Мұраты ізгі ұстаз
Шыр етіп, жарық дүниеге келген адам баласының ізгі мұраты – өмірден өз орнын тауып, елінің өркендеуіне үлесін қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдырар тұлға атану. Ынтымақтың іргетасын берік қалаған әрбір елдің болашағы – өсіп келе жатқан жауқазын жас ұрпағы. Өз ұлтының ертеңін ойлаған әрбір елдің алдына қойған асқақ мұраты сол ұрпағын саналы да білімді, салауатты тұлға етіп дайындау болып табылады. Өйткені, адамзат есті ұрпағымен ғана мәңгі жасайды.
Ұстаз!.. Осынау есімнің әрбір адамның жүрегінен өшпес орын алары даусыз. Адамзат баласының өмірден өз орнын тауып, белгілі бір мамандық иегері атанып, дүниенің кетігіне бір кірпіш болып қалануы жолындағы ең алғашқы баспалдағы ұстаз еңбегінен бастау алады. Бүгінгі мақаламды сондай бір қадірлі жанға арнамақпын. Ол ауданымыздағы іргелі білім шаңырағы Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектептің бастауыш сынып мұғалімі – Бақыткүл Темірова.
Табандылықты, ізденушілікті, үлкен жауапкершілікті талап ететін ұлы кәсіп саласында абыройлы еңбек етіп жүрген тәжірибелі ұстаз есімі көпшілікке жақсы таныс. Аудандық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» байқауының жеңімпазы атанған шығармашыл ұстаз әр жыл сайын түрлі кәсіби байқаулар мен додалы сайыстарда талай асуларды бағындырып келеді. Пәндік олимпиадалар мен облыстық, республикалық білім сайыстарында шәкірттерінің жүлдемен оралып, мектеп ұжымының мерейін асқақтатуы – өз кәсібін шын сүйген ұстаз еңбегінің жемісі.
Соңғы жылдарда білім саласына енгізілген жаңартылған білім беру жүйесі бойынша озық жұмысымен танылған Бақыткүлдің іс-тәжірибесі аудандық, облыстық семинарларда насихатталуымен қатар шығармашылық сабақтары мен авторлық жұмыстары әдістемелік құрал ретінде республикалық басылым беттерінде жарияланып жүр. Өнегелі ұстаздың шәкірттерінің қаламынан туған төл туындылары да отандық балалар журналының беттерінде айшықты орын алып келеді.
Жақсы ұстаз – бала жанының бағбаны. Алтын ұя мектебінде күн сайын жылы жымиысымен қарсы алатын мейірімді ұстазын шәкірттері өз анасындай жақсы көреді. Біздер сынып оқушыларының ата-аналары перзентіміздің осындай мұғалімнен дәріс алып жүргенін мақтан етеміз. Ұстаздық қызметімен қатар өнерді серік еткен өнегелі ұстазға деген ықылас-құрметіміз ерекше.
Ұстаз – ұрпақ тәрбиелеп өсіруші қоғам сенген өкіл. Кемел көкжиекті бетке алған тәуелсіз мемлекетіміздің өскелең ұрпағын тәрбиелеу жолында әрбір балғынның жүрегіне жол таба білген абзал ұстазды алдағы төл мерекесімен құттықтап, шығармашылығына мол табыс және еңбегіне жеміс тілейміз.
Таңшолпан ФАЙЗРАХМАН,
Әйтеке би кентінің тұрғыны