Қазалыда 5 отбасыға пәтердің кілтін табыстады
Қазалыда имандылық пен қайырымдылықты паш ететін Рамазан айы аяқталып, Ораза Айт өткен соң тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға қайырымды жандардың қолдауымен салынған тұрғын үйдің кілті табысталды.
Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге келген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қайырымдылық қазақтың қанына сіңген асыл қасиет екенін атап өтіп, «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының белсенді азаматтарына алғысын айтты. Сондай-ақ, Мұрат Нәлхожаұлы жыл басынан бері аудан көлемінде де түрлі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып, көмек көрсетіліп жатқанын да тілге тиек етті.
– Біз ертеден-ақ көмекке мұқтаж адамға қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасаған, жетімі мен жесірін жылатпаған халықпыз. Қазір де ата-баба дәстүрінен танбай, аудан көлеміндегі тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ел-халық тарапынан қайырымдылық көмектер көрсетіліп келеді. Мәселен, ауданда жыл басынан бері тұрмыстық жағдайы төмен 2300-ге жуық отбасыға 6 млн 873,2 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Сондай-ақ, жанашыр жандардың қолдауымен бірқатар жанұяларға азық-түлік пен киім-кешектер алып берілді, – деді аудан басшысы.
Ал, Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек Ұласқан қиналғандарға қол ұшын созып, жанашырлық танытқан қайырымды қазалылықтарға ризашылығын білдірді.
Мұнан соң жаңа салынған тұрғын үйдің кілттері тұрғындарға салтанатты түрде табыс етіліп, бірқатар қайырымды жандар «Жанқожа батыр» атындағы орталық мешіт пен «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Салтанатты шара аяқталған соң құрметті қонақтар үйлерді аралап көрді. Бұл жерде «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының төрағасы Сәбит Аралбаев алдағы жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, бес отбасыға арналып салынған тұрғын үйдің құрылысын ауданымыздағы «Жанқожа батыр» атындағы мешіттің жамағаттары құрған «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қоры жүргізді. Қайырымдылық қорға «Жанқожа батыр» орталық мешіті жамағатымен қатар, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары, аудан кәсіпкерлері қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған. Қорға жиналған 10 млн теңгеге жуық қаржының есебінен аудан орталығы – Әйтеке би кентінен жалпы көлемі 1000 шаршы метр жер учаскесінен 5 отбасыға арналып тұрғын үй салынды. Бірнеше айға созылған құрылысқа көптеген азаматтар көмектесті. Тұрғын үйге электр энергиясы, ауыз су, ыстық су, газ және кәріз жүйелері жүргізіліп, қажеттіліктердің барлығы жасалған.
syrboyi.kz