Күз келгенде орман тыныштығын маралдардың ерекше дауысы бұзады. Алыстан естілетін бұл үн — жай ғана табиғи дыбыс емес, аталық маралдардың күйек кезеңіне кіргенін білдіретін белгі.
Фото: Pixabay
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жазуынша, күзде аталық маралдардың мінез-құлқы өзгереді. Олар ерекше дыбыс шығарып, аналықтарды шақырады. Сонымен қатар бұл дауыс арқылы басқа аталықтарға өзінің бар екенін білдіреді.
Марал не үшін дауыс шығарады?
Аналықтарды шақырады. Дауыс арқылы аталық өзінің бар екенін білдіреді.
Қарсыласына белгі береді. Өзге аталықтарға өзінің аумақта екенін және күйекке қатысып жатқанын көрсетеді.
Бәсеке күшейеді. Күйек кезінде аталықтар арасында аналықтар үшін бәсекелестік арта түседі.
Осы кезеңде маралдың дауысы орман ішінде алыстан естілуі мүмкін. Бұл — күзгі табиғатқа тән ерекше құбылыстардың бірі.
Еске салайық, бұған дейін «Алтын-Емелден» Іле-Балқаш резерватына 30 құлан көшірілгенін жазғанбыз.