Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ержүрек жауынгер көшесі неге ескерусіз?

Ержүрек жауынгер көшесі неге ескерусіз?

Сəндібек Инабатов жайлы естулеріңіз бар ма? Әрине, оның кім екенін кейбіреулер демесек, көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ендеше оның қоғамдағы орны қандай болды? Сәл ғана өткен күндерге шегініс жасай кетелік...
Сәндібек Демесінұлы Қазалының тумасы. Зерек жас темір жол мектебінен сегіз жылдық білім алған соң, осындағы селолық кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Онан тракторист-машинист мамандығын алып, 1980 жылғы 12 тамызда «Сельхозтехника» мекемесіне слесарь-монтажник болып орналасады. Сол жылдың қазан айында әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге от оранған Ауғанстанға жіберіледі. Армия сапында Сәндібек танк жүргізушілігін меңгереді.
Алайда, 1982 жылдың 5 мамырында тура жиырмаға толған шағында ерлікпен қаза табады. Ұзамай қайсар жауынгер көрсеткен батылдығы үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Қайран ердің қызғалдақ ғұмыры осылайша тым ерте үзіледі.
Сол жылдары интернационалист жауынгерді мәңгі есте қалдыру мақсатында ардақты азаматқа кіндік қаны тамып, туған жерінде көше атауы берілді. Дегенмен, он төрт үй орналасқан С.Инабатов атындағы көшеге бұл күндері айтарлықтай көңіл бөлінбей отырғаны көңілге кірбің ұялатады.
Кенттің бас жоспарында жоқ
5 кварталдағы 11-учаскеге алғашқылардың бірі болып үй тұрғызған Тілеуқабыл Көбековтің айтуынша, С.Инабатов көшесін Ш.Айманов көшесі екіге бөліп тастаған. Оның оң жағы ашық та, сол жағы тұйықталған. Әрдайым жарық, су, телефон көшенің оң жағына жоспар бойынша мемлекет тарапынан тартылады да, сол жағалаудың тұрғындары сымды да, бағаналарды да өздері сатып алып тартқызады. Неге олай дегенге, “тупик” жоспарға кірмейді дейді. Тек ғана, ауыз су кіргізуге арналып қазылатын жердің 1 метрінің өзі пәленбай теңге екен, оған құбырларын, басқа да қажетті құрал-жабдықтарын қосыңыз.
Тағы бір тұрғын Алтынай Қарымсақова аталған көшенің сол жағына қатысты өз ойын білдіріп, ішкі ренішін жасырмады.
–Болары болды, бәрін өзіміз тартып алдық. Өткенге өкінбейміз. Десек те, алдағы күндерге алаңдаулымыз. Біраз уақыт бұрын көшемізге биік бағаналар қойып, жарық тартты, баяғыша оң жағына ғана. Бәріміз жиналып барып, электр жарығын құрып жатқандардан сұрасақ, “тупик жоспарда жоқ” деп қарап тұр. “Тупик” деген аты пәле болды, өзімізді басқалардан кем санайтын күйге жеттік, – дейді ол.
Көше комитетінің мүшесі Саражат Мұхамбердиевтің түсіндіруінше, осы маңға бар-жоғы үш бағана орнатылып, соның біріне жарықшам қойылса, сонда тупик те түнектен шығады. №165 мектептің де ауласына жарық түседі екен. Көпшіліктің көкейіндегі мұқтаждығына орай аудандық «Қазалы» газетінің 2014 жылдың 24 желтоқсанындағы 98 нөмірінде «Тупиктегілердің тіршілігі» атты мақала жарияланды. Оған екі айдан соң сол кездегі кент әкімі С.Амановтың жауабы беріліп, 2014 жылы аудан орталығындағы электр желілерін дамыту бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға бірқатар жұмыстар атқарылғаны айтылды. Уәде бойынша, шет аймақтарға көңіл бөлініп, электрмен қамтамасыз етілетін болған-ды.
«Иә, сондағы көтерілген мәселе әупірімдеп зорға дегенде осы жылы жүзеге асты. Бір өкініштісі, «жарықшам мектеп ауласы тұсынан біздің көше беттен қойылса» деген тілегіміз орындалмады. Бұл жер жарықтандырылса, балалардың түнгі мезгілде емін-еркін үйлеріне жетуіне қолайлы жағдай туып, оқушылар қауіп-қатерге ұрынбас еді. Ал тас-түнекке бұзақылар үйірсек келеді. Кеш түсісімен мұнда алкогольді ішімдікке сылқия тойғандар жиі кездеседі. Бұл алғашқы өтінішіміз.
Екінші ұсыныс – ол аса ұзын емес жолымызға жанымыздағы көшелерге төсегендей, қиыршық тас төгілсе, өзгелердей өркениеттің дәмін татқымыз келеді. Ал үшіншісі, әрине, аяқсу мәселесі. Жақында оң жақ беткейімізге аяқсуға арналған құбырлар жүргізілді де, біз тағы да ілікпей қалдық. Оны қалай түсінуге болады?! Бірақ, жуырда аудандық «Қазалы» газетіне алты көше аяқсумен қамтылғандығы, оның ішінде Инабатов көшесінің екі жағына да құбыр орнатылғандығы хабарланды. Бұл жалған ақпар», – деп ашынған көше тұрғыны Т.Көбеков өз түсінбеушілігін ренішті кейіппен жеткізді.
Тұрғындардың өтінішін Әйтеке би кенті әкіміне жолдағанымызда редакцияға 02-3/1250 нөмірлі жауап хат келді. Онда аталған екіге бөлінген көше жобада қаралмаған, қосымша жұмыстар мердігер мекеме тарапынан атқарылды делінген. Осы жоба іске асқан жағдайда қалған бөлігіне аяқсу құбыры жүргізіледі-міс. Ал жолды тегістеп оған қиыршық тас төсеу алдағы уақыттың еншісінде.
Ескерткіш-белгі қойылса
Жауапты тұлғалардың немқұрайлылығы салдарынан мемлекеттік бағдарламалардан шеттетілген С.Инабатов көшесінің тұрғындары айтылған сөз желге ұшпайтындығынан үмітті. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығатынындай» тиісті орындар кент жос­парына енгізер деген тілек бар. Батыл да, батыр жауынгер есімін алған көшенің әлеуметтік жағдайы қашанғы көлеңкеде қала бермек. Олардың да айы оңынан туып, күрмеулі мәселенің түйіні шешілер.
Айта кетейік, миллиондаған жүректерге сызат түсірген ақтаңдақ беттің бірі – Ауған соғысы. Сол кездегі солақай саясатқа сәйкес қанды шайқаста құрбан болғандар өз елінің нағыз патриот­тары еді. Олар істерінің әділдігіне, бейбітшілік үшін күресіп жатқандарына сенді. Ауғанстанға барған қазақстандықтардың көбі небәрі 19 жас­та екен. Дейтұрғанмен, көкөрімдігіне қарамастан, интернационалдық борыштарын орындау кезінде өмірлерін де аяған жоқ.
1979 жылғы 25 желтоқсанда басталған соғыс 1989 жылдың 15 қазанында әлем бойынша «Жаңаша саяси ойлау» нәтижесінде Женева келіссөзі арқылы тоқтатылып, 15 ақпан күні Ауған жерінен әскери базалар толықтай шығарылды. Биыл Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына табаны күректей 30 жыл толып отыр. Сондықтан кезінде қатерге бел буып, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, азаматтық парызына адал болған жерлестерді мәңгі есте сақтау, бүгінде көзі тірі ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп-құрметтеу басты борыш деп есептейміз. Оларға қандай сый-қошемет көрсетсек те көптік етпейді.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді естен шығармай, жарық жұлдыздай жарқ еткен қазалылық ер – Сәндібек Демесінұлы Инабатовтың рухы ардақталып, көше басына ескерткіш-белгі орнатылса, нұр үстіне нұр. Бұл бейбіт заман үшін шейіт кеткен батырды да құрметтегендіктің шынайы көрінісі болар еді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

06 қараша 2018 ж. 1 761 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 60

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 52

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930