Енді қазақстандықтар онлайн емделе алады: пилоттық жоба басталды
Жобаға сегіз өңір қатысып жатыр
Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігі «Онлайн медицина» атты пилоттық жобаны іске қосты. Енді ауылда немесе шалғай елді мекенде тұратын қазақстандықтар да сапалы медициналық көмек алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік мамандардың қашықтығы мен тапшылығына байланысты телемедицина технологияларын енгізіп жатыр. Яғни шалғай ауылдар үшін интернет арқылы дәрігермен кеңесу, бейнеқоңырау арқылы тексерілу мүмкіндігі пайда болды.
«Науқас алдымен ауылдағы медициналық немесе фельдшерлік-акушерлік пунктке жүгінеді. Оны алдымен мейірбике тексеріп қарайды. Шалғай ауылдарға медициналық тексеріс жүргізу үшін арнайы жабдықталған сөмкелер берілген. Олардың ішінде офтальмоскоп, стетоскоп, ЭКГ аппараты сияқты құралдар бар. Бұл құрылғылар науқастың жағдайын тіркеп, оның жағдайы туралы деректерді бірден облыстық клиникаға жолдайды. Сондай-ақ экспресс-анализдер жасауға болады: биохимиялық қан анализі және зәр анализі. Облыстық клиникалық аурухананың дәрігері пациенттің жағдайымен танысып, республикалық деңгейдегі маманның кеңесі қажет пе, жоқ па – соны шешеді. Егер республикалық деңгейдегі дәрігердің араласуы қажет болса, облыстық аурухана «Дамумед» немесе «е-денсаулық» платформалары арқылы республикалық деңгейдегі мамандармен интернет арқылы байланысқа шығады», - деп түсіндірді ДСМ Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы Электрондық денсаулық сақтаудың стандарттары мен реттеушілік базасын жетілдіру басқармасының бастығы Лаура Шамшутдин.
Яғни науқасты қай деңгейде қарау керек екенін облыстық клиника шешеді. Егер мәселе ауылдық дәрігерлік амбулатория деңгейінде шешілсе, әрі қарай жолдама берілмейді. Егер шешім табылмаса, облыстық клиникалық ауруханаға жіберіледі. Ал облыстық деңгейде де емі табылмаса, республикалық деңгейдегі мамандардың кеңесіне жүгінеді.
Лаура Шамшутдиннің айтуынша, бұл жағдайда науқастың өзі емес, дәрігерлер бір-бірімен байланысады. Себебі нақты диагнозды дәрігер ғана қоя алады. Республикалық деңгейдегі мамандарға артық жүктеме түсірмеу үшін пациенттің жағдайымен алдымен облыстық клиникалық аурухана танысады. Егер облыс науқастың еміне шипа таба алмаса, республикалық деңгейдегі мамандардан көмек сұрайды.
Пилоттық жобаға еліміздің сегіз өңірі – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан 100 медицина нысаны қосылған. Олар: 6 облыстық клиникалық аурухана, 2 қалалық аурухана, 15 қалалық емхана, 8 орталық аудандық аурухана, 1 МСАК орталығы, 1 ауылдық аурухана, 30 дәрігерлік амбулатория, 16 фельдшерлік акушерлік пункт, 21 медициналық пункт.