Ауыл халқының әлеуетін арттыру маңызды
Өткен жылы сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» бекіткен болатын. Үкіметке Парламент Мәжілісінің отырысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар тізімін ұсынуды тапсырды. Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында «AMANAT» партиясы халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасын қолға алды. Үкіметпен бірлесіп атқаратын жоба бойынша кәсіппен айналысуға ниетті ауыл тұрғындарына жылдық үстемақысы бар болғаны 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие берілмек.
Осы орайда аталған жобаны көпшілікке түсіндіру мақсатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қарашеңгел, Құмжиек және Басықара ауылдарына барып, тұрғындарымен кездесті. Әкім жобаның басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жоба жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Сапарбек Қуатов кеңінен тарқатып берді.
«Жоба бес бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. Біріншіден, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану. Жалпақ тілмен айтқанда өз аулаңызда өнім өндіріп, оны саудаға шығару. Екіншіден, мал шаруашылығын дамыту. Үшінші бағыты бойынша тұрғындардың ауыл сыртындағы жерді тиімді пайдаланып, кәсіп етуіне болады. Төртінші, бұрыннан бар ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті құрал-жабдықтар, қондырғы және техникаларға қол жеткізгіңіз келсе, жобаға қатысып, жеңілдетілген несие алуыңызға мүмкіндік бар. Пилоттық жобаның соңғы бесінші бағыты жеке кәсібін ашып, ісін алға өрлетем деушілерге арналған».
Қажетті қаражатқа қол жеткізген соң асыл тұқымды ірі қара малды, етті-сүтті, құсты және басқа да жануарларды өсіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсібімен айналыса аласыз. Мәселен, наубайхана, кондитерлік өнімдер, сүт жинау секілді қызметтерді халыққа ұсынсаңыз болады. Сондай-ақ қымет көрсету, туризм және басқа да бизнес түрлерін дамытам деушілер де жобаға қатысуға мүмкіндігі бар.
Баса айта кетерлік жайт, сол ауылдың тұрғылықты тұрғыны болуыңыз керек. Жеңілдетілген несиеге алу үшін кепіл мүлкіңіз, несие тарихыңыздың жақсы болуы және бизнес жоспарыңыздың нақты әрі тыңғылықтылығы аса маңызды. Өйткені, несие берілерде осы үш критерииге баса назар аударылады.
Мамандар көп тұрғынның басты мәселесі – ақшаға қол жеткізсем болды деп ойлайтынында жатыр дейді. Бизнес бастаймын деген жанның алдымен нақты бизнес жоспары болуы керек. Мақсатты жұмсалған қаражат өз жемісін береді. Екіншіден, ойға алған кәсібін жүзеге асыруға қажетті құрал-жабдықтарын сайлап, оның маркасын, бағасын, қайдан сатып алуға болатындығын алдын ала зерттеп, зерделеп алған жөн. Мамандар кепіл мүліктің несие алушының атында болуы міндетті емес екендігін айтады. Несие алушының жобаны жүзеге асыратынына сенімді серіктесі, туысы немесе таныс-достары жылжымайтын мүлкін сенімгерлікпен кепілге қоя алады. Кепіл мүліктің құқықтық құжаттары, техникалық паспорты міндетті түрде заңға сәйкес болуы шарт. Сондай-ақ несие тарихының таза болуы маңызды. Яғни, соңғы 1 жылда 90 күннен аса кешіктірілген төлем болмауы тиіс. Көбіне онлайн жылдам несие алғандарға кедергі көп кездеседі екен. Себебі, несиесін жапқанымен, анықтама алмағандықтан несие тарихында «қарыз» деген ақпарат қалуы ғажап емес. Осы бастан несие тарихыңызды шығартып алып, тескеріп қойғаныңыз жөн.
Басқосу барысында үш ауылдың тұрғындары тарапынан түрлі ұсыныстар айтылды. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің жетекші маманы Арыстанбек Қанат ауыл халқы қойған сұрақтарға жауап беріп, кәсіп ашатындар үшін қажетті ақпараттарға тоқталды. Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар өз кәсібін бастауға тағыда бір мүмкіндіктің ашылғанына дән риза.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА