Балғындар бақытқа бөленді
Жаңа жыл – баршамыздың асыға күтетін ең ғажайып мерекелеріміздің бірі. Әсіресе бұл таңғажайып қызыққа, сиқырға толы мерекенің балалар үшін орны бөлек. Мұны жақсы түсінетін ересектер бүлдіршіндердің көңілін жадырату үшін қолдан келгенін аянып қалмайды. Осыған орай жыл сайын Қазалы ауданы әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасын ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Жылдағы үрдіс бойынша балғындарды бақытқа бөлеген "Нұр себеле, Жаңа жыл!" атты аудан әкімінің шыршасына 150-ге жуық оқушы қатысты. Жаңа жылдық кештің көркін аяз ата мен ақшақар қыздырды. Олар шыршаны айнала қоршаған балақайларға ойын ойнатып, би билетті. Сонымен қатар ойы озық, жауабы жылдам бөбектерге сыйлық таратты. Бұдан кейін аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы мерекелік лебізін жолдады.
– Ескі жыл еліміз үшін мерейлі белестер жылы болды. Барлық салада да өсіп, өркендеу бар. Сіздердің барлықтарыңыздың биыл жақсы нәтиже көрсеткендеріңізді білемін. Мен бұл үшін өте қатты қуаныштымын.
Жаңа жылды қарсы алу – жаңа армандармен қауышу. Сондықтан келер жылы алға қойған мақсаттарыңызға жетіп, ата-аналарыңызды қуантып, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар.
Баршаңызға жаңа ұлу жылында бақыт, денсаулық, үздік оқу тілеймін. Жаңа шындардан көрініп, ауданымыздың даңқын көтере беріңіздер, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң жаңа жылдың басты кейіпкерлері аяз ата мен ақшақар алдында құлыншақтар өнерлерін ортаға салып, сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлерінің ғажайыпқа толы қойылымдарын тамашалап, ерекше күйге бөленді.
Жаңа жылдық мерекеде балақайларға аудан әкімінің сыйлықтары үйлестіріліп, арнайы жасалған тәтті торт сыйға тартылды. Шара соңында бөбектер жайылған дастарханнан дәм татып, қуанышқа кенелді.
С.ӘЛИҰЛЫ