Ұлылықтың басында ұстаз тұрар
Ұстазым Дауылбай Бахиұлы туралы бір үзік сырымды қалың оқырманға жеткізуді парыз санап, қолыма қалам алған жайым бар. Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылындағы №24 Үрмаш Түктібаев атындағы мектептің қасиетті табалдырығынан қаншама ұрпақ аттап, мерейлі мұғалімнің берген ілімімен өмірге жолдама алды. Өткенге көз жіберсек, қазіргі ортада жүрген қарттарымыз бен өмірден өткен ұстаздарымыз осы қара шаңырақтың іргесін қалап, керегесін кеңейтуге қосқан қайраты мен елеулі еңбектері зор, шоқтығы биік жандар болатын. Шәкірттер жүрегінде мектебімізге деген ыстық ықылас пен ұстаздарымыздың аялы алақаны мен жылы табы өмірімізге серік болып келеді. Ұстаздықты өмірінің мұраты еткен мұғалімдер де адами бақыттарының бір бөлшегін шәкірттерінен тапқаны анық.
Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің: «Жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені, ол – мектептің жүрегі» деген сөзі арада қанша ғасыр өтсе де мағынасы мен құндылығын жойған жоқ. Әр адамның өмірінде өшпестей із қалдыратын ардақты ұстаздары болады. Шәкірттері соларға қарап өседі, ұқсауға тырысады. Өмірде қол жеткізген жетістіктерін сол ұстаздарының тұрғысынан өлшеп, бағалап отырады. Ол тек бір пәннен ғана сабақ беріп, біліміңді толықтырған адам емес. Шәкірттерін тәрбиелеп, ақыл-парасатымен, білімімен, адами қасиетімен үлгі бола білген жан.
Дауылбай Қапар шәкірттерінің сүйікті ұстазы, шоқтығы биік, теңдесі жоқ ақылшысы. Мәпелеп өсірген бастауыш сыныптағы жетекшіміз Гүлшара Оспановамен және бастауыш сыныппен қоштасып «енді бізге қандай мұғалім кездеседі?» деген көкейімізде балаң ой мен уайым болғаны рас. Әдеттегідей жаңа оқу жылы басталып сынып жетекшіміз дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дауылбай ағаймен таныстырды. Жастық жалынымен көзінен ұшқын атқан жетекшіміздің екінші шәкірттері екенбіз. Барлығымызбен танысқан соң ең алғашқы сабағы тәрбие сағатымен ұласты. «Нан құдіреті» туралы әңгімелеп, қазақтың ырымдары мен тыйымдарынан мысал келтіріп, мақал-мәтелмен әңгімесінің әрін кіргізді. Осылай үреймен отырған шәкірттерін бірден өзіне баурап алды. Ең алғаш қай шаңыраққа кірсең де, басыңдағы бас киіміңді қолыңа алып кіру керек. Неге? деген сұрақ көкейлеріңде отырған болар деген ағайымыз: «сенің сол шаңыраққа дос пейілмен келгенің және сыйластығыңды білдіреді» деген сөздері арада қаншама жылдар өтсе де әлі есімнен шықпапты. Нанды екі қолмен үзіп, дастарқан басына тізе бүгіп отыру қажет. Ол дастарқанға, нанға деген құрметің» деп тәрбиенің тал бесіктен бастау алуы да жасөспірімдік санамызға сіңіп, жадымызда сақталып қалды. Әрине ол кезде Ұстаз мәртебесін биік қойып, мұғалімнің аузынан шыққан әрбір сөз шәкірт үшін үлкен заң болатын.
«Болар елдің баласы бірін бірі батыр дер» дегендей, ағайымыз әрқашан ер балалардың рухын көтеріп «Ерлерім!» деп атайтын. Қыз балалардың көзінше олардың еңсесін түсірмей, бұзықтық жасап немесе басқалай қолайсыздықтары орын алса, «спорт залға келерсің» дейтін. Соның өзі олардың бойына өздерін ер азамат ретінде қалыптасуына, сағын сындырмай оңашада тәрбиелеуі де көрегендігі болар деп ойлаймын. Бала болсақ та ағайдан үйренгеніміз көп болды. Жан-жақтылығымен ер балалармен қатар қыздарды да тәрбиеледі. Мектепте шахмат үйірмесін ашып , шахмат деген «терең ойдың» ойыны екенін үйретті. Аудандық олимпиадаларға қатысуға жол ашты. Ағайымыз қашанда кісілік қалпынан айнымай, біреулерге қиянат жасамай, адамдық абыройының биік ұстануы да осының бір дәлелі.
Дауылбай ағай мамандық таңдаумен қатар жар таңдаудан да қателеспеген. Жұбайы Гүлдәрі Кенжебайқызымен отбасылық шаңырақ құрып, өнегелі ұрпақ өсірудің өзгелерге ұсынар үлгісі іспеттес. Адал жары ұстаз әрі әріптес, жанына жалау болар ақылшысы Гүлдәрі Кенжебайқызы да шәкірт жүрегіне дән сеуіп, адамгершілігімен ел-жұртқа сыйлы.
Дауылбай Бахиұлы жақсы қасиеттерімен шәкірттерінің жүрегінен орын алған. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген бар. Талапты баланың белін буып, қанатын кеңге жайғызып, шығармашылыққа баулыды. Шәкірттері түрлі спорттық жарыстарға қатысып, аудандық, облыстық турнирлердің жеңімпазы атанды. Салауаттылық өмір салтын ұстанған ұстазымыз өзінен де, өзгеден де салауаттылықты талап етіп, тәрбие жұмыстарын жан-жақты жүргізді.
Дауылбай ағайдың мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаруы КСРО ның тарап, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған уақытымен тұспа тұс келді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезіндегі экономикалық дағдарыс елге қиындық туғызды. Бекарыстан би ауылындағы жағдайы да мәз емес еді. Электр энергиясының сөнуі, көмірдің таусылуы мектептің қалыпты жұмыс жасауына өте қатты кедергі келтірді. Осы тұста мектептің жылыту жұмыстарының басында болып, мектептің жабылып қалмауы үшін ықпал етті. Сол тұста ауыл көлемінде балабақша, ән әуез мектебі жабылып совхоз тарады. Ауыл әкімшілігінің жұмысы төмендеп, ауылдағы мәдениет үйі жабық мекеме болды. Сонда ағайымыздың басшылығымен мектеп жалғыз мәдени ошаққа айналды. Балаларды қазақтың салт-дәстүрінде тәрбиелеу мақсатында «Қыз сыны» және «Жігіт сұлтаны» байқауы, отбасылық дәстүрді қалыптастыруға арналған «Сырласайық жеңеше» балаларды өнерге бағыттауға арналған «Әнші балапан» байқауы, «Тамаша», «Көңілді тапқырлар» клубы ойын-сауықтары, мерекелерге арналған салтанатты жиындар мен кештер, халықтың қызықтап көретін бағдарламалары болды. Сол кездегі жыл сайынғы Республика күні, Ұлы Жеңістің 50, 55, 60, 65 жылдығына арналған оқушылардың әскери шерулері, спорттық шаралар тұрақты түрде өткізілді. Мектеп ауыл халқы мен балалардың жалғыз көңіл көтеретін орнына айналды. Дауылбай Бахиұлы шәкірттерді заман талабына сай тәрбиелеу қажеттігін басты мақсат тұтқан, тыныс-тіршілігін алаңсыз ұстаздыққа, бала тәрбиесіне арнаған. Ұлы ойшыл Әл-Фараби айтқандай: «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар...» деген. Үлкен құрметке ие болып, ортамызда сый-құрметке бөленіп, ұрпағыңызбен мың жасауға жазсын.
Эльмира ШӘМЕТ