Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ләңгіде де пайда бар

Ләңгіде де пайда бар

Халқымыз әрбір істің пайдасын көре білген. Мәселен, мал басын көбейте жүріп, оны қажет кезінде шалса, одан шыққан сирақ сүйектегі асықтан ұлттық ойын ойлап тапқан. Асық ойыны мергендікті шыңдап, баланың ойлау қабілетіне арттырады. Одан бөлек, ешкінің терісі мен ауыртпалықтан ләңгі ойынын да шығарған. Алайда әрбір ұлттық ойынның орнын бүгінде өзге елдің балаға зиянды ойындар басып келеді. Сол себепті ата мирасы бүгінде ұмытылып барады. Ал қазіргінің компьютерқұмар бала асқан шеберлікпен аяқтың ептілігін қажет ететін ләңгі ойынының бар екенін де білмейтін шығар.
Жалпы ләңгінің шығу тарихына толықтырар болсақ, оны көбі орта Азия елдерінде ойлап табылды дейді. Бірақ қазақ даласында дамыған бұл спорт түрі денсаулыққа өте пайдалы. Адам бойындағы қан айналымы, шымырлық пен сергектікті шыңдайды. Ал жасалу әдісіне келсек, сойылған ешкінің терісіне құйылған қорғасынды бекітіп, жасалады. Оны тебудің де өзіндік шарттары, ұпай жинау тәсілдері бар. Аяғыңды қия бассаң, көз жылдамдығынан адасып, ұпайдан қағыласың. Сондықтан қырағы жігіттер бұл ойында ешкімге есесін жібермеген.
Одан бөлек, үнемі ат үстінде жүретін ер азаматтар да бұл ойынды жанына серік еткен. Себебі ләңгі физикалық тұрғыдан ғана емес, ойды да демалдыратын болған. Бұл тақымның мықтылығын күшейтіп, адамды жылдамдыққа бейімдейтін ойын.
Ләңгі жайында алдыңғы аға буын өкілдерінен сұрай қалсаң, тамсанып тұрып айтып береді. Кейін ауылдан қала туып, бұрындары топыраққа аунап, асыр сала ойнайтын ләңгінің де дәурені тарқаған. Қазір ләңгі ойнамақ түгілі, асық ты да ұмытқан қала баласы «PUBG», «Free Fire» сынды қалтафон мен компьютер ойынынан бас көтермейді.
– Балалық шағымызда неше түрлі ұлттық ойын ойнаушы едік. Солардың ішінде ең сүйіктісі ләңгі ойыны еді. Мектеп қабырғасында екі командаға бөлініп, барымызды салып, жарысатынбыз. Ол үшін де арнайы былғары етік киіп баратынбыз. Себебі ешкі терісінің ортасына жапсырылған қорғасын болған соң, жеңіл аяқ киім шыдас бермейтін. Қазіргі балалар оны мүлдем ойнамайды. Тіпті атауында білмейтін сияқты.Сол үшін өзге де ұлттық ойындарымыз секілді, ләңгіні де қайта жаңғырту керек. Бұрынғының ата-аналары ойын баласын үйге кіргізе алмай әлекке түсуші еді. Бүгінде керісінше, оларды далаға ойнауға шығара алмай әлек, – дейді Қуаныш Досхожаев.
Ләңгі қазаққа етене жақын ежелгі ойын. Көкпар, асық сынды ұлттық ойындарымыздың қатарында тұр десек те болады. Оны қайта сол қатарға қосып, қазақ бүгінгінің ойын баласына ұсынсақ, ұлттық мәдениетіміз байып, ауқымы кеңейеді.
– Бүгінде балалар арасында бір орында табжылмай отыру, жалпы қозғалыс өте аз. Алыстан көру қабілеті де кемшін. Компьютер немесе смартфонға телміріп, бірнеше сағат отырып алады. Оны өз пайдасына пайдаланса игі ғой, тіпті компьютер клубтарын аралап, бір-бірімен жарысады. Расында адам баласы бос уақыты болмашы нәрсеге жұмсамауы керек. Компьютерге ұзақ және негізсіз отыру көз көру мен омыртқа ауруына алып келеді. Сол себептен болар, қазір көзілдірікке тәуелділердің қатары көбейіп барады. Дене қимылын көп қажет ететін ойынның бәрінің өсіп келе жатқан бала ағзасына пайдасы көп. Ләңгі сол пайдалы ойындар қатарына жатады. Оны жанына серік еткен баланың дені сау болары сөзсіз, – дейді Данияр Шайксламов.
Серік ӘЛИҰЛЫ
13 тамыз 2022 ж. 3 013 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031