Төңірекке тыныштық, шаңыраққа шаттық ұяласын
«Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» дейді халқымыз. Тарих қойнауына аттанғалы тұрған жыл еліміз үшін жемісті болды. Қазақстан әлем елдерінің назарын өзіне аудартқан «ЭКСПО – 2017» көрмесін табысты өткізіп, оны миллиондаған адам тамашалады.
Өтіп бара жатқан жыл қазалылықтар үшін де нәтижелі жыл болды. Бес бірдей білім ордасы пайдалануға берілді. Жаңадан 150 орындық аудандық аурухана салынды. Басты байлық денсаулық екенін ескерсек, бұл медицина орталығының маңызы ерекше.
Алдағы жылы да аудан жұртшылығы ынтымақ пен келісімнің өнегелі үлгісін көрсетіп, еліміздің жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек ететіндігіне сеніміміз мол.
Жаңа жыл – ит жылы толайым табысты, ынтымақ пен ырыс¬ты болсын. Әр шаңырақ мерекелі шаттыққа, берекелі бақытқа бөленсін. Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!
Ғалымбек БАЙМАХАНОВ,
аудандық емхананың меңгерушісі.
аудандық емхананың меңгерушісі.
***
Жаңа 2018 жылда барлық тілектердің орындалуын, сәттіліктердің жалғасуын, тыныштық пен құт-береке болуын тілеймін. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа ырыс пен несібе алып келсін. Барша қазақ елін алдағы уақытта қуаныш пен бақыт күтіп тұрсын.
Жаңа жылда шаңырақтарыңыз шаттыққа, жүздеріңіз нұрға толсын. Өткен жылы да жаман болмадық, келер жылда да тек жақсылықтарды көруді жазсын.
Әрбір жаңа бастамаларыңыз жеңіс пен сәттілікке ұласа берсін. Асқақ арманымыз орындалып, жүректер жылудан айрылмасын. Жаңа жыл тың шығармашылық ойлар, биік кәсіби жетістіктер, керемет оң өзгерістер, жарқын кездесулер мен қуанышты оқиғалар, тамаша бастамалар мен оң шешімдер жылы болғай.
Ділдәбек АЙТМАМБЕТОВ,
№190 мектеп директоры.
***
Әне-міне дегенше тауық жылын да шығарып салатын уақыт жетті. Жеке кәсіпкер болған соң, жыл аяғында өзімізге есеп беріп отыратын дәстүріміз бар. Осылайша өткен жылды қорытындылап, алдағы жылға жаңа жоспар құрамыз.
2017 жыл біз үшін табысты жыл болды десек, артық айтқандық емес. Бізге қарасты «Агро–Өркен» серіктестігінің қамбасы астыққа толып, ойдағыдай өнім алынды. Биыл отбасымыздың атынан еңбек адамдарының жұмысын бағалау, оларға құрмет көрсету мақсатында серіктестікте ұзақ жыл тынбай еңбектеніп келе жатқан үздік егінші мен механизаторға бір-бір автокөлік мінгіздік. Өзгелері де марапаттаудан құр қалған жоқ.
Алдағы 2018 – ит жылынан да күтеріміз көп. Халқымыз жеті қазынаның біріне жататын итті ерекше бағалаған. Сондықтан бұл жыл да бізге құтты да қазыналы боларына сенеміз. Ең бастысы, еліміздің әрбір тұрғыны Отанымызға адал, жұмысына ұқыпты болса еліміз бұдан да көркейіп, дами берері сөзсіз. Ит жылы халқымызда молшылық, тоқшылық болсын. Жаңа жылда жаңа табыстарға жете берейік!
Медеу ЕСҚОЖАЕВ,
жеке кәсіпкер.
***
Жаңажылдық мерекені жұрт асыға күтеді десек артық айтқанымыз емес. Себебі, бұл көпшіліктің көңілін қуанышқа бөлейді. Әсіресе, бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақар қыздың қолынан әр алуан сыйлықтар алып, жыл бойғы армандары орындалатын сәт деп санайды. Аяз атаға алдын ала хат жазып, көңіл қалауларын білдіріп жататын да солар. Қалай дегенде де, балалардың қиялындағы жаңажылдық таңғажайып шырша ертегі секілді. Ересектер үшін де бұл күннің орны бөлек.
Қазалы жұртшылығы үшін тауық жылы табысты болды. Биыл біз ауданымыздағы біршама жағымды жаңалықтардың куәсі болдық. Оның ішінде, Әлсейіт өткеліндегі темір-бетон көпірі құрылысы басталғанына дарияның арғы бетіндегі ағайындар өте қуанышты. Біздің жол азабынан арылатын күн де алыс емес.
Келер жылдан да күтеріміз мол. Еліміз бен жеріміз береке-бірліктің, молшылықтың құшағында тербеле бергей!
Нұрлан ҚАМАНОВ,
Ү.Түктібаев ауылдық клубының меңгерушісі.
***
Міне, қуаныш-шаттығымен келген тауық жылы тәмамдалып, ит жылы да есігімізден енгелі тұр. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер күннен үміт көп» дегендей бұл жыл жұртымыз үшін жаман бола қойған жоқ. Тәуелсіз мемлекетіміз үлкен-үлкен жетістіктерге жетті.
Құрметті жерлестер! Көңілге қуаныш, жүрекке шаттық сыйлаған жаңа жыл құтты болсын. Бауырымыз бүтін болсын, жақындарымыз аман жүрсін. 2018 жыл ырыс пен ынтымақтың, береке мен байлықтың, бейбітшілік пен бақыттың жылы болғай. Аялы арманымыз орындалып, жүректер жылудан айрылмасын.
Жаңа жыл, жаңа күн, жаңа өмір. Бұл күн тіршіліктің барлық иелеріне жаңа үміт, қуаныш, ерекше махаббат сыйлайды. Сол махаббат, қуаныш пен үміт жыл бойы шаңырақта болсын. Мерекелік кештің қуанышқа толы көңілді сәттері жыл бойына әрбір шаңырақта сақталсын. Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын!
Айгүл ЕРІШЕВА,
«Балапан» балабақшасының меңгерушісі.