Жамыраған халық, жалғыз банкомат
– Түсуін, түсіпті ғой. Қаптаған адам, кезегім бүгін жете қоймас, – деп кентке келе жатқан жайым бар.
Бұл Қазалы қаласынан шыққан бірінші нөмірлі маршруттағы екі кісінің диалогынан үзінді. Ащы да болса шындық, Қазалы қаласы халқына арналған жалғыз банкоматтың алды, былайғы күндері қайдам, зейнетақы мен жәрдемақы түскен сәтте ығы-жығы болады. Одан қалды енді кезек жетті ме дей бергенде ішіндегі ақша таусылып, тұрғындарды әуре-сарсаңға салып қоятыны тағы бар. Кей кездері «еркелеп», «отыз мыңнан артық бермеймін» деп бұлданып қалатын банкоматқа бір карточканы ең көп зейнетақы алатын жандар бес рет салғанда жұрт: «Немене, елдің бәрінің картасын жинап келген бе?» деп кіжінеді. Ондайда халықты сабырға шақырып тұратын пысықай біреуі: «Жоға, отыз мыңнан бөліп беріп жатыр», – деп кезектегілерге жай-күйді жеткізіп тұрады. Халық арасынан: «Еее, тағы әніне басты десейші», «Үнемі осы, қиқалап беріп, ішегіңді үзіп қояды» деген күңкілдер естіліп жатады.
Асықпай ала берер еді-ау, оған үлкендердің зейнетақысынан басқа табыс кірмейтін отбасылар саны қаншама? Ақша жетіп, артылып жатса, қыстың күні қырауда мұздыаяқ болып, сағаттап, кезекте тұрып несі бар? Одан бөлек ай сайын төлеуге тиіс несиенің де кезегі келіп қалады. Қаптаған халықтың ішінде дарияның арғы бетіндегі ауылдардан келгендерде бар екенін сөздерінен түсінуге болады.
«Менен басқа қайда барасыңдар, қалада мен жалғызбын» дей ме, банкомат бүгін тағы бәлсініп қалды. Ақша алып жатқандар күрт тоқтай қалғанда, кезектің артқы жағындағылар: «Ойпырмай, тағы не болып қалды екен? Ақшасы таусылып қалмаса игі еді» дей бергенде, айтқандары айдай келіп: «Ақшасы бітті», – деген құлаққа жағымсыз жаңалықты естіп, еңселері түсіп кетті.
– Қап, ауылдан осыған бола келіп едім. Қашан салар екен? Соңғы автобусқа үлгерсем болар еді? – деп мұңайды қызыл пальто киген келіншек.
– Бағанадан бері неге кентке бармадыңыз? Ол жақта бірнеше жерде банкомат бар, – деген бойжеткен бұған сұраулы жүзбен қарады.
– Кенттің де жайы белгілі ғой. Ұзынсонар кезек, дәл осы көрініс, – деп қынжылды келіншек.
Даурыққан жұрттың біреуі әкімшіліктің ішіне кіріп шықты. Жиналғандар: «Не дейді»?» деп жамырай оның аузына қарады.
– Түстен кейін 3-те келіп салатын болды. Кенттегі бөлімшеге хабарласты, – деп қалтасынан ұялы телефонын шығарып, үңілді. Сірә, сағатты қараса керек. Сөйтті де кезегін тастап кете барды. Енді қайтсін, үшке дейін екі сағат уақыт бар. Кейбіреулер қайтты, біреулері екіойлы болып тұр. Енді бір тарап қайтадан кезек қойып, не болса да күтуге бел буды. Жаз мезгілі болса мейлі, көзтаныс, жүзтаныс адамдар бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып, екі сағатты лезде өткізер еді. Қыстың күні қырауда екі сағат далада тұрудың өзі ерлік.
Әйтеке би кентіндегі «Халық банкі» бөлімшесінің басшысы: «Аудан бойынша 13 банкомат орналасқан» деп ауыз толтырып айтады. Неге он төртінші қылып Қазалы қаласына тағы біреуін қоймасқа?.. Тамақ сұрап, көйлек кимейтін банкоматтың кімге кедергі келтірерін қайдам? Әйтеуір бұндағыларға бұйырмай-ақ қойды.
Ұ.ТАЛАПБАЕВА