта елімізде емделмейтін диагноз қойылған ересек адамдарда да, балаларда да квота арқылы шетелде ота жасатады. Сол кезде Елбасымен кездесудің сәті түспегенде, бәлкім осы жетістіктерге әлдеқайда қиын жолмен жетер ме едік, кім білсін?» - дейді Аружан.

«Қалыңыз қалай, Елбасы?»

Ол Елбасымен екінші кездесуі қалай болғаны туралы айтты. 2015 жылдың наурыз айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға сапары кезінде алған «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығының қаражатын «Милосердие» ерікті қоғамы» қоры мен мемлекеттік тілді дамыту қорына бөліп берген болатын.
- Елбасы бөлген қаражат есебінен 2 балаға ота жасалып, 30 науқас баланың еміне қаржылай көмек көрсетілді және Алматыдағы ауруханаға медициналық құрылғылар сатып алынды. Келесі жылы Елбасы бізді Астананың Жаңа жыл кешіне шақырды. Мен мерекелік шараға Елбасы бөлген қаражат және Астанада бір жыл бұрын өткен Жаңа жылдық кеште жиналған қаражат есебінен ота жасалған екі баланы алып бардым. Ұйымдастырушылар бізге «Алдымен құттықтау сөзін сөйлеп, сыйлық алып кетесіңдер» деп түсіндірді. Бірақ балалар Елбасымен сөйлескілері келді. Қасымда тұрған өңеш обыры дерті бойынша ота жасалған бүлдіршіннің көзі жәудіреп кетті. Оған отыз рет ота жасалған, соның салдарынан төрт жыл бойы сөйлей алмай жүрді. Соңғы отадан кейін оның дауысы шығып, қызымыз бұлбұлдай сайрайтын болды. Ол маған мұңая қарап «Президентпен сондай сөйлескім келіп еді. Ол біздің Қарағандыға келе ме екен?» деп, ойын айтты. Мұндай сәт қайталана бермейтінін түсініп, оған «Сөйлескің келсе, сөйлесе ғой. Кейде ережелерді бұзып тұруға болады. Елбасының қасына барғанда сені ешкім ештеңе деп шектей алмайды» дедім. Ол сондай қуанып кетті. Біз сахнаға шығып, алғыс сөзін айтып болғаннан кейін музыка ойнап сала берді. Менің кішкентай қызым Елбасыға мойнын созып «Қалыңыз қалай?» деді. Елбасы оның дауысын естімей «Не дедің?» деп еді, менің «бұлбұлым» «Қалыңыз қалай деймін?» деді. Елбасы «Қалым жақсы. Өзіңнің?» деп, екеуі сөйлесе бастады. Сол сәт менің жүрегімде қалып қойды. Кейін балалар Ақордаға барып, Елбасымен бірге шай ішіп, тәтті бәліш жеп, қуанышқа бөленіп қайтты, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол мұндай бастамалардың іске асуы үшін билік пен халық арасындағы байланыс маңызды екенін айтты.
- Қайырымдылық жасауға қатысты жақсы нәтижеге жету үшін тек алға жүре білетін патриот болу керексің. Бұл жағдайда көп нәрсе билікте отырған адамдарға байланысты. Егер министрлікте не байланысқа шығуға, не мәселені шешуге құлықсыз адам отырса, онда қанша әрекет етсең де еш нәтиже шықпайды. Бұл жерде халық пен билік арасындағы байланыс өте маңызды, - дейді ол.

«Өзгелер өмір суруді армандайтын елге айналамыз»

Аружан өмірдегі жолын тапқысы келетін адамдарға кеңес айтты.

- Қандай адам болуды армандадыңыз, сондай адам болуға ұмтылыңыз. Жалақысы көп кәсіпті емес, қазіргі уақытта сәнге айналған мамандықты емес, жүрегіңізбен қалаған саланы таңдап, жүрегіңіз қалаған іспен айналысыңыз. Сонда ғана жұмысыңызға қуана барып, жақындарыңызға, достарыңызға көмектесе алатын пайдалы адамға айналасыз. Жетістік деген не? Қымбат көлік пе? Зәулім үй ме? Мүмкін жетістік деген өзіңізге қатысты ғана ой-арман емес, айналаңыздағы адамдарға, еліңізге қатысты ой-армандарыңызды іске асыру болар? Менің ендігі тілегім: шетелдіктер асырап алған жетім балалар кәмелеттік жасқа толғанда туған жерлеріне оралса екен. Ол кезде мемлекетіміз олар өмір сүруді армандайтын елге айналады деп сенемін, - дейді ол.
30 қараша 2018 ж. 864 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 76

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 125

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 132

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 95

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031