Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бекет атаның батырлығы

Бекет атаның батырлығы

1943 жылы Қазалы комиссариатынан әскер қатарына алынып, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында оқ пен оттың ортасында жаумен жағаласқан қазалылық жауынгерлердің бірі – Бекет Сарқұлов. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде екінші Беларусь майданының 50-ші армиясы, Қызыл тулы Карачев атқыштар дивизиясының №369-шы арнайы саперлер батальонында ұрысқа қатысқан. Бекет Сарқұлов екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» ордені және Ерлігі үшін медалімен награтталған.
Бекет Сарқұлов 1915 жылы Қазалы уезінде, қазіргі Ақжона ауылдық округіне қарасты бұрынғы Ворошилов колхозында дүниеге келген. Майдан даласына аттанам дегенше қолына кетпен, күрек, айыр, тырма, орақ ұстап, колхозшылар қатарында еңбек етеді. Қанды қырғынның нағыз қызған шағы 1943 жылы соғыс комиссариатына шақырылып, Қызыл армия қатарына алынады. Фашистік Германияға қарсы соғыста саперлік даярлықтан өткен соң, майданның алғы шебіне жіберіледі. Сол жылы сенімді, табанды, қайсар жауынгер ретінде коммунистік партия қатарына қабылданады. 1944 жылы маусым айында басынан ауыр жарақаттанып, госпитальда емделгеннен кейін соғысқа қайта түседі.
Армияда әскердің бірнеше түрі бар. Атты әскер, жаяу әскер, танкистер, ұшқыштар, артиллеристер, тағы да басқа. Саперлер инженерлік әскерге жатады. Танк жүргізушісін танкист десе, армияда инженерлік қызметті атқарушыларды сапер дейді. Саперлердің міндеті соғыс уақытында ауыр артиллерия, танкілер, әскер жүретін үлкен жолдарды, көпірлерді салу, жаудың әскер жүре алмасын деп жасаған кедергілерін құрту, жаяу әскерге окопты қалай қазуды үйрету, сонымен қатар жау жүре алмас үшін оның өтетін көпірін қирату, жолын бұзу, мина салу, темір сымнан жасалған жаудың кедергі торларын қырқу, барлық амалдармен жаяу әскерге жол ашу. Сапердің соғыс уақытында орны ерекше. Ол мылтық ата білуге қабілетті әрі қара күштің иесі болуы тиіс. Ептілік, темірдей жүйке, батылдық саперге қажет басты қасиет. Сапер ұрысқа бірінші түседі әрі ең соңынан шегінеді. «Әмбебап әскер» деуге әбден сай келетін саперлердің араласпайтын жері жоқ. Тіпті саперлердің арасында «Сапер бір-ақ рет қателеседі, сол қатесіне жауап береді», – деген мақал бар. Міне осындай майдан даласында ауыр әрі жауапты қызметте болған сапер Бекет Сарқұловтың ерлігі ерен. Ол КСРО Жоғарғы кеңесінің 1945 жылғы 25 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес 12 қазанда елге қайтарылған.
Туған жерге оралған соң Ворошилов колхозында жұмысын жалғастырады. 1951 жылы ауыл басшылары «Әскерде болған, соғыс көрген сенімді адам» деп колхозға бірініші рет келген «ГАЗ-51» автомашинасын жүргізіуді Бекет Сарқұловқа жүктейді. Сөйтіп, ол колхоздағы ең алғашқы шофер атанады. Ол кезде қазіргідей автокөлік жүргізушілерін дайындайтын мектеп жоқ. Машинасы бар колхоздарда бірен-саран. Көбісі ат арба, өгіз арбаның көмегімен жұмыстарын атқаратын. Ауылдастарының айтуынша, Бекет ата жүргізушілікті Қазалы қаласында тұратын Вексель деген немістен үйренген көрінеді. Өзіне бекітілген көлікті он жыл тізгіндеген Бекет атадан талай жігіт машина жүргізудің қыр-сырына қаныққан. Ізгілікті ісі мен тиянақты тірлігі оны көпшілікке сыйлы етті.
Ортақ Отанды фашистерден азат ету жолында жанқиярлығымен батылдығы үшін Бекет Сарқұлов бірнеше медальдармен награтталған. Оның кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені, «За Отвагу», «За Победу над Германией» медальдары, «Жеңістің 30 жылдығы», «СССР Қарулы күштеріне 60 жыл» мерекелік медальдары жарқырап тұратын. Отан соғысы ардегерінің көзін көргендердің айтуынша, оның еңбекқорлығы, адамгершілігі, үлкен-кішіге деген ілтипаты ерекше болыпты. Қонақжайлығы өз алдына. Шаңырағынан үнемі кісі арылмайтын соғыс ардагерінің азаматтығын ауылдастары ауыздарынан тастамай айтып отырады. Колхоз жұмысынан денсаулығына байланысты өз еркімен шығып, «Октябрь» жұмысшылар кооперациясында автодүкен меңгерушісі болған кездері де суреттері селолық жұмысшылар кооперациясының және аудандық тұтынушылар одағының құрмет тақтасынан түспей, ілініп тұрған. Сол жылдары сауда мекемелерінің басшылары Кәдір Құрмантаев, Базарбай Нағыманов, Кәримолла Тәжмағанбетовтың қолы қойылған «Алғыс хаттар» да Бекет Сарқұловтың жұмысына деген жауапкершілігі мен оған көрсетілген сый-құрметтің қандай болғандығын аңғартады.
Бекет Сарқұлов құдай қосқан қосағы Шамшырақпен өмірге бір ұл, бір қыз әкеліп, тәлімді тәрбие берді. Ұл-қызын еңбекқор, көпшіл, қонақжай болуға ерте бастаған баулыған Бекет атаның ұлы Сақыш әкесі туралы әңгімесінде: «Әкем қазаншыл, анам тазайын кісі болды. Заманында біздің үйден шәй ішпеген кісі аз шығар. Қонақтардың атын байлап, қолдарына су құйып жүріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрендім. Бата алдым. Бұның бәрі әкемнің тәрбиесінің арқасы. Жалғыз бала болғандықтан болар әкем маған ерекше қарайтын. «Балам, оқы келешегің білімде» – деді. Ауылшаруашылығы техникуының ветеринария бөлімін бітірдім. Жас та болсам әкемнің қасында еріп жүріп, әкемнің беделін, қадірін білдім», – дейді. Жауынгердің жалғыз ұлы Сақыш та бүгінде өзі немере сүйіп отыр. Жары Ықпал екеуінен тараған екі ұл, алты қыз өмірден өз орнын тауып, еңбек етуде. Ұлдың үлкені Шынтас аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі. Бектас №216 Қ.Сәтбаев атындағы мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде.
Қарт жауынгер жаугершілік заманда алған жарақатының салдарынан дертке шалдығып, 1983 жылы бақилық сапарға аттанды. Алайда, оның артында есімін мәңгі өшірмейтін елге еткен еңбегі мен адал қызметі қалды.
Әрине, майданда қанға малшынып, отандық рухты биік ұстаған Бекет атаның батырлығы ұрпаққа ұлағат.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

21 қыркүйек 2018 ж. 3 164 0

Ротация туралы не білеміз?

03 желтоқсан 2024 ж. 54

Ерекше жандар ескерілді

03 желтоқсан 2024 ж. 82

Тәуелсіздікті ту етемін

02 желтоқсан 2024 ж. 83

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031