Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыйсыз сыйлық

Сыйсыз сыйлық

Жаңа жыл жақындаған сайын қалада қарбалас көбейді. Базар саудасы бұрынғысынан әлдеқайда қыза түсті. Ен базарда қаптаған халықтың арасынан қысылып, қымтырылып кеңдеу жерге табаны тиген Гүлшат таза ауамен бір терең тыныстап алды. «Құдай-ау, неткен көп адам. Тіпті тапталып кете жаздадым. Мен екі күннен бері табанымнан таусылып сыйлық іздеп жүрмін. Бұлар не қылып жүр екен ей?! – деп әріректе қатарлай оналасқан жайма базарға бетбұрды. Сауда орнында сыйлықтан көп нәрсе жоқ. Қайсысын таңдарыңды білмей, дал боласың. «Енді неге екі күннен бері ел айналып жүр?» дерсіз. Өзі де білмейді. Тәуір сыйлық табам деп тым әсірелеп кетті. Онысы өткен жолғыдай жайсыз жағдайға тап болғысы келмегендігінен болар, бәлкім.
Барыс жылы келерде де тура осылай сыйлық іздеп еді. Ұжымдастар болып, өзара жеребе тастаған. Бар-жоғы жиырма әріптес лезде ширатыла бүктелген бір тілік қағазды таласа, тармаса алып, мәре-сәре болысты. Өте мұқият оралған қағаздың ішіндегі есімді оқып, біреуі шын қуанса, енді бірі қуанғандай кейіп танытты. Осылайша бір минутта кімнің-кімге жаңажылдық сый жасайтындығы ұжымдық ­отырыстан бес күн бұрын белгілі болған еді.
Осы күннен бастап жиырма жүректе жиырма түрлі арман пайда болды. «Маған кім, не сыйлайды екен?» деген сұрақ әрбірінің санасында тұрғаны жасырын емес. Тықылдап қалған құрбысы Құралай әрі-бері суыртпақтап, бұдан кімге сыйлық беруі тиіс екенін біліп алды. Сертке сенімдімін деп сендірген сары қыз: «Мен, Ерман ағаға не алатынымды таңдап қойдым. Әдемі галстук аламын. Байқайсың ба, ол кісі галстуктарын жиі ауыстырады. Бәрі бірінен-бірі өткен әдемі әрі сәнді. Екеулеп дүкен араласақ қайтеді. Бір бастан, екеуі жақсы» – деп Гүлшаттың «иа» деген жауабын күтпестен: «Түскі үзілісте шығайық, біз аламыз деп жүргенде түк те қалмас», – деп тықақтады.
Содан екеуі екі сағаттық түскі үзілісте талай дүкенді аралады. Кәдесый сататын орыннан бастап, кітап дүкенінен аяқтады. Сағат тілі жұмыс басталар сәтке таяп қалғанда ғана: «Қап, бірінші тамақтанып алуымыз екен. Енді үлгермейміз» десті. Тағы да Құралай шапшаңдығын танытты. Самса сататын дүңгершекті нұсқап: «Анда барайық, ішке барған соң тез-тез жеп алармыз», – деп алға адымдады. Екеуі де мәз, сыйлықтарын табыстар күнді тағатсыздана күтіп жүр. Гүлшат сатып алған сәтте сәндеп оратып алған тосынсыйының жеребеде таңдап алған әріптесі Аякөзге ұнайтынына сенімді.
Аякөз аққұбаның әдемісі. Жұмысты «керемет» қылмаса да, заман көшінен кешіккен емес. Білмейтіні жердің астында деуші еді ғой үлкендер сол сөз осы қызға арнап айтылғандай сірә. Ананы да, мынаны да білемін деп, үнемі сөз таластырып жүргені. Гүлшат кей қылықтарын аса жақтырмаса да, «осы қыз кітапты көп оқиды-ау» деп топшылайтын. Сол үшін де құрметпен қарайтын. Сыйлыққа кітап алғаны да сондықтан.
Межелі күн жақындап, әріптестер кеш өтетін орынға жиналды. Қыздар жағы бірінен бір өтіп тұр. Ажарлары айшықталып, әншейінде көріне қоймайтын көріктері бүгін көзге ерекше түсіп тұр. Жігіттер жағы да қалысар емес. Біреуінің қолында үлкен, біреуінің қолында кіші пакет. Ақ тілектер жауып, сыйлықтар табысталып жатты. Кезек Гүлшатқа келді. Жиналғандарға жылы лебізін арнап, мұқият оралған «қымбат қазынасын» Аякөзге ұсынды. Олда осы сәтті тағатсыздана күтсе керек, лезде іліп әкетті. Сыйлық табыстау рәсімі аяқтылып, аз-кем үзіліс жарияланды. Ерлер жағы топтасып тысқа шығып кетті. Әйелдер әрленген бейнелері бүлініп қалмады ма деп қол сөмкелеріндегі шағын айналарына асықты.Үстелдің арғы басында бұған қарама-қарсы қарап отырған Құралай қасына жетіп келді.
– Саған не беріпті?
– Білмеймін, ашып қарамадым.
– Ашсаңшы көрейікте. Маған бергенін қара. Өзім де осыны алғым келіп жүрген. Қол сағат ғой. Бірақ алтын түстесін алғанда қатып кетер еді. Ештеңе етпес, ақ та әдемі түс, – деп қуанып тұр.
Гүлшат та әлгінде әріптесі Әділет берген қорапшаны қолына алды.
– Қыз-ау тездетсеңші. Қазір сырттағылар келіп қалады, – деген Құралай шапшаң қимылдап, гүлдеп байлаған лентасын жұлып алды.
– Құралай, ақырын қимылдасаңшы. Ұятты, түк көрмегендей көрініп қалармыз, – деп Гүлшат құрбысының оғаш қылығына қымсынып қалды.
– Қойшы, несі ұят. Бұл енді сенің затың қалай ашсаң да еркің, – деді Құралай әзіл-шыны аралас.
– Мәссаған, енді күнде жұмысқа құймақ әкелетін болдың ғой. Мынасы керемет екен иә. Ұстайтын жері де қап-қалың. Қызық қаншаға алды екен. Осындайларға ебің барын білген ғой. Дөп түсіпті, – деп Құралай құймақ пісіретін табаны айналдыра қарады.
Кеш бірнеше сағатқа созылды. Бәрі де көңілді, ақжарқын кейіпте. Тек Аякөздің қабағы салыңқы көрінді. Гүлшатты іштей: «Берген сыйлығым ұнамады ма?» деген ой мазалады. «Бірақ, қатты қуанғандай болып еді ғой. Қайдам, әлде біз білмейтін бір мәселе болды ма?» – деп өзін-өзі жұбатты.
Ертеңіне жұмысқа Құралай қол сағатын, Ерман аға галстугін тағып келді. Әсем апай Жібек берген сөмкені ұстапты. Бәрінің әңгімесі кешегі кеш туралы. Екеуара «пыш-пыш» еткендер де жоқ емес.…
Қандай әңгімені де құр жібермейтін Құралай: «Сыртқа шығып келейікші» деп қиылды.
– Жұмысым көптеу болып тұр. Өзің бара берсең қайтеді, – деген Гүлшаттың құлағына ақырын ғана: «Сенің сыйлығың туралы» деп сыбырлады. Сыртқа шығар-шықпастан Құралай:
– Аякөз, сыйлыққа разы емес көрінеді. Кеше сен берген кітапты мейрамханада қалдырыпты.
– Неге, мен оны кітапты сүйіп оқиды екен деп...
– Соңынан шыққан Қайсарлар байқап қалып, таңертең әкеп берсе, өзіңде қала берсін депті. Соған қарағанда ұмытып кетпеген, әдейіліп тастаған. Қуыс кеуде біреу болды ғой. Қанша жерден жақтырмаса да бұнысы енді мәдениетсіздік болыпты, – деп Құралай кейіп тұр.
Гүлшат қынжылып қалды. «Қап, бұны білгенде басқа сыйлық алар едім. Сырттай қарағанда білімге, білуге құштар жан секілді. Қателескен екенмін» деп өкінді. Бұл жолы өресі төмен Аякөзден емес, «сыйсыз сыйлық» болып қалған кітаптан қатты ұялды.
Міне, бұл оқиғаға да тура бір жыл толыпты. Өткен жылғыдай өкінгісі келмесе керек, Гүлшат әлі де сыйлық таңдап үлгермеген күйі базардан қайтты.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
31 желтоқсан 2022 ж. 352 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031