Арқасы мен кеудесіне ине кіргізіп тастаған: Аружан Саин ОҚО-дағы қыз баланың адамшошырлық оқиғасын айтты
Қыз баланың денесіне әдейілеп ине шаншып тастаған. Ал бұл туралы Бас прокуратураға хат жазылғанымен, одан жауап болмаған.
Бұл туралы “ДОМ” қайырымдылық қорының басшысы Аружан Саин желідегі парақшасында жазды.
“2016 жылдың қаңтар айының басында қорымызға Айна есімді қыздың әкесі хабарласты. Ол күйік шалған қызын шетелде емдетуге көмек сұрады. Біз барлық құжаттарын түрлі емханаларға, сонымен қатар “Фортис”, “МедҮндістан” халықаралық емханаларына өткіздік”, – деп жазады Аружан Саин.
Айтуынша, қыз баланың тексеру қорытындысын оқыған дәрігерлер жаға ұстаған.
“Құжаттарға қарап олар қыз баланың денсаулығына әдейілеп зиян келтіргенін айтты. Бүлдіршін мұндай жағдайда өліп кетуі мүмкін”, – дейді ол.
Қор басшысы қыз баланың жылдар бойы қандай жарақат алып келгенін тізіп берді.
“2012 жылы бас-ми жарақатын алған. Баланың өзі құлап қалды дегенге сену қиын”;
2013 жылдың қаңтар айында баланың басындағы қатпаған жұмсақ тініне ине кіргізген.
2013 жылы мамыр айында өңеші күйіп қалған. Балалар әдетте қышқыл нәрсе ішкенде, аузы күйгенін бірден сездіреді. Ал Айнаның өңеші, асқазанына дейін күйіп кеткен. Аузы мен мұрны күйген. Бұлайша тек қинап күйдіргенде болатын еді. Сонықтан бала өздігінен тамақтана алмай, зонд арқылы тамақ ішеді. 5 жасында тек 8 келіден ғана асты.
2014 жылы сәуір айында инені арқасына, кеудесіне тыққан. Бір ине омыртқасы мен жүрегінің ортасында 1 миллиметр ғана жетпей қалыпты. Кейбір инені ала алмады.
Қыз балаға гепатомегалия, өңделмеген іріңді эзофагит, ұзақ уақыт емделмеген екі жақты пневмония, ауыр дегидратация деген диагноздар қойылған.
Хат авторлары баланы отбасынан алыс әкетуге көмек сұрап, Денсаулық сақтау министрлігі, қамқорлық ұйымдары мен полициядан хабарласқанымен одан қайран болмапты.
Бірінші хат Бас прокуратураға 2016 жылы қаңтар айында жіберілген.
2016 жылы сәуір айында хатты Зағипа Балиеваға бергенбіз.
2017 жылы Бас прокуратураның жаңа басшығы Жақып Асановқа орынбасарынан тағы хат жазып жібердік.
“Бірақ бұл мәселе бойынша әлі күнге дейін еш жауап жоқ”, – дейді Аружан Саин.
Айтуынша, хат бас прокуратураға емес, кәмілетке толмағандарды бақылау бөліміне жіберілгенге ұқсайды.