Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитеті құрылады

— Бірінші — лицензияланған провайдерлердің функциясын кеңейту. Нарықта толық циклді компаниялар пайда болуға тиіс. Олар цифрлық активтерді шығарады, сатады, айырбастайды және сақтайды. Сондай-ақ есеп айырысуды жүргізеді. Операцияларға банктер, брокерлер және басқа қаржы ұйымдары кеңінен тартылады. Екінші — Қазақстанда шығарылған стейблкоиндерді пайдалану. Олар тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуде, экспорттық-импорттық операцияларда және трансшекаралық аударымдарда қолданылады. Бұл есеп айырысуды жеделдетіп, бизнес шығындарын азайтады. Үшінші -орталықтандырылмаған қаржыны реттеу тәсілдерін әзірлеу. DeFi бизнес-модельдеріне талдау жүргізіліп, оның үздік артықшылықтары — жылдамдық пен смарт-механизмдерді жаңа бағдарламаланатын сервистерді енгізу көзделеді, — деді ҰБ төрағасы.
Ол төртінші шара ретінде цифрлық майнингті дамытуды атады. Бұл ретте майнинг үшін жалпы энергия жүйесіне қосымша жүктеме түсірмейтін пайдаланылмайтын, автономды және жаңартылған энергия көздерін пайдалану ұсынылады.
— Бесінші — арнайы салық режимін құру, оның ішінде 2026-2028 жылдары қазақстандық провайдерлер арқылы жасалған операциялар бойынша жеке тұлғалардың кірісін жеке табыс салығынан босату. Алтыншы — Ұлттық банктің жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру. Ол саясатты әзірлеуді, лицензиялауды, қадағалауды, талдауды және инновациялық жобаларды сүйемелдеуді біріктіреді, — деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, Үкімет отырысында цифрлық активтер саласын дамыту мәселелері талқыланып жатыр.










