Балаларды өрттен арашалаған полицей марапатталды
Ағымдағы жылдың 5 мамырында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде бейбіт уақытта ерлік көрсеткен полиция қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қасымов Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы ерлік үлгісін танытқан Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы полиция капитаны Нұржанов Бауыржанға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалін табыстады.
Отан алдындағы антына берік болып, қызметтік міндетін адал орындаған полиция капитаны өрттен адамдарды құтқарған.
Өткен жылдың ызғарлы қазан айы болатын. Шымкент көшесінің бойындағы №24 үйдің жоғарғы қабатынан өрт шығып жатқанын Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы полиция капитаны Нұржанов Бауыржан байқап қалады.
Дереу пәтерге ұмтылған Бауыржан «101» нөміріне хабарлама береді. Ойланбастан өрт шыққан пәтердің есігін сындырып, ішіне кіреді. Өзінен кейін оқиға орнына Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Уалихан Исмаилов екеуі өртке оранған пәтер ішінен 5-6 жастағы балғындарды құтқарып алып шығады.
Адам өмірін арашалап қалуға ұмтылған қайсар қос азаматтың арқасында өрт кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.
Отан алдындағы антына берік болып, қызметтік міндетін адал орындап, еңбегі еленген полиция капитанының ерлігі көпке үлгі, жастарға өнеге болып қалмақ.
Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі