Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсатты жұмсалған қаражат жемісін береді

Мақсатты жұмсалған қаражат жемісін береді

«AMANAT» партиясы халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасын қолға алды. Үкіметпен бірлесіп атқаратын жоба бойынша кәсіппен айналысуға ниетті ауыл тұрғындарына жылдық үстемақысы бар болғаны 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие берілмек. Ауыл халқы нені білуі керек? Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтемін деушілерге мамандар қандай кеңес береді? Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Сапарбек Қуатовқа сауалдар жолдаған едік.

– Сапарбек, Қыстауұлы, жобаны іске асыру үшін қаржы көзі қайдан қаралады?
– «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру үшін 2023 жылға облысқа 3 млрд. теңге қаржы қаралды. Бағдарлама әкімшісі облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы. Жоба Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2022 жылғы 7 ақпандағы «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» №47 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Микрокредиттерді беру үшін сенім білдірген өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ белгіленіп, бөлімшесі «Өңірлік инвестиция орталығы» МҚҰ арқылы іске асырылатын болады.
– Кәсіпкерліктің қай саласына басымдық беріледі. Яғни, қаржы беру бағыттары қандай болмақ?
– Ақша өңдеу саласына қатысты жобаларды қаржыландыруға беріледі. Оларға жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы жатады. Бұдан бөлек өсімдік және мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтаймын деушілерге де несие беріледі. Басқа бағыттағы бизнес жобаларда қаржыландырылмай қалмайды.
Қажетті қаражатқа қол жеткізген соң асыл тұқымды ірі қара малды, етті-сүтті, құсты және басқа да жануарларды өсіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсібімен айналыса аласыз. Мәселен, наубайхана, кондитерлік өнімдер, сүт жинау секілді қызметтерді халыққа ұсынсаңыз болады. Сондай-ақ қызмет көрсету, туризм және басқа да бизнес түрлерін дамытам деушілер де жобаға қатысуға мүмкіндігі бар.
– Ауыл халқына шағын несие берудің шарттарын егжей-тегжей түсіндіріп өтсеңіз...
– Микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда – 2,5 (мың айлық есептік көрсеткішке дейін, зәкірлік кооперацияны дамыту үшін – 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркеудің болуы да маңызды.
Бұдан бөлек, микрокредиттер беру тәртібі, микрокредитті қамтамасыз етудің негізгі шарттары, тәсілдері, үміткерлердің санаттары, қарыздардың мерзімдері мен сомалары сенім білдірілген өкілдің шешімімен белгіленеді және кредиттік шартта көрсетіледі.
– Жобаға қатысуға ниеттілерге қандай талаптар қойылады?
– Баса айта кетерлік жайт, сол ауылдың тұрғылықты тұрғыны болуыңыз керек. Жеңілдетілген несиеге алу үшін кепіл мүлкіңіз, несие тарихыңыздың жақсы болуы және бизнес жоспарыңыздың нақты әрі тыңғылықтылығы аса маңызды. Өйткені, несие берілерде осы үш критерииге баса назар аударылады.
Мамандар көп тұрғынның басты мәселесі – ақшаға қол жеткізсем болды деп ойлайтынында жатыр дейді. Бизнес бастаймын деген жанның алдымен нақты бизнес жоспары болуы керек. Мақсатты жұмсалған қаражат өз жемісін береді. Екіншіден, ойға алған кәсібін жүзеге асыруға қажетті құрал-жабдықтарын сайлап, оның маркасын, бағасын, қайдан сатып алуға болатындығын алдын ала зерттеп, зерделеп алған жөн. Мамандар кепіл мүліктің несие алушының атында болуы міндетті емес екендігін айтады. Несие алушының жобаны жүзеге асыратынына сенімді серіктесі, туысы немесе таныс-достары жылжымайтын мүлкін сенімгерлікпен кепілге қоя алады. Кепіл мүліктің құқықтық құжаттары, техникалық паспорты міндетті түрде заңға сәйкес болуы шарт. Сондай-ақ несие тарихының таза болуы маңызды. Яғни, соңғы 1 жылда 90 күннен аса кешіктірілген төлем болмауы тиіс. Көбіне онлайн жылдам несие алғандарға кедергі көп кездеседі екен. Себебі, несиесін жапқанымен, анықтама алмағандықтан несие тарихында «қарыз» деген ақпарат қалуы ғажап емес. Осы бастан несие тарихыңызды шығартып алып, тескеріп қойғаныңыз жөн.
Несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі тиіс. Жоғарыда айтып өткенімдей несиелер бойынша мерзімі өткен жарна болмауы керек. Мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы да маңызды. Несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс.
Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлар – жер телімі, қорасы болуы керек. ӘКК-мен бірлесе құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу тиіс.
– Бұған дейін аудан бойынша үш ауылдық округтің жобаға іліккендігі жөнінде хабарлаған едіңіздер. Одан кейін тізімде өзгеріс бар ма?
– Қосымша қаражат бөлініп аудандағы барлық ауылдар өтіп тұр.
– Бір ауылдан бірнеше кәсіпкер өтініш қалдыра алады ма? Әлде шектеу бар ма?
– Қазір Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және барлық ауылдық округ әкімдігі аппаратында бір маман бекітіліп, тұрғындардан өтініштерін қабылдауда. Сол ұсынылған жобаларды кәсіпкерлік бөлімі, кәсіпкерлік палатасы, ауыл шаруашылығы бөлімімен құрылған мобильді топ қарап методикалық көмек беруде. Осы қаражатты облыстағы қаржы конкурс арқылы береді.
Сұхбаттасқан,
Ұлболсын ТАЛАПБАВА
25 сәуір 2023 ж. 228 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 38

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 52

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031