Жазғы демалыс жайы қалай?

Ғимараттың қалыпқа келтірілгені өз алдына, балаларды маусымдық демалысқа қабылдау да біраз қаржыны талап етеді. Бірақ балалар көңілі үшін мәселе тез шешілетіні белгілі. Биылғы бүлдіршіндердің санасында тәтті естеліктер қалдыру, ас-ауқатын реттеу мақсатында 41 миллион теңгеге жақын қаржыны бөлек қарастырып қойған. Сондай-ақ демалыс орталығының жатын ғимараты, асхана, медпункт, мұғалімдер үйі, қойма ғимараттары, қызметтік үйлер 1 маусым күні жұмыстарын бастап кетті. Әсіресе, кішкентайлар жиі көмекке жүгінетін дәрігер-педиатр, тіс дәрігері, медбикемен тұрақты қамтамасыз етуге байланысты Қазалы ауданаралық ауруханасынан мамандар бекітілген. Бұған дейін білім беру ұйымдарының қызметкерлері лагерь аумағын мұнтаздай тазартып, тал түптеріне ақ мата орағандай әктеп кеткенін айту керек.
Лагерде демалушыларға лайықты жағдай жасау жайы біткеннен кейін оқушыларды қабылдау мәселесі сөз болатыны рас. Ата-ана ең алдымен «құлыншағымның қарны тоқ жүр ме екен?» деген сауалға тоқталады. Бірақ шағалалық аспаздар бұған алаңдауға негіз бермейді. Жас тынығушылар күнделікті алуан ас мәзіріне сәйкес 5 мезгіл тамақтанып, аспаз апайларға хормен алғыс жаудырып кететінін білеміз.
Биылғы демалыс лагері әдеттегідей 7 ауысым бойынша жұмыс жасайды. Әр ауысымда 125 бала, жалпы жаздыгүні 875 баланы қабылдау жоспарланған. Келетін тынығушылар ауданның 37 мектебі бойынша жинақталып, «Жалпыға міндетті оқу қоры» есебінен ұйымдастырылады. Онда тұрақты түрде 13 үйірме жұмыс жасайды. Осы тұста айта кету керек, лагерге берілетін бір жолдаманың негізгі құны 25 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек мектеп жанында ұйымдастырылған лагерге 3438 оқушы қатысатын болады.
– Сонымен қатар өз бетінше және ата-аналарымен бірге сауықтырудың басқа да түрлерін үйлестіруді қолға алдық. Басқа қалаларға саяхат жасап, ауданнан тыс лагерлерге 5240 оқушы барып, жазғы демалыстан жағымды әсер алады деген жоспар бар. Ал басқа да себептермен ауылда болатын балаларға жазғы демалысты тиімді пайдалану үшін ауданда 35 әмбебап жасанды жасыл алаң, 3 стадион және 3 спорт кешені үздіксіз жұмыс жасайды.
Бірақ ата-аналар маңызды жайтты ескеру керек. Жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, белгіленбеген жерлерде суға түсу, жол ережесін және өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау туралы бөлім тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілгенімен, басты жауапкершілік – балалардың жақындарында. Жақында төтенше жағдайлар бөлімі және басқа да жауапты мекеме қызметкерлерінің қатысумен ата-аналар жиналысы өткізілді. Ата-аналар ойын баласын назардан тыс қалдырмай, жеткіншектердің қауіпсіздігіне жауапкершілікті күшейтуі маңызды, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов.
Айта кетейік, жазғы демалыс лагеріне бірінші кезекте жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы, аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары және даму мүмкіндіктері шектеулі балалар тегін жолдамалармен қамтамасыз етіледі.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ