Қызылорда архивтеріндегі құжаттардың 33 пайызы цифрландырылды
Бүгін Қызылорда қаласында «Архив құжаттарын беру тәртібі» тақырыбында екікүндік республикалық өңірлік семинар басталды.

Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі басқармамен бірлесіп ұйымдастырған семинарға Алматы, Шымкент қалаларының, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы архив мекемелерінің өкілдері, оны жинақтаушылар қатысты.
Басқарма басшысы Жанмұрат Сейілов бұл архив ісін дамытудың, құжаттарды сақтау, пайдалану, цифрлық форматқа көшіру және қолжетімді ету бағытында тәжірибе алмасудың маңызды алаңы екенін атап өтті.
— Қызылорда облысының архив қорында 811 558 сақтау бірлігіндегі құжаттар сақталған. Бүгінгі күні оның 33 пайызы цифрландырылып, «Е-Архив» ақпараттық жүйесіне 195 қордың 65 222 іс-құжаты енгізілді. «Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі» ақпараттық жүйесінен 2011-2021 жылдар аралығында қалыптасқан электрондық құжаттарды «Е-Архив» жүйесіне миграциялау жұмысы жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні 1 606 283 құжаттың орындалу карточкасы толтырылып, 488 733 құжат ауысты, — деді ол.
Басқарма басшысы атап өткендей, кейінгі 3 жылда архив саласына 1 млрд 841,4 млн теңге бөлінді. Жергілікті архив мекемелерінің аудандарда жаңадан ашылған Руханият орталықтарына көшірілуі нәтижесінде апатты ғимараттар мәселесі шешілді. Бұл архив қоймаларында 200 мың құжатты сақтауға мүмкіндік берді.Семинар барысында мамандар қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді тәжірибеде қолдану, ведомстволық деңгейде және мемлекеттік архивтерде қоймадан архивтік құжаттарды беру бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін ортаға салды. Республикалық іс-шара ертең де жалғасады.
Айта кетейік, ертең Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқыға салмақ.