Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті өлікке жан берген

Жеті өлікке жан берген

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Сол секілді қазалы ауданының халқының жадына сақталған бірегей тұлғалардың бірі – Мүсірәлі Жәдікұлы. Ел оны «Үш жүзге пір болған, жеті өлікке жан берген Сопы Әзиз Мүсірәлі Қожа» деп атайды.

Мүсірәлі қожа 1639 жылы дүниеге келіп, 1721 жылы 82 жасында өмірден өткен. Қазақ халқына бас әзірет болған Мүсірәлі қожа халықтан түскен садақаны, байлардың Алланың жолына арнаған арнаулы қаражатын, малын жұмсап, ел ішінде балаларды оқытатын көшпелі мектеп, мешіт аштырып, жас ұрпақтың сауатын, дүниетанымын көтеруге көп еңбек сіңірді. Тіпті, ол ер балалармен тең дәрежеде қыз балалардың да мектеп-мешітте оқуына рұқсат беріп, құран сауатын ашуға да мүмкіндік жасайды.

Осы ретте Мүсірәлі сопының жеті өлікке жан бергені жайлы халық аузындағы әңгімелерді айта кеткен орынды болар. Түркістандағы медреседе оқып жатырған шәкірт Мүсірәліні әкесі Жәдік еліне алып қайтып келе жатырғанда түс қайта бір қорымның басындағы жиынды көріп тоқтаса, олар бір өлікті жерлейін деп жатыр екен. Бұлар сұрастырса, жерленетін адам ертеңгісін қайтыс болыпты. Ол кезде қазақ халқының арасында өліктің денесі суымай, молдалардың шариғаттың бұйрығы солай деген тәртіппен жерленетін көрінеді. Мүсірәлі шәкірт сол маңайда тұрғандардың «мына бала қайтеді, әй!» дегеніне қарамай, кеудесіне қолын салып көрсе суый қоймапты. Мүсірәлі «Бисмиллаһир рахманир-рахим» деп қолымен денесін сипап өткенде, өлікке жан бітіп, тіріліпті. Жиналғандар баланың кереметіне таң қалып, ризашылығын білдіріп, жерлеуге әкелген өлікті тірілтіп алып қайтыпты. Жеті өлікке жан берген Мүсірәлінің кереметі осылай басталған.

Елге келген соң, біраз уақыттан кейін, ауыл сыртында балалармен ойнап жүргенде, ауылдан шулап жылаған дауыс естіледі. Оның мәнісін сұрағанда естиярлау бір бала:
– Осы ауылда бір жесір кемпір тұратын. Соның бойжеткен қызы көптен науқас еді, бүгін қайтыс болыпты. Соған жылап жатқаны ғой, – дейді. Мүсірәлі ойынды қойып, ауылға келіп, өлік жатқан үйге кіреді. Ши тұтып орап, мәйітті үйдің оң жағына шығарып қойған екен.
Мүсірәлі жиналған үлкендерден мәйітті көруге рұқсат сұрайды. Бірі: «Көрсін!» – деп, бірі: «Бала шошынады, көрмесін!» – деп біраз шуласып, ақыры көруге рұқсат етіледі. Шиді ашып, мәйіт жанына келген Мүсірәлі Бисмилласын айтып, медреседе имам берген аса таяғымен өліктің басынан аяғына дейін сипап өткенде қызға жан бітіп, көптен кейін ауруынан айығып, қатарға қосылады. Тағы бірде Мүсірәлі ел аралап жүріп, кездейсоқ бір қаралы үйге тап болады. Сол үйдің бес бірдей баласы жұқпалы індеттен қайтыс болып, ата-анасы, туысқандары аза тұтып отырыпты. Мүсірәлі дұға оқып, өліктердің кеуделерінен олай бір сипап, былай бір сипағанда, бес боздақ бірінен соң біріне жан еніп тіріліп, кейін қатарға қосылыпты. Содан бастап бір үлкен кісі, бір қыз, бес баланы тірілткен Мүсірәлі «Жеті өлікке жан берген» әулие атаныпты.

Әулие атаның кереметі мұнымен ғана шектелмей, оның көріпкелділігі, пірадарлығы да баршылық. Хан кеңесінде өткен пір сайлау сынағына қатысқан ғұлама қожалардың көрегендіктері мен кереметтерінде сынайтын болған. Сондай сынға түскен кеңестің үстінде тылсым күшімен мақтаны үрлеп жандырып, жалындаған оттан жанбай шығыпты. Оның кереметтілігіне билер, жиналған көпшілік қайран қалыпты.

Келесі бір Керізбұлақ деген жерде жиын өтіп, пірдің қасиетін сынамақшы болады. Тоқсан томарды өртеп: «Сен пір болсаң, осы томардың үстіне шығып жайғас, қасиетің бар ма, жоқ па, көрейік», – дейді. Сонда Мүсірәлі жанып жатқан томардың үстіне жайнамазын жайып жіберіп, намазын оқып отыра береді. Томар жанып болған соң, шапанын қағып-қағып, орнынан тұрады. Еш жері бүлінбеген, тек шапанының бір шеті ғана күйіпті. «Бұл қалай күйді?» деп сұраса, «Дәрет сындырғанда тамшысы тиіп кеткен екен ғой» деп жауап берген екен. Содан «Тоқсан түйе томардың үстінде күймеген» депті.

Тағы сынақ үшін сиырдың ішіндегі бұзаудың түрін, түсін, жынысын, қандай күйде жатқанын жиналған көпшілікке бұлжытпай айтып беріп жүретін көрінеді. Осыған орай бірінші болып сөз алған ұлы жүздің ғұламасы Айқожа қарап тұрып: «Бұл сиырдың ішінде түсі қара, жынысы ұрғашы ақ төбелді бұзау жатыр», – дейді. Орта жүздің ғұламасы Шортанбай қожа: «Мына сиырдың ішінде ұрғашы қара бұзау, құйрығы ақ», – дейді. Кезек кіші жүздің ғұламасы Мүсірәліге келеді. Ол: «Сиырдың ішіндегі шындығында ұрғашы қара бұзау, құйрығы ақ, құйрығының ағы бұзаудың басынан маңдайына оралып келіп жатыр» – деп өзінен бұрынғы айтқан ғұламалардың сөздерін растаумен қатар, нақтылап айқындай түседі. Үш ғұламаның үш түрлі жорамал болжам айтқандарына жиналған халық куәгер болады. Осыдан кейін сиырды бауыздап, қарнын жарып қараса, бұзау қара түсті, ұрғашы, ақ құйрықты, құйрығы басында оралған күйі жатыпты. Бұл кіші жүздің ғұламасы Мүсірәлінің айтқаны еді.

Мүсірәлі қожа (Сопы Әзиз) Тәуке хан түздірген «Жеті жарғы» Ата заңға қосымша тең дәрежеде орындап отыратын мұсылманшылық қағидаларын жазып, халыққа таратқан.
2000 жылы осындай әз-әулиенің құрметіне арнап, Әйтеке би кентінің жанындағы Алтай бекетінің маңына баба ұрпақтары, аудан тұрғындары бірлесіп кесене тұрғызған.

Есет ТАБЫНБАЕВ
12 маусым 2019 ж. 2 503 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 72

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 67

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930