Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Садақа сауда емес

Садақа сауда емес

Қазір әлем желіде қайырымдылық үшін халықтан қаражат жинау әдетке айналды. Жетім мен жесірін жылатпаған қазақ үшін бұл құптарлық іс. Бірақ сауапты істі бизнеске айналдырып, қайырымдылықты қарақан басының қамы үшін жасайтындардың бары қынжылтады.

Негізі заң бойынша қайырымдылық жасаушыларға есеп беру міндеттелмейді. Тіпті процент алып, пайда көріп жатқандарға да тыйым салынбаған. Бұл сауапты іс жасаймын дегендердің ар-ұятына келіп тіреледі. Заңгер Болатбек Ержанның сөзінше, кез келген адамның қайырымдылық жасауына рұқсат етілген. Сол себепті сауапты іске деп ақша жинағын ашқандар мен аударым үшін жеке есепшотын пайдаланғандардың артынан шам алып жүрген құзырлы орынды көрмейсің. Содан кейін бе, соңғы уақытта желіде «жақсылық» жасаушылар мен қайырымдылық қылуға «құмартатындар» саңырауқұлақтай қаптады. Салдарынан мұқтаж жандардың материалдық және қаржылық жағдайын қажетіне пайдаланып, үстінен проценттік үлесін алатындардың әрекетіне тосқауыл жоқ. Өйткені біздегі заң қайырымдылық жасаушыларға мұқтаж адаммен ауызша және жазбаша келісім жасауды өз ұятына қалдырады.

Бизнес пе, батырлық па?
Блогер Батыржан Ибрагим «Қайырымды ісім үшін қанша процент алатынымды сұраған талай мұқтаж адамдар болды» деп отыр. Сөйтсе, өзі секілді әлеуметтік желідегі блогерлер мен танымал тұлғалар сауапты ісінің сыбағасын сұрайтын көрінеді.
– Мен секілді қайырымдылықпен айналысып жүрген адамдар мұқтаж адамдарға шығып, «жақсылығы» үшін үстеме процентін алуға алдын ала келісіп алады екен. Мысалы, мұқтаж жанға 1 миллион теңге жинап берсе, соның 100 мыңын өзіне алып қалады. Не болмаса, жарнамасын жасап бергені үшін мұқтаж жанның өзінен 50 немесе 100 мың теңге алады. Бұл қайырымдылық емес, кәдімгі бизнестің бір түрі, – дейді Батыржан Ибрагим.
Сонымен бірге ол сауапты іс жасау құжат жүзінде іске асқаны дұрыс екенін айтады. Ал ауызша келісім алып, ақша жинап беру дегеннің артында үлкен дау туындауы мүмкін. Сол үшін блогер мұқтаж жанның өзінен немесе қамқоршы туған-туыстарынан жазбаша түрде рұқсат алатынын жеткізді.
– Қаржы жинамас бұрын көмекке мұқтаж адамның заңды өкілінен жазбаша куәлік аламын. Олар ақша жинауға, фото-бейнесуреттерін қолдануға рұқсат беретіндерін жазбаша көрсетіп бергенде ғана іске көшеміз. Бірақ ауызша келісіп алу, не болмаса үстемені талап ету дұрыс емес, – дейді Батыржан Ибрагим.

Судың да сұрауы бар
Блогер айтқандай, сұрауы бар ақшаны сауапты іске жұмсамайтын, проценттен пайда көруді ғана ойлайтындардың өзі опық жеуі мүмкін. Себебі алдағы уақытта қайырымдылықпен айналысатындар мұқтаж адаммен үшжақты келісімшарт жасауға міндеттеледі. Келісімшартсыз жиналған қаражат заңсыз болып есептелмек. Яғни жаңа заң бойынша қайырымдылық мақсатында халықтан қаражат жинайтын блогерлер алдын ала көмекке мұқтаж кісімен немесе ұйыммен келісімшартқа қол қоюы тиіс. Бұл туралы жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет айтқан еді. Оның айтуынша, блогерлер заңға бағынбай, келісімшарт жасамай, қайырымдылық іс үшін деп халықтан ақша жинаса – алаяқтық әрекет болып есептеледі.
– Екіжақты келісімге келу қайырымдылық жасау кезінде түсініспеушілік, дау-дамай туындаған жағдайда мәселені заңмен реттеу үшін енгізіліп отыр. Келісімге келсе қайырымдылық үшін жиналған қаржыға қатысты ешқандай артық сұрақ туындамайды, – дейді ол.
Себебі қазір қайырымдылықтың атын жамылып, қара басының қамын күйттегендер көбейіпті. Мысалы, блогер мұқтаж адамға қайырымдылық жасау үшін 7 миллион теңге қаржы жинап беруге келіседі. Бірақ қайырымды жандардан 15 миллион теңге жиналады. Өз кезегінде блогер көмекке мұқтаж жанға қажетті 7 миллион теңгені ғана беріп, қалған соманы өз қалтасына салады екен.
Елімізде бүгінге дейін блогерлердің халықтан қайырымдылық үшін қаржы жинау мәселесі назардан тыс қалған. Ендігі жерде блогер қандай да бір қайырымдылық қордың атынан жақсылық жасамақ болса, онда сол ұйым мен блогер арасында келісім жасалуы тиіс. Ал егер блогер өздігінен қайырымдылықпен айналысса, онда көмек көрсететін адаммен келісімнің болуы міндетті.

Қомақты қаржы бәске тігілген
«Dauletten» қайырымдылық қоры­ның басшысы әрі блогер Дәулет Төлеутайұлы «кейбір адамдар «қайырымдылық жасаймыз» деп алады да, елге дұрыс есебін бермейді. Қайырымдылықты кәсіптің көзіне айналдырып алғандардың бары рас» дейді. Оның айтуынша, оқырмандардың көптігі арқылы пайда тапқысы келетіндер де ақша жинағын ашып, сауапты істі табыс көзіне айналдырған. Тіпті кейбір блогерлер халықтың сеніміне кіріп, түрлі алаяқтық әрекеттерге де барады екен.
– Мысалы, бізге де оқырмандардан түрлі хаттар келіп жатады. Жақында бір кісі жылап хабарласты. Сөйтсе, бір блогер қайырымдылық жасаймын деп, ақша жинағын ашқан. Соңында жиналған ақшаны спорт ойындары жарысына бәске тігіп жібереді. Жиналған ақша ауырған балаға мүлдем аударылмай қалған. Ата-анасы шыр-пыр болып хабарласатын ондай оқиғалар өте көп. Ондай кезде біздің қолымыздан бар келетіні – жылаған жанды жұбатып, ақыл-кеңесімізді айту ғана. Ол кісіге де полицияға жүгіну керек екенін айтып бағыт-бағдар бергенім бар. Бірақ қолданыстағы заң әлсіз болған соң, «қайырымдылық» жасайтындардың іс-әрекеті бақыланбайды, – дейді ол.
Сондықтан жаңа заң кеш болса да күшіне енгелі жатқаны қуантатынын айтқан блогер «Біз бұрыннан бері осы мәселені көтеріп келеміз. Қайырымдылыққа жиналатын қаражат жеке реквизиттерге емес, заңды түрде ашылған қорға аударылғаны дұрыс. Жаңа заң «ауырдың асты, жеңілдің үсті» арқылы мұқтаж жандардың арқасында табыс тапқысы келгендерге тұсау болады. Жеке адамдардың «жақсылығы» үшін жауапкершілікті арттыруға себеп» деп отыр дейді Дәулет.
Блогердің сөзінше, қазір келісімшарт жасау да көп уақытты алмайды. Бұл құжат мұқтаж жандардың құқығын қорғап, сауапты істің соңы сөзбұйдаға салынбауына кепілдік болуы тиіс.
– Сол үшін үшжақты келісімді құптаймын. Біздің қор 2 жарым жыл бұрын мемлекеттік тіркеуден өтіп, заңды түрде ашылған. Қорымыз заңды реквизиттермен жұмыс істейді. Қайырымды іспен айналысатын еріктілер мен танымал жандар біздің қормен келісімшартқа отырып, сауапты істерін істеуге қарсылық жоқ. Керісінше «жақсылық жасаймын» деген жандарды қолдамасақ, қашпайтынымыз рас. Бастысы, заңды әрекет ету керек, – дейді Дәулет Төлеутайұлы.
Бұл өзгеріс алақан жайып, мұңын шаққан жандарға ғана емес, құзырлы орындарға қайырымдылық қор ретінде тіркеліп, заң аясында жұмыс істеп жатқандарға да жақсы жаңалық болғалы тұр. Өйткені қолданыстағы құжат бойынша, қайырымдылық қор ретінде тіркелгендер мұқтаждың несібесін жемеуге міндеттеледі. Ендеше мұқтаж жандарға қол ұшын созар қайырымдылық та сауатты жүргізіліп, абзалы сауапты істің сауабын алуға асыққаннан артығы жоқ.
Абзал ЖОЛТЕРЕК


08 қазан 2022 ж. 738 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031