Жеті өлікке жан берген
Туған өлкеміз Қазалының сай-сайын жағалап, кез келген жерін шарласаңыз өткеннен қалған тарихи жәдігерлерге кезігесіз. Біздің аудан бойынша небір батыр, сұлтан-билер өмір сүрген киелі мекенде осы күні 102 ғасырдан ғасыр жойылмай сақталған ескерткіш мемлекеттің қамқорлығына алынған. Олардың қатарын 2000 жылы Әйтеке би кенті мен Алтай бекетінің трассасы бойында тұрғызылған Мүсірәлі Сопы Әзиз ескерткіш-кесенесі толықтырған.
Мүсірәлі қожа ислам ілімінің білгірі және ел аузындағы аңыз бойынша жеті өлікке жан берген әулие. Ол 1639 жылы қазіргі Қызылорда облысының Қызылқұм беткейінде дүниеге келген.
1680 жылы Күлтөбеде Тәуке хан болып сайланғаннан кейін кең-байтақ қазақ жерінде мемлекеттікті, хандықты қалыптастыру, нығайту мақсатында бас уәзір міндетіне пір сайлау сынағынан мүдірмей өтеді. Осыдан соң 40 жылға жуық Тәукеден Абылайға дейін пір-бас уәзір болған. Деректерге сүйенсек, Сопы Әзиз көзінің тірісінде Тәукенің иманын үйіріп, жаназасын шығарған. Содан кейін өз қолымен Қожа Ахмет Әулиенің кесенесіне жерлеген.
Мүсірәлінің жеті өлікке жан бергені жайлы атадан балаға тараған халық аузындағы әңгімелердің желісі бойынша Түркістандағы медреседе ілім алып жүрген Мүсірәліні әкесі Жәдік елге алып келе жатқанда түс қайта қорым басында жиналған топ адамды көреді. Олар денесі аққа оралған мәйітті жерлейін деп жатыр екен. Сұрастырса, жерленетін адам ертеңгісін қайтыс болған. Ол кезде қазақ халқының арасында өліктің денесі суымай, молдалардың айтуымен шариғаттың тәртібі солай деп жерлейді екен. Мүсірәлі шәкірт сол маңайда тұрғандардың «мына бала қайтеді, әй!» дегеніне қарамай, кеудесіне қолын салса, мүрде әлі ыстық күйінде тұрған. Мұны байқаған баба «Бисмиллаһир рахманир рахим» деп қолымен денесін сипап өткенде өлікке жан бітеді. Жиналғандар баланың кереметіне таңқалып, ризашылығын білдіреді. Осылайша қуанған қауым жерлеуге әкелген денені тірілтіп алып қайтыпты. Ұрпақтан ұрпаққа өткен әңгімедегі жеті өлікке жан берген халық құрметтеген әулиенің кереметі осылай басталады.
Тағы бірде Мүсірәлінің 11 жасқа толған кезі елге келген соң біраз уақыттан кейін ауыл сыртында балалармен ойнап жүргенінде шулап жылаған дауыс естіледі. Оның мәнісін сұрағанда естиярлау бір бала:
– Осы ауылда бір жесір кемпір тұратын. Соның бойжеткен қызы науқастанып, көптен бері төсек тартып жатқан еді. Бүгін қайтыс болыпты. Соған жылап жатқаны ғой, – дейді.
Сонда Мүсірәлі дереу ойынды қойып, ауылдағы өлік жатқан үйге кіреді. Ши тұтып орап, қыз денесін үйдің оң жағына шығарып қойған екен. Мүсірәлі жиналған үлкендерден мәйітті көруге рұқсат сұрайды. Бірі: «Көрсін!» десе, екіншілері: «Бала шошынады, көрмесін!» деп біраз шуласып, ақыры көруге рұқсат етіледі. Шиді ашып, мәйіт жанына келген Мүсірәлі «Бисмилласын» айтып, медреседе имам берген аса таяғымен өліктің басынан аяғына дейін сипап өткенде қызға жан бітіп, көп азап берген ауруынан айығып қатарға қосылады.
Келесі жолы әруақты Мүсірәлі ел аралап жүргенінде кездейсоқ бір қаралы үйге тап болады. Сол үйдің бес бірдей баласы жұқпалы індеттен көз жұмған. Ата-анасы мен жақындары аза тұтып отыр екен. Мүсірәлі дұға оқып, өліктердің кеуделерінен олай бір сипап, былай бір сипағанда, бес боздақ бірінен соң біріне жан еніп тірілген деседі. Кейін қатарға қосылып, ер жеткен. Осыдан соң бір үлкен кісі, бір қыз, бес баланы тірілткен сопы әзиз халық арасында «Жеті өлікке жан берген» әулие атаныпты.
Мүсірәлі Жәдікұлы 1721 жылы 82 жасында бақилық болған. Қазақ даласына ислам дiнiнiң кең тарауына, ел бiрлiгiнiң сақталып, салауатты ұрпақтың қалыптасуына бар ғұмырын арнады. Әз Тәуке ханға дін басы, кеңесші болып, үш жүздің пірі атанған. Әруақты Мүсірәлі абыз дүние салғаннан кейін қазақта пір сайланбаған.
Мүсірәлі әулие ескерткіш белгісі ескі мұсылман зиратына қойылған. Әйтеке би кентінен солтүстікке қарай 4 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның құрылысына темір бетон мен кірпіш пайдаланылған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА