Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қу дүние қоғамды құртып барады

Қу дүние қоғамды құртып барады

Аружан түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмады. Ертеңгі болар сынақты ойлап, санасында сан сұрақ тұрды. «Тағы өте алмай қалсам ше? «Жо-жоқ қайтсемде осы жолы сүрінбеуім керек. Жұмыссыз жатқаныма да үш жыл болды. Сандықтың түбінде сары майдай сақталған қызыл дипломның «қызығын» көретін күн қашан туар екен өзі?», – деп ой жетегінде жатып, ұйықтап кетіпті. 
***
Бірінші қыркүйек білім күні. Таңертеңмен оянған Аружан асықпай жуынып-шайынып, таңғы асын ішті. Өзіне арнап тігілгендей тұп-тура тұратын жейде мен белдемшесін киіп, айна алдынан әрлі-берлі өтті. Бірдеңе жетіспей тұрған сияқты. Еее, енді байқады биік өкшелі туфлиін киюді ұмытыпты ғой. Қап-қара, жылтыр аяқ киімін кигенде еңсесі тіктеліп, тіптен ажарлана түсті. Иықтан түсетін қара шашын жоғарыға көтере, буған. Қолына сөмкесін ұстап, мектепке аяңдады. 
Бүгін жұмыстағы алғашқы күні. Төрт жыл жоғары білім алып, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын өте жоғары бағамен бітірді. Аружанның балалармен жұмыс істеу бала күнгі арманы еді. Асқақ арманына, алға қойған мақсатына жету үшін төрт жыл тынбай кітап «кемірді». Ата-ана, ұстаздар үміті ақталып, Аружан қызыл диплом иегері атанды. Алып-ұшып ауылға жетті. Өзі түлеп ұшқан алтын ұяға жұмысқа орналасып, бастауыш сыныптағы жетекшісі Дәмелі апайы секілді білікті ұстаз болмақ. Ол арманы да орындалды. Қазір бұны балалар жамырай күтіп алып, гүл шоқтарын ұсынады. Аружан да құшағын айқара ашып, шәкірттерін бауырына басады. 
***
Бөлмені басына көтере ұялы телефон безілдеп қоя берді. Оятқыштың дауысы екен. Сағат тілі таңғы жетіні көрсетіп тұр. Аружан төсегінен жылдам көтерілді. Әлгіндегі оқиға тәтті түсі екен. Әттең, сол керемет көрініс өңіне қашан айналар екен?
– Апа, тұрдыңыздар ма? Мен сынақтан қалып қоямын. Ұйықтап қалыппын ғой, – деп жүгіре жүріп, жуынды. Апыл-ғұпыл киіне бастаған қызына анасы: «Қызым, таңғы асыңды ішіп ал. Әлі ерте. Тоғызда басталады деп едің ғой», – деп бәйек болуда. 
– Апа, ертерек бара берейінші. Кешігіп қалғаннан, ерте барып, күткен жақсы, – деп Аружан асығыс үйден шықты. Аудан орталығына жүретін таксиге отырды. 
Аружан Алматыдағы белді жоғары оқу орнының бірінде «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын меңгерді. Қызыл дипломын құшақтап, жұмыс іздеп жүргеніне де бірталай уақыт болды. Аудандағы біраз білім ошағына бас сұғып, жұмыс сұрай барды. Барлығының айтары бір сөз: «Бос орын жоқ, мұғалім толық. Түйіндемеңізді қалдырыңыз. Біз сізге хабарласатын боламыз», – дейді де арқасынан қағып, шығарып салады. Жұмыспен қамту орталығына да әр он күн сайын барып, мамандығына деген сұраныстың әзірге келмегендігін естігенде еңсесі түсіп кері қайтады. 
Бұған дейін де осындай конурсқа бірнеше рет қатысқан. Неге екенін қайдам? Өтпей қалады. Ел-жұрттың айтып жүрген «танысың мен ақшаң болмаса, талабың мен талантыңнан пайда жоқ» деген сөзінің жаны бар секілді. Әйтпесе, бір адамдай-ақ білімі бар ғой. Айыбы басшылардың қалтасын «қомпайта» алмайтындығы. Бұл жолы да өз «күшіне» сеніп келді. 
Қатарласа отырған өзі құралпы қыз амандық-саулықсыз:
– Қанша бердіңіз?– деді
– Кімге, қанша бергені қалай?
– Жұмысқа тұру үшін қанша бердіңіз деймін. Әлде жоғары да «көкеңіз» бар ма?, – деп күле қарады әлгі қыз. 
– Ешкімім жоқ, ештеңеде бермеді. 
– Ойбу, онда құр әурешілік ғой сіздікі. Қазір кім жұмысқа білімге қарап алып жатыр. Біз «беріп» қойдық. Қайда баратынымды да білемін. Тек келіп, бет-жүзіңізді көрсету маңызды деген соң амалсыздан...
Аружан одан әрі ештеңе естігісі келмеді. Өзіне деген сенімділігі бір сәтке жоқ болып кетті. Бойын қорқыныш билеп алды. «Менің ақшам жоқ ғой. Өздері жұмыссыз отырған әке-шешем қомақты қаржыны қайдан тауып береді. Жоғарыдағы «көке» дегені кім тағы?» жан-дүниесі алай-дүлей болды. 
Басы мең-зең. Есін жинап, компьютерге жақындады. Көңілі күпті. Тест сұрақтарына жауап беріп, тысқа шықты. Ойында әлгіндегі қыздың сөздері сайрап тұр. Жол бойы қоғамдағы әділетсіздікке налып, айқайлап жылағысы келді. Алайда айналадағы адамдардан ұялды. «Жемқорлыққа жол жоқ» деп үлкен әріптермен жазылып, биікте ілінген билбордқа көзі түсті. Не жыларын, не күлерін білмеді. Сөзі басқа, ісі басқа қу адамдардың тірлігіне қарны ашты. Жабырқаулы жүзбен үйге кірген қызына анасы үлкен үмітпен қарады. 
– Қызым қалай болды? 
– Жақсы апа, жақсы. Шаршап тұрмын сәл демалып алсам...
– Әрине, қызым жата ғой. Сынақ деп қанша уақыт күн-түн тыныш ұйықтай алмадың. Жатып тынығып ал. Бұйырса, жақсы жаңалық естіп қалармыз, – деп анасы қызына күлімсірей қарады. 
Алайда Аружан ұйықтай алмады. «Сонда қалай, «параң» болмаса, пешенеңе жұмыссыз болып жүру жазылады ма? Білім ше, балалардың болашағы басшыларды алаңдатпайды ма? Өздерінің ұпайы толса болды, өзгенің өмірі, білімді жас мамандардың жайы ойландырмайды ма? Ақшасы бар, білімі мен біліктілігі жоқ мұғалім болса ше? Одан қандай шәкірт шыңдалып шығады? Елдің ертеңі не болады? Неге бұны ешкім ойламайы. Бәрінің көкейін тескен қу ақша ма?» Аружанда сұрақ көп, алайда жауабын таппай қиналады. 
Конкурстың нәтижесі белгілі болды. Тағы да межелі ұпайды жинай алмапты-мыс. Бұл жолы алдыңғы сынақтардағыдай «Неге аз ұпай жинадым? Қай тұстан қателестім?» деген сауалдармен Аружан басын қатырмады. Оның ойын, қоғамға деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен «Қанша бердің?» деген сұрақ болды. Енді ғана үлкен өмірге қадам басқалы тұрған тағы бір жас өркеннің санасы уаланды. 
Қазір Аружан асханада ыдыс жуып жүр. Ақша жинап, келесі конкурста бақ сынамақшы. Күнделікті алатын аз-маз ақшадан қай уақытта жемқордың жұмырына жұғын болатын қаржы жиналарын өзі де білмейді. Бар ұққаны – параң болмаса, парасатың мен пайымыңнан пайда жоқ екендігі.
Бір кем дүние-ай!
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
26 тамыз 2023 ж. 230 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930