Мемлекет басшысы Астанадағы жаңажылдық қайырымдылық балына қатысты
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы жаңажылдық қайырымдылық балына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Елбасы кешке қатысушыларға арнаған сөзінде Жаңа жыл мерекесі әрдайым көтеріңкі көңіл-күй мен бақытты болашаққа деген үміт сыйлайтынын атап өтті.
- Өтіп бара жатқан жыл жарқын және ауқымды оқиғаларымен есте қалады. Қысқы Универсиада мен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі қазақстандықтарға және шетелдік қонақтарға спорт пен технологияның тамаша мерекесін тарту етті. Біз Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитін жоғары деңгейде өткіздік, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде еліміздің бейбіт бастамаларын ілгерілету мәселелеріне және алдағы жылы Қазақстанның осы халықаралық ұйымға төрағалық етуінің перспективаларына ерекше тоқталды.
- Бұл - әлемнің екі жүзге жуық елінің жас мемлекетке білдірген айрықша сенімі. Келесі жылы Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, сондай-ақ басқа да көптеген маңызды іс-шаралар өтеді. Бұл жеңістердің барлығы - әрқайсымыздың күш-жігеріміз бен қажырлы еңбегіміздің нәтижесі. Әрбір азаматымыз Қазақстанның жетістіктеріне қатысы бар екенін сезінгені маңызды, - деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кешке қатысушыларды келе жатқан жаңа 2018 жылмен құттықтап, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, қуаныш пен шаттық тіледі.
- Бәріміздің үйіміз мейірім шуағына бөленіп, бақ-берекеге толы болсын! - деді Қазақстан Президенті.
Жаңажылдық балды өткізуден түскен қаражат қайырымдылық мақсатқа бағытталатын болады.