Аудан әкімі Қорғаныс істері бөлімі мен Жедел-жәрдем станциясының жұмысымен танысты
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліммен және бөлімге қарасты әскерге шақыру пунктінің жұмысымен танысты.Қазіргі таңда мұнда азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке қабылдауға әзірлеу, медициналық тексеруден өткізу және жөнелту жұмыстары жүргізілуде.
Қорғаныс істері жөніндегі бөлім ғимаратына өткен жылы 188 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Жөндеу барысында ғимараттың сыртқы қасбеті жаңғыртылып, ішкі әрлеу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық желілер мен жылу жүйесі толығымен қайта жаңартылды.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша күзгі әскерге шақыру науқаны аясында 58 азаматты әскер қатарына жөнелту жоспарланған. Бүгінге дейін облыстық жиын пунктіне 39 азамат жіберіліп, оның 19-ы Отан алдындағы әскери борышын өтеу үшін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдері мен Ұлттық ұлан сапына жөнелтілді.
Аудан әкімі қорғаныс істері бөлімі ғимаратынан кейін Қазалы жедел жәрдем станциясының да жұмысымен танысты. Станция меңгерушісі аудан басшысына медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы, материалдық-техникалық базасы және жедел медициналық көмек көрсету сапасы туралы баяндады.
Қазіргі таңда станцияда 99 қызметкер еңбек етеді. Бөлімшенің қарамағында 9 санитарлық автокөлік бар. Күндізгі ауысымда 4, түнгі ауысымда 5 бригада тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсетеді.
Аудан әкімі салаға жауапты орынбасарына қорғаныс істері бөлімінің шақыру пунктіндегі арнайы медициналық кабинеттерді санитарлық талапқа сәйкестендіру және жедел жәрдем ауласындағы автотұраққа дейін жолға қиыршық тас төсеу мәселелері бойынша жұмыс жасауды тапсырды. Берілген тапсырмаларды сапалы ұйымдастырып, халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету керектігін ескертті.













