Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мирамкүл ЖӨЛЕКЕШ: Білімді адам – бай адам

Мирамкүл ЖӨЛЕКЕШ: Білімді адам – бай адам

Барыс жылын табысты қорытындылағандардың бірі – қазалылық мұғалім Мирамкүл Жөлекеш. Ол облыс бойынша 2022 жылдың үздік педагогы атанды. Қаржылай сыйлыққа қол жеткізіп, марапат мінберінен көрінді.
Мирамкүл Жеткербайқызы – Әйтеке би кентіндегі Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, зерттеуші-педагог. Білім саласында жиырма бес жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты ұстаз, мектеп-тренері. Бала жанының бағбанына айналған кейіпкерімізге бірнеше сауал қойған едік.

– Мирамкүл Жеткербайқызы, жуырда ғана миллионер мұғалім атандыңыз. Сіз үшін бұл байқаудың маңызы қандай?
– Шынын айтқанда мен бұл байқауға төртінші мәрте қатысқанда жеңіске жеттім. Әр өтпеген сайын кемшіліктерімді түзетіп, әрбір критериймен әзірленіп, додаға түстім. Бұл сыйлықты алуыма жолдасым Мараттың үлесі орасан зор. Алайда былтыр қайтыс болды. «Сен мықтысың» деп мені жігерлендіріп отыратын. Тек, өкініштісі осы сәтті бірге көре алмады... Аманаты қызым Аңсаған бар.
Бүған дейін де бірнеше жетістікке жеттім. Мәселен, былтыр республикалық авторлық бағдарламалар байқауында екінші орын алдым. Мен зерттеу жұмысыма «Қазалы қаламгерлері» деген ат бергенмін. 2016 жылдан бері жұмыс жасап келе жатырмын. Мақсатым – Қазалыдан шыққан қаламгерлерді балаларға насихаттау. Қасиетті Қазалы топырағында талай таланттың кіндік қаны тамған. Өнер өлкесіне айналған біздің өңірдің өнерпаздарын өрендер біліп жүруге міндетті деп санаймын. Келешекте «кімдердің ауылынансың» дегенде тосылып қалмаса деймін. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан болар, шығармашылыққа жаным құмар. Әдемі сөйлеп, тілді шұбарламай, шырайын келтіре шешендікпен әңгіме бастайтындарды ұнатамын.
– Ширек ғасырдан бері бала тәрбиесімен айналысып келесіз. Қалай ойлайсыз, бүгінгі мен бұрынғы ата-ананың айырмашылығы бар ма?
– Ата-аналар арасында айырмашылық жоғары. Мен сыныптағы оқушыларымның тізімін алғанда міндетті түрде ата-ананың жылын да өзіме тізімдеп қоямын. Себебі, әр жылдағы ата-аналардың талғамы мен сұранысы әрқилы.
Тек ортақ, үлкен байланыс бар. Ол өз баласы үшін мұғалімнен үлкен қамқорлық күтуі. Осы межеде жұмыс жасағасын ата-аналардың жас арасындағы айырмашылықтарды да, кездесетін кедергілерді де жоюға болады деп ойлаймын.
– Қазіргі балалардың кітапқа құмарлығы қандай? Сіз кімдерді оқып өстіңіз?
– Кітап оқуға құмарлық өте жоғары десем, жалған сөйлегенім болар. Кітап оқуға құмарлықты балалардың жаңа форматтағы сұраныстарына сай жасасаңыз нәтижелі болады. Мысалы кітапханаға апару, аудандық кітапхана керемет жұмыс жасайды. Жетістіктері де жоғары. Шын мәнінде, оқушы марапатты ерекше ұнатады. Жаңа форматта талқы, конференция, буккросинг жүргізу арқылы кітап оқуға қызығушылықты арттыруға болады деген пікірдемін.
Менің ұстазым Күләш Досжанованың кітап оқуға, мұғалім болуыма ықпалы зор болды. «Ұлан», «Дружные ребята» газеттерін үзбей, Мағжанның поэзиясы мен Әуезов әңгімелерін қызыға оқыдым.
– Адам бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?
– Қарапайымдылық пен әділдік және білімділік. «Білімді мыңды жығады...» демей ме?! Расында да білімің болса, шығар шыңың да биік болады. Алайда, «мен білемін», «мен кереметпін» деп дандайсып кету, өркөкіректік өсірмейді. Керсінше, қарапайымдылық қашан да қияға жетелейді. Ал ақты ақ, қараны қара деп, қара қылды қақ жаратын әділдігіңіз бойыңыздағы асыл қасиеттеріңізді одан әрі әрлей түсетіні ақиқат.
– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз...
– Жоспарым – қарапайым ұстаз болу. Қарапайым дүниеден таңғажайып көре білу. Мұғалім үшін «шедевр» әрине, ол – шәкірт. Біздің әрбір еңбегіміз, жетістігіміз, төккен теріміз шәкірттеріміз шыққан шыңда.
– Жас ұстаздарға не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Жас ұстаздарға іздену мен өзіндік пікір жетпейтін секілді. Біз жас ұстаз болған кезде Тоты, Ұрқия апайлардың тапсырмасын санаспастан, уақытты өлшеместен әзірлейтінбіз. Жұмыс жүйелі жүрсін десеңіз, ұжымдық істе, ұйымшылдық, қамқорлық, қолдай білу ас маңызды деп есептеймін.
– Сіз үшін бай адам кім?
– Менің ойымша, білімді адам – бай адам. Сарқылмайтын байлық кәсіппен келеді. Бастысы – бала кезден оқу-білімге құштар болсаңыз, есейгенде ақылды да, бай да, табысты да бола аласыз.
– Сұхбатыңызға рақмет, жаңа жыл табысты болсын!
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
05 қаңтар 2023 ж. 706 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 65

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 67

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 52

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930