Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланың көңілі – далада

Баланың көңілі – далада

Мектеп қабырғасында білім алып жүргенде, жасыратыны жоқ, он күндік демалысты асыға күтетінбіз. Себебі әр мезгілдің өзіндік қызықтары бар еді. Көктемде ләңгі теуіп, асық ойнасақ, жаздыгүні іздеген адам кішкентайлар «матор» деп атап кеткен «Жеңіс» паркі жанындағы су айдау бассейінен табатын. Күзде кенттен тысқары орналасқан «Водакачкаға» барып, балалар болып жидек теретін күндер тура кеше ғана болғандай көз алдымызда тұр. Қыстың қызығы өз алдына. Саусақ сіресіп, салқыннан бет дуылдағанша шана жетектеп, қар атысып-ақ он күн демалыстың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Бірақ қазіргі балалардың серуені бөлек. Бүгіннен бастап аудандағы мектеп оқушылары күзгі демалысқа шықты.
Расын айту керек, 2000-шы жылдары ойын баласына қауіп қазіргіден әлдеқайда аз еді. Ата-ананы «баламды ит қуып, балтырын қанатпаса» деген қорқынышы ғана болды. Қазір ше? Бүгінде бала ұрлығы, жол көлік оқиғасы, кішкентайлардың үйден кетіп қалуы, педофилия: тізе берсек тереңдей береміз. Тіпті, топтық төбелесте бесіктен белі шықпаған балалардың төбе көрсетіп жүргені де жасырын емес. Мұның себебі белгілі. Ересек адамдардың құндылықтан алшақтап бара жатқаны осындай жайттарға себеп болып отыр. Әсіресе, әлі бұғанасы қатаймаған жанға қастандық ойлайтындардың көбеюі жүрекке батады. Ата-аналардың жұмысбастылығы салдарынан қараусыз қалған құлыншақ та кімге қарап, бой түзейтіні, қандай ортаға тап болатыны белгісіз. Осы тұста отбасы институтының әлсірей бастағаны байқалады. Бұл жақсылықтың нышаны емес.
– Ең алдымен отбасы құндылығының құлдырауы қиындықтарға себеп болып отыр. Біздің жас кезімізде балаларға міндетті түрде бір адам баскөз болып, үйде отыратын. Мәселен, мен ұстаздық еткен жылдары бала тәрбиесімен, олардың мектептен тыс уақытта немен айналысатынын енем бақылауда ұстап отырды. Кейін мен зейнетке шыққаннан кейін, немерелерімнің бос уақытын тиімді ету, оларға баскөз болуды өз мойныма алдым. Қарттары жоқ туыстарымыздың үйінде әкесі нәпақа тапса, шешесі бала күтімімен айналысатын. Бұл біріншіден құдай берген құлыншақтардың амандығына сеп десек, екіншіден жаман ортағы түсіп кетуінің, ата-ата алдында жауапсыз болудың алдын алады, – дейді зейнеткер Тойғаным Сырлыбай.
Демалыс күндері бала көп уақытын үйде өткізетіндіктен ата-ананың қоғам мен бала алдындағы жауапкершілігі де сыналатыны сөзсіз. Мәселен, бірер күн бұрын аудан мектептерінің бірінде оқитын 9 сынып оқушысы жоғалып кеткені туралы мессенджерде хабар тарады. Ата-анасы құзырлы органға хабар бергеннен кейін көп уақыт өтпей, оқушы үйіне оралған. Алайда хабар беруші баланың табылғаны жайында хабар бермей, жұртты дүрліктіріп қойды. Ересек адамның неге мұндай қадамға барғаны жайында әзірге ақпарат жоқ.
– Оқушылардың белгісіз себептермен хабарсыз кетуі орын алып тұратыны рас. Қуанышымызға орай, көп ұзамай аман-есен табылып жатады. Бұған құзырлы органдармен бірлесе күш салатынымызды жақсы білесіздер. Көп жағдайда адамдар бала алдындағы ең бірінші жауапкершілік оның ата-анасында екенін терең сезіне бермейді. Соған байланыс­ты күзгі демалыс қарсаңында ата-аналарға мектеп директорлары атынан ескертпе хат жолданды. Онда баланың мектептен тыс уақыттағы қауіпсіздігі мен амандығына өздері тікелей жауапты екені көрсетілген. Осылайша көптеген қиындықтың алдын аламыз деген ойдамыз. Сондықтан ата-аналар демалыс күндері баласының уақытын тиімді өткізудің жолын тауып, қауіп төндіруі мүмкін жерге бармауын қадағаласа нұр үстіне нұр болар еді, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Қуаныш Ерімбетов..
Әрине, жеткіншектердің мектепте жүргенде ұшырасқан сәтсіздіктеріне сынып жетекшісін, мектеп директорын кінәлі ете салу қазір өте оңай. Олардың белгілі бір деңгейде жауапкершілік арқалайтыны да рас. Алайда бұзықтың тәртіпсіздікке баруы үйдегі ақыл-кеңестің дефицитінен болып жүргенін естен шығармағанымыз абзал. Баласына ешкім жамандық тілемейді. Ал дұрыс тәрбие бермеу – жамандық атаулының алғашқы әрі кешірілмес қателігі екенін естен шығармайық.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
29 қазан 2022 ж. 372 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 187

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 129

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031