Айтып келмейтін апат алаңдатып тұр
Аяқ астынан тұтанып, айтарлықтай зардап әкелетін оқыс оқиғаның қыс мезгілінде жиілеп кететіні рас. Тіпті орны толмас қайғыға ұшыратып та жатады. Қыстың көзі қырауда ас-сусыз, жылы киімсіз көшеде қалу қасірет емей немене? Жуырда ғана Қазалы қаласында өрт оқиғасы орын алды. Бұдан елдің бәрі хабардар. Айдын күннің аманында, тал түсте тұтанған жалыннан жапа шеккен жандардың болмағаны көңілге жұбаныш. Десе де көптің көкейіне қорқыныш ұялатты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші дер кезінде көмекке келген көпшілік баспанасыз қалған отбасыға бақыт сыйлады. Адамгершілік сыналар шақта қайырымды жандар қарап қалмады. Бірі қалтасында барын, енді бірі табысының төрттен бірін берді. Суырып берер сомасы болмағандар іштей тілекші болды. Осылайша «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» халық сауапты іс атқарды.
Шараның басы-қасында жүрген Қазалы қаласының тұрғыны Жайдарбек Пиржанов:
– Келеңсіз оқиға болған күні ақылдаса келе, қаражат жинауға көптен көмек сұрап, бейнеролик түсірдік. Оны барынша таратып, елдің құлағына жеткізуге тырыстық. Шүкір, аз күннің ішінде қажетті қаражат жиналды. Қазіргі таңда үй сатып алынды. Баспана мектеп жанында орналасқан. Газ желісін тартып, басқа да қажетті жұмыстарын атқарудамыз. Бұйырса, сәрсенбінің сәтті күні толық мәліметті айта аламыз. Осы іске атсалысқан қала әкімдігіне, кәсіпкерлерге, қарапайым халыққа, аудандық мәслихат депутаттарына алғысымыз шексіз, – деді.
Осы орайда көптің көкейінде «Өрт неден шықты?» деген сауалдың туындағаны анық. Бұл сұрақты аудандық төтенше жағдай бөліміндегі мамандарға жолдадық.
– Осы жылдың желтоқсан айының 13 күні жергілікті уақытпен 12 сағат 16 минутта Қазалы қаласы, Ы.Алтынсарин көшесі №14/1 үйдің тұрғыны Марипа Лепесова ұялы телефон арқылы хабар берді. Өртке Қазалы ауданының №15 өрт сөндіру бекетінен екі өрт сөндіру автокөлігі және 15 жеке құрам жұмылдырылды. Оқиға орнына барғанда анықталғаны – аталған мекенжайда оналасқан жеке тұрғын үйдің төбе жабыны және шатыры толығымен жанған. Өрттің шығу себебі – тұрмыстық пештің ақауы болып тіркелді, – дейді аудандық төтенше жағдай бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әкімали Қуанышбеков.
Жалпы 2022 жыл басынан Қазалы ауданы бойынша қылмыс туралы арыздар мен хабарламаларды ақпаратты есепке алу кітабына 197 хабарлама тіркелген. Оның 34-і өрт. Өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға өскен. 99 өртке жатпайтын жану оқиғасы орын алған.
– 2022 жыл басынан тіркелген өрттерді талдайтын болсақ, нысандарда 5 өрт болды. шығыны 1450 000 теңгені құрады. Жеке үйлерде 19, автокөлікте 10 өрт оқиғасы орын алды. Дала өрті болған жоқ. Өрттің негізгі болатын орындары тұрғын үй сектор. Өрттің шығуына негізгі себеп – балалардың отпен ойнауы, тұрмыста өрт қауіпсідігі талаптарының жиі бұзылуы.
Сондай-ақ Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұйрығына сәйкес, Төтенше жағдайлар бөлімі мен №9 өрт сөндіру бөлімінің кезекшіліктен бос жеке құрамымен әр аптаның сәрсенбі, жұма және сенбі күндері жеке секторда үн парақтар тарату арқылы үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 15232 тұрғын үй, 78 763 тұрғынды қамтыдық.
Көмір қышқыл газынан улану оқиғаларын азайту және өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында жергілікті Қазалы аудандық «Қазалы» газеті және «Тәуекел туы» газеті беттеріне өрт қауіпсіздігі жөнінде 28 мақала, әлеуметтік желілерге 87 хабарлама, телеарналарда (Қазалы Опен) 1 бейне ролитер көрсетіліп және дауыс зорайтқыштар арқылы 87 хабарламалар жарияланды. Сонымен қатар Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз алаңында өрт қауіпсіздігі тақырыбында 2 рет брифинг өткізілді. Жылыту маусымы кезінде Қазалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және №9 Өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерімен 10249 тұрғынға үгіттеу насихаттау жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінен алынған 150 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер тұрмысы төмен тұрғын үйлерге орнатылды. Тұрғындардан бұл мәселеде аса сақ болуларын сұраймыз, – дейді аудандық төтенше жағдай бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әкімали Қуанышбеков.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА